Көкшетауда мас жүргізуші жол апатына түрткі болып, үш адам зардап шекті

Автор: Azattyq Rýhy

Көкшетауда жол апаты салдарынан үш адам, оның ішінде екі бала зардап шекті

Көкшетау қаласында Сүлейменов көшесіндегі көпірде жол апаты болды. 

Солтүстік бағытта келе жатқан Тoyota Camry 50-дің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mazda-323 көлігімен бетпе-бет соқтығысқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақмола облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес ,Toyota Camry 50 көлігінің жүргізушісі орта дәрежелі мас күйінде болған. Тексеру кезінде бұл азаматтың бір жыл бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды», делінген Ақмола облысы ПД хабарламасында.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан Mazda-ның жүргізушісі мен ондағы екі кәмелетке толмаған жолаушы (2 және 4 жас) түрлі дене жарақаттарымен облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді.

Автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды. Сараптама тағайындалды. Осы факті бойынша ҚР ҚК 346-бабының 2-бөлігі, яғни «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және мас күйінде адамның көлік құралын басқаруы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды.

Toyota автокөлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изольяторына қамалды.