2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында құрылыс 12,8%-ға өсті
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл елімізде құрылыс қарқыны ерекше артқан. Нысандардың көптеп салынуы қуантқанмен Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен кейін іштей алаң күйге түсеріміз де анық. Себебі нысанның жылдам бітуімен қатар оның сапасы да соңғы уақыттары өзекті болып отыр. Құрылыстың берік салынуы үшін қандай технологиялар қолданылуы қажет? Ғалымдар бұл мәселеде қандай пікірде? Ал қадағалаушы ведомстволар тарапынан бұл жұмыс қаншалықты бақыланып отыр? Azattyq Ruhy тілшісі мәселені анықтап көрді.
Қазіргі уақытта құрылысы жүріп жатқан нысандардың сапасы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әлем елдерінде, әсіресе ақпан айында Түркияда болған жер сілкінісі кезінде берік көрінген жүздеген ғимараттың қирағаны, 50 мыңнан аса адам өмірінің қиылғаны кімді болмасын үрейге түсіргені анық. Бұл өз кезегінде құрылыс сапасына ерекше көңіл бөлу керек екенін сездіргендей.
ҚАЗАҚСТАНДА ҚҰРЫЛЫС 12,8%-ҒА ӨСТІ
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында құрылыс жұмыстарының көлемі өткен 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға өсіп, 295,4 млрд теңгені құраған.
«Көлемнің ұлғаюы тұрғын емес ғимараттар (35,4%-ға) мен құрылыстарды (5,3%-ға) салу және жөндеу жұмыстарымен байланысты. 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында орындалған құрылыс жұмыстарының түрлері бойынша ең көп үлесті тұрғын емес ғимараттар (24,7%) және тұрғын үйлер (12,5%) алады», - делінген бюро хабарламасында.
Өңірлік тұрғыда республиканың 19 өңірінде құрылыс жұмысы көлемінің ұлғайғаны байқалады.
Ең үлкен өсім:
«Республикадағы құрылыс жұмысының жалпы көлемінің жеке құрылыс ұйымдары – 73,4%, шетелдік – 26,3% және мемлекеттік – 0,3% орындаған», - делінген Ұлттық статистика бюросы таратқан хабарламада.
ЗІЛЗАЛАҒА ТӨЗІМДІ БОЛУ ҮШІН ҚАНАЙ ТЕХНОЛОГИЯ ЕСКЕРІЛУІ ТИІС?
Апат айтып келмейді. Ғалымдардың айтуынша, жойқын зілзала әдетте алдыңғы апаттың зардабы ұмыт болған кезде барып келеді. Бұл сөзімізді
«Қазақстан жобалаушыларының Республикалық одағы» Өзін-өзі реттейтін ұйымы төрағасының орынбасары Мюаш Бисарова да растай түсті. Ол өз сөзінде Алматыда осыдан 100-130 жыл бұрын алапат жер сілкінісі болғанын ескерсек, қазір оның қайталану қаупі әлдеқайда жоғары екенін қозғап өтті. Мюаш Бисарова тұрғын үйлер, ғимараттар жер сілкінісіне шыдамды болуы үшін ескерілуі тиіс технологиялар әрі көбірек көңіл бөлінуі қажет материалдар туралы айтып өтті.
«Тұрғын үйлер мен ғимараттардың жер сілкінісіне шыдамды болуы үшін әрине қолданыстағы нормативтік техникалық құжаттардың талаптары орындалуы міндетті. Мысалы жобаларда тірек конструкцияларын 30 пайызға дейін күшейту, қаттылық өзегі, колонналар мен аражабындар төбеге дейін үзілмеулері керек, жер сілкінісіне қарсы жіктер болуы шарт, т.б.
Құрылманың беріктігі мен орнықтылығын есептегенде қолданыстағы құжаттарда көрсетілген жұмыс жағдайларына байланысты коэффициенттерден басқа қосымша коэффициенттер ескерілуі тиіс. Конструкциялардың түрлеріне (мысалы бетон, болат, тас, ағаш құрылғылар болуына байланысты) қосымша коэффициенттер ҚР ҚЕ 2.03-30-2017 Сейсмикалық аймақтардардағы құрылыс ережелері бойынша анықталуы керек», - дейді маман.
Маман сөз арасында жарылу қаупі бар жерлерге салынатын ғимараттар туралы да мәлімет беріп өтті.
