Жаңа екі жүлде, қазақ тілінің тағдыры мен ұлттар татулығы: ҚХА-ның XXXII сессиясындағы маңызды мәселелер

Автор: Azattyq Rýhy

ҚХА кезекті сессиясында Президент Қазақстанның татулығы мен бірлігіне қатысты қауіп-қатерлерге тоқталып, жаңа бастамаларға жол ашты

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXXII сессиясы өтті. Azattyq Ruhy Президенттің маңызды деген тезистеріне қатысты қоғам белсенділері мен депутаттардың пікірін біліп, ойларын тыңдап көрді.

«БІРЛІК КҮНІ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ТОЙЛАНАТЫН МЕРЕКЕ БОЛУЫ ТИІС»

Бейбітшілік және келісім сарайына жиналған қонақтар, соның ішінде әрине, ең алдымен Қазақстандағы әртүрлі этнос ұйымдарының өкілдері, қос палатаның депутаттары, министрлер мен әртүрлі салада еңбек етіп жүрген елге танымал адамдар жақындап келе жатқан Бірлік күнін атап өтуді бастап кетті деуге болады. Өйткені, бір-бірімен жылы амандасып, ізгі тілектерін айтысып жатты, әрбір этнос өкілі өзінің ұлттық киімін киіп келсе де әрқайсысы қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертетін атрибуттарын да ұмытпаған.

Бірлік күні демекші, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі сессияда айтқан маңызды мәлімдемесінің бірі осы – Бірлік күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына қатысты болды.

«Еліміз жақында Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді. Бұл – ырыс-ынтымақты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Қазақстан үшін бұл аса маңызды мереке. Еліміз Бірлік күнін міндетті түрде атап өтуге тиіс. Себебі, қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы керек. Бұл – анық ақиқат.

«Бұл сессия – көктем мезгілінде мемлекеттік деңгейде өтетін ең ауқымды іс-шара», - деді Тоқаев ҚХА сессиясын аша отырып.

Ал «Ассамблея Қазақстанға қажет пе» деген сауалға қатысты өз пікірін айтқан Мемлекет басшысы бұл институттың жұмысы өте маңызды екенін айтып, осы ұйымның әрбір қызметкерін «бейбітшілік елшісіне» теңеді.

«Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек. Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады», - дейді Тоқаев.

БІРЛІКТІ ТУ ЕТКЕН АЗАМАТТАР ЕНДІ МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚ ДЕҢГЕЙІНДЕ МАРАПАТ АЛАДЫ

Тоқаев бұл ретте елдегі бейбітшілікті сақтау қаншалықты маңызды, жауапты әрі қиын жұмыс болса, осы бағытта тер төгіп жүрген азаматтардың марапаты да соншалықты биік дәрежеде болуы керек екенін алға тартты. Сондықтан, Президент Қазақстан Халқы Ассамблеясының екі жүлдесін тағайындап, оны келісім мен бірлік үшін еңбек еткен азаматтарға табыстау керек деген тапсырма берді.

«Еліміздегі келісім мен үйлесімді нығайтуға нақты үлес қосып жүрген азаматтарды жан-жақты ынталандырып отыру керек. Қазақстан Халқы Ассамблеясының екі жүлдесін тағайындауды ұсынамын. Бірінші – журналистика және әдебиет саласындағы үздік жұмыстар үшін. Екіншісі – өнер мен мәдениет саласындағы үздік туындылар үшін. Ең бастысы, бұл жүлделердің жекелеген авторлар үшін де, шығармашылық ұйымдар үшін де қолжетімді болғаны маңызды. онымен қатар, ақшалай сыйлықтың көлемі кемінде мемлекеттік сыйлықтың көлемінен кем болмауы керек», - деді Тоқаев.

Осы ретте Azattyq Ruhy Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, композитор Төлеген Мұхамеджановты сөзге тартып, «Қазақстан Халқы Ассамблеясының жүлдесі өнер адамдарын қалай ынталандыра алады?» деген сұрақ қойды.

