Ауыз суды арзандату бағытында қандай шаралар атқарылып жатыр
Өткен жылдың қорытындысына сәйкес еліміздегі қалаларда сумен жабдықтау қызметтері 98,4%-ға және ауылды жерлерде 94,5%-ға қолжетімді болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы ҚР Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Пазылбекұлы айтты.
Ведомство өкілі халықты сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етуге байланысты қолға алынған жұмыстар туралы айта келе, алға қойылған міндеттерге де тоқталды.
«Мәселен, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Жетісу, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының қала халқы сумен жабдықтау қызметтерімен 100%-ды қамтылған. Бұл ретте ең төмен деңгей Жамбыл (91,9%), Қостанай (80,4%), Ақмола (89,8%) және Солтүстік Қазақстан облыстарының (85%) қалаларында байқалып отырғанын айта кеткен орынды. Осыған байланысты бұл өңірлерде сумен жабдықтау жұмыстарын қарқындату үшін басым негізде қажетті қаражатты бөлу қарастырылмақ», - деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Ведомство өкілі айтқандай, суды коммерциялық және техникалық мақсатта үнемдеп, апатты әрі инвестициялық шығындарды азайту үшін республикалық бюджет есебінен су арналарын автоматтандыру бойынша жобаларды қаржыландыру жоспарланған. Атап айтқанда, желілердегі судың тұрақты қысымын қамтамасыз ету үшін сорғы стансаларын модельдеп, басқаруға мүмкіндік беретін бүкіл өндірістік процеске байланысты су ресурстарын есепке алудың толық кешенін қамтамасыз ету көзделген. Бұл су құбыры мен мемлекеттік бюджеттен бөлінетін сумен жабдықтау және су бұру жүйесін салып, жаңғыртуға арналған келешектегі шығындарын азайтуға септеседі.
Бұдан бөлек, ол министрліктің ауыз суды арзандатуға бағытталған жұмыстары жөнінде айтып берді.
Айталық, Су кодексіне сәйкес мемлекет маңызды топқа кіретін және дербес жергілікті сумен жабдықтау жүйелері арқылы таратылатын таза су қызметтерінің құнын ішінара субсидиялайды.
Яғни, жергілікті атқарушы органдар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тарифтерге байланысты 1 текше метр ауыз судың бағасын реттейді. Осы арқылы тариф пен төлем мөлшері арасындағы айырмашылықты мемлекет субсидиялайды.
«Алайда елімізде (қажетті есептеу аспаптары болған жағдайда) бір адамға субсидиялаудың нормативтік шектеуі (ҚНжЕ сәйкес тәулігіне 140 литрге дейін) белгіленгенін ескерген жөн. Бұл тіршілік нәріне үнемдеп қарауға бағытталған амал. Демек суды тұтыну көлемі белгіленген нормадан асып кеткен жағдайда кез келген азамат оның ақысын тариф бойынша толық төлеуге тиіс», - деді ведомство өкілі.