«Жер қыртысының жарылған жерлерінде немесе техтоникалық жарылу қаупі бар жерлерде міндетті түрде арнайы техникалық тапсырма арқылы салынуы қажет.Құрылыс кезінде сапалы отандық материалдарға көбірек көңіл бөлінуі керек. Себебі Қазақстан Республикасының аумағында өндірісі жолға қойылған материалдар жетерлік, ал егер шығарылмайтын материалдар болса міндетті түрде сапа бірінші орында болуы шарт. Арзан, сапасы жағынан төмен материалдар Қытайдан сатып алынады. Осылайша тапсырыс берушілер мен құрылысшылар шығындарын азайту арқылы пайда көреді. Еліміздің Президенті атап өткендей басты назарда бағаның төмен болуы емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы болуы керек», - дейді Мираш Бисарова.
Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков келеңсіз оқиғаларды болдырмас үшін алғашқы кезекте мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мәселесін жетілдіру қажет екенін мәлім етті.
«Соңғы 7-8 жылда бизнес-климатты жақсартып, кәсіпкерлік қызметті реттеу мақсатында мемлекеттік тексеру органдары тарапынан араласу төмендеді. Мемлекеттік комиссиямен объектіні пайдалануға қабылдауды алып тастаған кезде тексерудің өзге де түрі арқылы құрылыс кезеңін бақылауды күшейтті, яғни кез келген уақытта мемлекет өз кезегінде құрылыстың барлық қатысушыларын тексере алды. Бұдан басқа, бүгінгі күнге дейін алынып тасталған тексерудің басқа түрлері де бар. Осыған қоса, бұрын құрылыс ұйымдарына қатысты айыппұл шараларын қолданбай алдын ала бақылау қарастырылған болатын. Сондай-ақ, 2018 жылы Құрылыс-монтаждау жұмысы басталғаны туралы хабарлама алғаннан кейін тексеру жүргізу талабы алынып тасталды. Бұл, тиісті рұқсат беру құжаттары түгел болмаған жағдайда да құрылыс салушыға өз жұмысын еш кедергісіз бастауға мүмкіндік берді», - дейді Бекболат Орынбеков.
УАҚЫТЫЛЫ ТЕКСЕРІЛМЕГЕН НЫСАННАН КЕЛЕР ҚАУІП
Сенатор өз сөзінде кәсіпкерлік Кодекске енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, жоспардан тыс тексеру қорытындылары бойынша кемшіліктерді жою туралы нұсқаманың орындалуын тексеруге де тыйым салынғанын қозғап өтті.
Сол сияқты аталған бақылау әлсіреуінің теріс мысалы ретінде 2021 жылдың маусым айында Павлодар қаласындағы жағдайды тілге тиек етті. Кереку жерінде салынып жатқан төрт қабатты үй құлап, нәтижесінде шетелдік қызметкерлер жарақат алған болатын.
Кешқұрым уақытта болған сол бір жағдайды еске түсіріп көрейік. Inbusiness басылымының мәліметінше 2020 жылдың қазан айында павлодарлық бұл жерді Қарағанды облысының тұрғынынан сатып алып, жерді пайдалану мақсатын өзгерткен. Бұл аумаққа көпқабатты үй салмақ болып, құрылысын жүргізген. Жоспар бойынша, төрт қабатты баспананың әр қабатында үш пәтер, аулада балалардың ойын алаңы, демалыс аумағы болуы тиіс. «Мурза Строй» ЖШС дайындаған жобаны Павлодар қаласының әкімдігі қолдаған. Мердігер компания – «Элит Сервис Плюс» ЖШС 2021 жылдың наурыз айында құрылыс жұмысын бастады. Ал осы жылдың шілде айында, яғни бір айдан соң ол пайдалануға берілуге тиіс еді.
Алайда 17 маусым күні сағат 19:39-да төтенше жағдайлар қызметінің пультіне салынып жатқан үйдің бір жақ қабырғасы құлап түскені туралы хабар түсті. Оқиға орнына жеткен 12 құтқарушы құрылыс алаңында жұмыс істеп жүрген үш адамды құтқарды. Олардың барлығы – Өзбекстан Республикасының азаматтары.
«34 жастағы және 25 жастағы ер адамдардың бас ми сүйегі жарақаттанып, миы шайқалған. Ал 28 жастағы жұмысшының бел омыртқасы сынған. Олардың барлығы №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр», – деп хабарлаған елі Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Сенатордың айтуынша бұл жағдайдың себебі - сапасыз жоба және бұзушылықтармен жүргізілген құрылыс жұмыстары, сондай-ақ техникалық қадағалаудың әлсіздігі.