«Жалпы, өнер саласында жүрген біздің әрбір отандасымыз қолдан келгенше халқымыздың бірлігі үшін еңбек етуі керек. Олардың жұмысы әрқашан жалғасын табады, ізі қалады, өйткені, адам мен адамның бір-бірімен тіл табысуы дегеніміз – өмірдегі ең маңызды жақсылық қой!? Сондықтан, бұл жүлде өнер саласында жүрген азаматтарға үлкен қолдау болар еді, екіншіден жақсы бір мақсат болады. Яғни, қолынан келгенше еңбектеніп, бірлік тақырыбы арқылы өзін көрсету, сол арқылы халыққа ой салу. Өз басым Президенттің бұл бастамасын өте зор ықыласпен қарсы алдым. Шынында да бұл өте керек жүлделер. Оның үстіне,  сыйлықтың көлемі де мемлекеттік сыйлықтың көлемімен бірдей болсын деді Тоқаев. Сыйлықтың деңгейі мемлекеттік сыйлықтың деңгейімен бірдей болағаны өзі ақша жағынан ғана емес, сыйлықтың дәрежесі жағынан аса маңызды», - деді бізге пікір білдірген ол.

«ҮКІМЕТ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕМЕЙ НӘТИЖЕ БОЛМАЙДЫ»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сессия отырысында көтерген тағы бір өзекті мәселесі – қазақ тіліне қатысты болды. Дәлірек айтсақ, өз сөзінде президент әрбір қазақстандықтың қазақ тілін үйренуі үшін шара қолдануды тапсырды. Солай бола тұра, қазақ тілін әлі меңгермеген өзге ұлт өкілдеріне ешқандай қысым жасалмауы керек екенін де алға тартты.

«Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн. Мемлекеттік тілді оқымаған және тиісті деңгейде меңгермеген азаматтар тіл білмегені үшін қысым көрмеуге тиіс. Сонымен қатар, біздің қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет. Қазақ тіліне сұраныс артқанда ғана ол көпшілік кең қолданатын тіл болады. Түптеп келгенде, бірнеше тіл білу – әр адамның мәдениеттілігінің белгісі. Ал мемлекеттік тілді, әсіресе ана тілін, яғни қазақ тілін білу – қандай да бір азаматтың мәдени өресі, азаматтық жауапкершілігі қаншалықты биік екенін білдіреді. Сондай-ақ қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Жалпы, мемлекеттік тіл төңірегінде оң көзқарас ұстану қажет. Тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды», - дей отыра осы мәселеге қатысты ойын жеткізген Мемлекет басшысы бұл бағытта Қазақстан Халқы Ассамблеясы жұмыс істеу керек деді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаев болса Ассамблея президенттің осы тапсырмасынан кейін әртүрлі ұлт өкілдерінің  қазақ тілін меңгеруінде прогресс болады деген үмітін айтты. 

«Мемлекет басшысы айтып өткендей, мемлекеттік тілді білуі, қазақ тілін білу – Қазақстандағы әрбір азаматтың мемлекетшілдігін, отаншылдығын, өзінің туған жеріне деген патриоттық сезімінің көрсеткішін білдіреді. Сондықтан да алдағы уақытта мемлекеттік тіліміздің өрістеуі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы көшбасшылық қызмет атқаруы керек. Қазір қоғам өзгерді, уақыт өзгерді, талап өзгерді. ҚХА осы мемлекеттік тілімізді Қазақстанда тұрып жатқан этнос өкілдерінің толық меңгеруіне күш салуы керек. Біз мемлекеттік тілді меңгеру арқылы, соған деген құлшынысымызды арттыру арқылы өзіміздің мемлекетшіл, отаншыл қасиеттерімізді арттыра аламыз. Алдағы уақытта Ассамбляның осы бағыттағы жұмысында нәтиже болады деп үміт арттамыз», - дейді Аманжол Әлтаев.

