Жарыста әлемнің 11 елінен, сондай-ақ Қазақстанның әр облысынан барлығы 150-дей мерген бақ сынайды
Бүгін Атырауда дәстүрлі садақ атудан, ерлер мен әйелдер арасында «Алтын Орда» халықаралық турнирі басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
2 күнге созылатын жарыстың алғашқы күнінде 150-ге жуық қатысушы іріктеуден өтеді. Жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8-ден 10-ға дейін мергендер ПУТА нысанасы бойынша дайындалып, техникалық комиссиядан өтті.
Бүгін түстен кейін мергендер Орта Азия нысанасы бойынша да іріктеуден өтеді. Ал қазақы жамбы атудан қатысушылар ертең іріктеледі. Жүзден жүйрік шыққандар ертеңгі додада бақ сынайды.
Айта кетейік, бұл Атырау өңірінде ғана емес, жалпы елімізде алғаш рет өтіп отырған дүбірлі дода. Нысана қашықтығы да едәуір. Ұйымдастырушылардың мәліметінше 30 метрден 70 метрге дейінгі қашықтықта мергендер сынға түседі.
Қазір өңірде садақ атудан екі спорт шебері болса, 1 адам спорт шеберіне үміткер.