«Құзырлы орган объектіге уақтылы инспекциялау жұмысын жүргізгенде бұл оқиға болмас па еді, алайда қолданыстағы заңнаманың талаптары құрылыс барысын тексеруді жүзеге асыруды шектеді. Бақылау және қадағалау функцияларын азайту жөніндегі осы шектеулер құрылыс объектісінің сапасына теріс әсер етуіне және елдің игілігі үшін салынатын қауіпсіз объектілер санының күрт төмендеуіне әкелуі мүмкін», - дейді сенатор Бекболат Орынбеков.
Депутат келтірген мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта республика бойынша құрылыс инспекторларының жалпы саны 138 қызметкерді құрайды, ал салынып жатқан объектілердің саны 8 мыңға жуықтады. Яғни, әрбір инспекторға орта есеппен 55-тен астам объект келеді, бұл құрылыстың сапасын қадағалауды әлсіретеді.
«Мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау органы 1994 жылы құрылды, ол кезде инспекторлар саны көрсетілген санға жуық болды. Мысалы, 2019 жылы инспекторлар саны 196 қызметкерді құрады, осылайша, салынып жатқан объектілер мен құрылыс индустриясының өсу қарқынында штат бірліктері санының азаюы байқалады. Сонымен қатар, құрылыстың барлық қатысушыларының, яғни тапсырыс беруші, мердігер, техникалық және авторлық қадағалдаушы өз міндеттерін тиісінше атқармағаны анықталған кезде жауапты тұлғаға айыппұл салу жолымен әкімшілік шара қолданылады және нұсқама беріледі. Алайда, көбінесе нұсқаманың талаптары іс жүзінде орындалмайтын және оларды жою формалды сипатта болатын, атап айтқанда, бұзушылықтарды жою іс жүзінде емес қағаз жүзінде рәсімделетін тәжірибе бар. Нұсқама беру кезінде, оларды 30-дан 60 күнге дейін жою мерзімдері беріледі. Бұл ретте, орган нұсқама мерзімі өткенге дейін қайта тексерулер жүргізуге құқылы емес. Осылайша, бақылау ұзақ уақыт бойы жүзеге асырылмайды. Сонымен қатар, құрылыс жұмысын жүзеге асыратын барлық тұлға өздерінің тікелей міндеттерін орындауға немқұрайлы қараған жағдайда бұзушылықтар үшін тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», - дейді халық қалаулысы.
Жоғарыда аталған барлық шектеулердің зардабы кез-келген құрылыс объектілерін одан әрі пайдалану кезінде адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі ықтимал. Сенатор өз сөзінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау қызметін жетілдіру мақсатында бірқатар ұсынысын жеткізді:
Кодекстің 137-бабы 3-тармағын 3)-тармақшамен және «Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 33-бабы 4-тармағы 3)-тармақшамен келесідей редакцияда толықтыру: «салынып, реконструкцияланып, кеңейтіліп, жаңғыртылып және күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан объектілер мен кешендерге құқықтық статистика және арнайы есепке алу органын хабарлау негізінде бақылаудың өзге де түрін жүргізу арқылы кедергісіз бару және оларда жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаж жұмысын жедел инспекциялауды жүргізу»;
Кәсіпкерлік кодексінің 129 бабының 12 тармағын 9 тармақшамен келесідей редакцияда толықтыру: «мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдарының техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалардың қызметін тексеруіне қолданылмау»;
Бұрын берілген нұсқама бойынша халықтың өмірі мен денсаулығына ықтимал қатер төндіруі мүмкін талаптар орындалмаған жағдайда, Қылмыстық кодексінде құрылыс қатысушыларына жауапкершіліктің көзделуі;
Кодекстің 144 бабының 5 тармағын 2-1)-тармақшамен келесідей редакцияда толықтыру: «жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде анықталған өрескел бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау»;
Кодекстің 152 бабының 14 тармағының екінші бөлігін келесідей редакцияда жазу: «осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалуы жөніндегі ақпарат ұсынылмаған жағдайда, бақылау және қадағалау органы осы Кодекстің 144-бабы 5-тармағының 1), 2) және 2-1) тармақшаларына сәйкес жоспардан тыс тексеру тағайындауға құқылы»;
Құрылыс инспекторларының штат санын ұлғайту және олардың жалақысына бонустарды немесе үстеме ақыларды қарау мәселелерін шешу.
Анадолы жеріндегі жөнсіз құрылыс зілзала кезінде алапат зардап әкелді. Жөнсіз құрылыс біздің елде де жоқ емес. Кеш болмай тұрғанда проблеманы қолға алынып, жауапты ведомстволар тарапынан тиісті іс-шаралар жүзеге асуы тиіс.