Конституциялық Сот: БАҚ-та адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалану заңға қайшы келмейді
Конституциялық Сот «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңының 14-бабы 1-1-тармағы 3-ші тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексерді

Конституциялық Сотына азамат С.В. Наумцевтің БАҚ туралы заңның 14-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасын Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 2-тармағына және 18-бабының 1-тармағына сәйкес келмейді деп тану туралы өтініші келіп түскен деп хабарлайды Azattyq Ruhy Конституциялық соттың әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап. Оған сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдерін дайындау, жариялау, қайталап көрсету және тарату кезінде бұқаралық ақпарат құралдарына, егер бейнеленетін адамды пайдалану конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында жүзеге асырылатын болса, бейнеленетін адамның келісімі талап етілмейді.
Өтініш авторының пікірінше, даулы норма оның республиканың бүкіл аумағында жоғары заңды күші бар Конституцияда бекітілген жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмаушылық құқығын бұзады.
Конституциялық Сот «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 1-1-тармағының 3) тармақшасын Конституцияның 4-бабының 2-тармағына және 18-бабының 1-тармағына сәйкес келеді деп қаулы етті.
Қазақстан Республикасында азаматтың өзінің бейнесін қорғау құқығы мемлекеттің қорғауында. Азаматтың бейнесін қорғау тек конституциялық нормалармен ғана емес, азаматтық заңнамамен де реттеледі. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 145-бабына сәйкес азаматтың бейнесін жариялау және одан кейін пайдалану алдында оның келісімін алу талап етіледі. Сондай-ақ «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7 және 15-баптарының ережелерін ескеру қажет, олар дербес деректерді пайдалануға олардың меншік иесінің келісімі болған кезде ғана жол берілетінін белгілейді.
Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында қажет болған шамада ғана заңдармен шектелуі мүмкін.