«Өзенмұнайгаз» компаниясында сатып алу тәртібінің бұзылғаны анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сонымен қатар, тексеріс барысында орындалмаған жұмыс көлемі белгілі болды

Фото ашық дереккөзден

Жаңаөзенде «ҚазМұнайГаз» арнайы жұмыс тобының «Өзенмұнайгаз» және қаланың мұнай сервис кәсіпорындарының қызметін тексеру бойынша жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазіргі уақытта мамандар бір типті су жылыту қондырғыларын қайта жаңарту кезінде жұмыс құны арасындағы айтарлықтай айырмашылықты анықтады. Мәселен, 3 су жылыту қондырғысын (ВГУ-1 НГДУ-3) қайта жаңартудың жалпы құны қосылған құн салығымен бірге 525 млн 482 мың теңге болған, ал бір ғана қондырғыны (ВГУ-3а-С НГДУ-1) қайта жаңарту құны қосылған құн салығымен бірге 380 миллион теңгеден асып кеткен. Бұл – осыған ұқсас НГДУ-3 қондырғысын жөндеуден 2 есе қымбат. Мұндай үлкен айырмашылықтың себептерін мамандар анықтап жатыр», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ сатып алу қызметін басқару стандартына сәйкес, ӨМГ мен «БерӘлі Маңғыстау Company» ЖШС арасында 2022 жылы жалпы сомасы 2 миллиард 582 миллион 699 мың теңгеге ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстарына келісімшарттар жасалған, жұмыстың жалпы көлемі – 371 ұңғыманы жерасты жөндеу (немесе 30 040,7 бригада-сағат).

«Тексеру барысында ӨМГ Бюджет кодексінің 97-бабының 6-1 тармағын бұзғаны, атап айтқанда жалпы сомасы 26 миллион 951 мың теңгеге тең, жұмыс уақыты 300 сағатқа артық көрсетілген орындалған жұмыс актілерін қабылдағаны анықталды. Сонымен қатар орындалмаған жұмыс көлемі белгілі болды. Себептері нақтыланып жатыр», - делінген хабарламада.