Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барған туристердің басына сылақ түсіп кетуі мүмкін – Мақсат Толықбай

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына депутаттық сауал жолданды

Коллаж: Azattyq Ruhy / Нұрсұлтан Жорабаев

Қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатыр. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«AMANAT партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде еліміздің түкпір-түкпірін аралап, сапарын киелі Түркістан өңірінен бастаған еді. Сол сапар барысында біз шұғыл шешуді талап ететін бір ұятты жағдайды көрдік. Ол – Қазақ мемлекетінің ғаңа емес, әлем тарихында ойып тұрып орын алған, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген, ХІІ ғасырдан бергі уақыттың куәсі болып, мемлекетіміздің бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бүгінгі мүшкіл жағдайы», - деді сөзін бастаған ол.

Депутаттың сөзіне сенсек, кесене қызметкерлері тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қойған. Өйткені туристердің басына сылақ түсіп кетуі мүмкін.

«Кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатыр. Тұз осы 2-3 жыл бұрын ғана пайда болды. Себебі, кейінгі жылдары мавзолейдің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүрді. Ғимараттың ішіндегі ылғалдың шектен тыс артуынан күмбездің бетінде қара дақтар пайда болған. Дымқылдан жарылған сылақтар көзге анық көрінеді. Қызметкерлер туристердің төбесінен сылақ түсіп жүрмесін деп, тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр. Ал абаттандырудың қызығына кенелген жергілікті әкімдік, мамандардың дабылына құлақ асар емес. Ғалымдардың айтуынша, кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу – қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Өйткені кесененің алдында тұрған кірпіштер мен астында ғасырлар бойы жатқан қамысты алып тастап, ол жерге жалтыраған бетон гранит тақталар қойған соң ылғал тартып жатқанын айтады. Сондай-ақ күмбездегі тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапқан. 2021-2022 жылы аталмыш кесенеге зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізген «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «қанағаттанарлық» деп қана баға берген», - дейді ол.

Мақсат Толықбайдың айтуынша, осы жағдайларға байланысты Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр.

Сөзін түйіндеген ол үкіметтегілерден «кесененің айналасындағы сапасыз, олқылығы көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуды» сұрады.

«Ол үшін Үкімет кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, кесенені қалпына келтіруге қажетті қаражатты бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын «AMANAT» фракциясының алдында баяндап, есеп берулеріңізді сұраймыз», - деді сауалын қорытындылаған ол.