Соғыс ағамды да, арманымды да өлтірді - ардагер Василий Сердюков

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Соғыс ардагері Василий Сердюков балалық шағы бірге өткен ағасының мәйітін қан майдандағы әскери көліктің артынан тапқан

«Ұшқыш боламыз» деп талпынған екі бозбала Минск, Варшава қалаларын азат етуге бірге қатысқан еді, деп жазады Azattyq Ruhy.

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, «Ерлігі үшін» медаль алған Василий Сердюков қазір әйелімен бірге Астанада бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Өзі 1926 жылы Ақмола облысында туған. Ғасырға жуық уақыт жасап келе жатқан ол әлі де тың көрінеді. «Өйткені, салауатты өмір салтын ұстанып келемін», - дейді ардагер. Ал, қанды соғысқа шақырылған кезде Василий қария он жетіге толмаған бала еді.

«...1943 жылды еске алсам, алдыма бақытты балалық шағым оралады. Ағам екеуміз мектепке бірге баратынбыз, 10-сыныпта оқитын едік. Біздің арманымыз – мектепті тәмамдаған соң, авиация училищесіне оқуға түсіп, ұшқыш атану еді. Екеуміз де көк аспанда қалықтап, биікке ұшқымыз келетін...»-дейді көзіне жас алған Василий Сердюков.

Алайда, ағайынды жігіттің бұл арманын соғыс ұрлаған. Мектеппен қоштасамыз деп отырған олар қазіргі Шортанды ауданының әскери әскери комиссариатынан шақырту алады.

«Ағам екеуміз тоғызыншы сыныпты аяқтағанда, көлік жүргізу куәлігін алған едік. Сондықтан, бізді Саратов облысындағы көлік полкіне жіберді. Сол жэерде оқу-жаттығудан өтіп болған соң, екеумізді Беларусь артиллериялық әскери бөлімнің 26-шы ауыр минометшілер бригадасына жіберді», - деді майдандағы өмірін еске алған ардагер.

Осылайша, ағайынды жауынгерлер Минск, Варшава қалаларын азат етуге қатысқан. «Ең ауыр шайқас Берлин түбінде, қаладан 75 шақырым жерде болды. Үш күнге жалғасқан сол шайқаста кеңес әскерінің 35 мыңнан астам жауынгері қаза тапқан еді», - дейді ол.

Осы ауыр шайқастан кейін Василий мен оның ағасы екі түрлі шепке бөлінген екен. Ағасын осы сәтте соңғы рет көрген ол оның мәйітін жүк көлігінің артынан табамын деп ойламаған да еді.

«Екі түрлі шепте соғыстық. Бір күні алыстан ағам мініп жүретін әскери көлікті көрдім. Қуанып, жақындадым. Бірақ, оны басқа, танымайтын солдат жүргізіп келеді екен. Менің жаныма тоқтады да атымды атап, «сенің ағаң мерт бооды» деді. Төбемнен жай түскендей, «ағам қайда?» дедім. Әлгі жігіт «көліктің артында жатыр» деді. Қарасам, көліктің артында үш жаралы әскер бар екен. Олардың арғы жағында ағамның мәйіті жатты. Жүргізуші оны «Бауырластар зиратына жерлеу керек» деген тапсырма алыпты», - дейді Василий Сердюков.

Осылайша, соғысқа аттанған кезде арманынан, соғыста жүріп, ағасынан айырылған жауынгер 1945 жылы 2 мамыр күні Рейхстагта жүріп, жеңіс күнін қарсы алған. 1946 жылға дейін Германияда болған ол елге оралып, Астана маңындағы Жолымбет ауылына тұрақтаған. Сол ауылда оншақты жыл еңбек еткен ардагер 1961 жылы бұрынғы Целиноград, қазіргі Астана қаласына түбегейлі қоныс аударып, отбасымен бірге өмір сүріп жатыр. Осыдан 12 жыл бұрын, қол-аяғы әлі тың кезде ағасының зиратына барып, гүл шоқтарын қойып келіпті.

«2011 жылы Берлин маңындағы «Бауырластар зиратына» барып, ағамның басына гүл шоқтарын қойдым. Әлгі жерге үлкен мемориал орнатыпты. Мемориалға орнатылған танк пен минометтердің суреті көзіме оттай басылды, өйткені, дәл сол минометтерді мен жүк көлігіне салып алып, талай тасыған едім...»,-дейді сөзін аяқтаған Василий Сердюков.