Дегенмен, депутат Қазақстанда үкімет мүшелері, яғни, әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер қазақ тілінде сөйлемей, қатты бір нәтиже болмайды деген пікірін де айтты.

«Парламентте мемлекеттік тілге деген талап күшейіп жатыр. Жиналыстарымыздың 90 пайыздан астамы мемлекеттік тілде өтеді. Парламенттегі өзге ұлт өкілдері, яғни, депутаттар соңғы жылдары баяндамалары мен депутаттық сауалдарын қазақ тілінде дайындайтын болған.  Біз Парламент қабырғасына келген Үкімет мүшелері, министрлер, вице-министрлер, комитет төралағалары  баяндамаларын мейлінше мемлекеттік тілде жасауын талап етеміз. Өйткені, Үкімет қазақша сөйлемей қатты нәтиже болмайды. Мемлекеттік қызметтегі әрбір қазақстандық азамат мемлекеттік тілді үйренуді үлкен қастерлі парыз деп санауы тиіс», - дейді Аманжол Әлтаев.

«МЕН ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АЛДЫНДА АРЫМ ТАЗА БОЛСЫН ДЕП ҮЙРЕНДІМ»

Бейбітшілік және келісім сарайына келген көп қонақтың арасынан танымал қоғам қайраткері, небары үш жасында отбасымен бірге Грузия елінен Қазақстанға жер аударған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ тілінің жанашыры Асылы Османды іздеп, осы мәселеге қатысты ойын сұрадық, мәселенің нүктесін қойып беруді өтіндік.

Асылы Осман Қазақстан Халқы Ассамблеясы Президенттің бұл сөзін тапсырма деп қабылдап, оны орындаса ғана қазақ тілінің өркендеуіне жағдай туады дейді.

«Мен қазақ халқының алдында арым таза болсын, жүзім жарқын болсын деп қазақ тілін үйрендім. Қылыш ету үшін Махамбеттің тілін үйрендім. Ырыс ету үшін Абайдың, Мұхтардың, Ахметтің тілін үйрендім. Маған Құдайға шүкір орны келген кезде қазақ тілі қылыш та болды, ырыс етіп те пайдаланып жатырмын. Қайда барсам да қазақ мені өз перзентіндей көреді. Басымнан сыйпайды, маңдайымнан иіскейді, арқамнан қағады. Одан артық қандай бағыт керек? Көкте Құдай, ал, Құдайдан бір жас кіші халық дейді. Мына байтақ даланың иесі де, киесі де сол қазақ халқы. Сталин жылатқан жұртты жұбатқан қазақ. Сол қазаққа мәңгі қарыздармын», - дейді ол.

Асылы Осман әдеттегідей, ұлтты білу үшін, жан дүниесін ұғу үшін оның тілін білу керек дегенді табандап айтты. Өйткені, тіл – ұлттың жаны, рухының үні, ең құнды дүниесінің алтын қоймасы.

«Бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіл туралы айтқаны - жанымды жанап өткен жоқ, жұдырықтай жүрегіме түнеп қалды. Бірақ, айту бар, оны жүзеге асыру бар. Талапты орындау керек. Менің де мақсатым - қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде өз шыңына шығару. Бұған Ассамблеяның атсалысатын жөні бар. Нәтиже болу үшін – қажеттілік болу керек, талап болу керек, сұраныс болу керек. Мысалы, біз баламызды шетелге оқуға жібереміз делік. Ол бір-ақ жылдың ішінде ең қиын тіл – хинди тілін, болмаса, ең қиын тіл – қытай тілін меңгеріп келеді. Неге? Өйткені, қажет. Сондықтан, Қазақстан Халқы Ассамблеясы талапты орындап, сұранысты арттырып, тілдің қажеттілігін көрсету керек», - деді сөзін түйіндеген Асылы Осман.

Сымбат Молдатай