Операторлар мектеп пен әкімдікке ғана желі тартып, бүкіл ауылда интернет бар деп есеп беретін – Мусин

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақстан қаржыландыру көзін іздеп жатыр

Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда 300 мыңнан астам үйге интернет тарту көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бұрын операторлар тек әкімшілік ғимараттар, соның ішінде мектептер, ауруханалар мен әкімдіктерге желі тартып, «ол ауылдарда интернет бар» деген мәлімет беретін. Ал нақты үйлер мен тұтынушылар операторлардың коммерциялық мүдделерінің болмауына байланысты байланыссыз қалды.

Осыған байланысты, Дүниежүзілік банкпен бірлесіп біз «соңғы мильді» жеткізу үшін арнайы гранттарды, шағын және орта операторларды субсидиялауды көздеп отырмыз. 2020 жылы 1200 ауылға оптикалық желі жеткізілген болатын. Бірақ әр үйге дейін оптиканы жеткізу дұрыс қолға алынбаған. Біз сол ауылдардағы 300 мың үйді Интернетке қосамыз.

Одан басқа оптиканы тарту мүмкіндігі жоқ 500 ауыл қалып отыр, оларға спутниктер арқылы Интернет жеткізіледі. Сондай-ақ 134 ауылда спутниктік трансмиссияны жерүсті трансмиссиясына ауыстыру жоспарланып отыр», - деді Мусин.

Оның айтуынша, осы бастама қалалық және ауылдық елдімекендер арасындағы интернетке қолжетімділік алшақтығын қысқартуға, ақпараттың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.