«Роман Васильевич, естіп отырсыз ба?»: Тоқаев Екібастұздың жағдайына қатысты ескерту жасады

Автор: Azattyq Rýhy

Президент алдағы қыста Екібастұз қаласы былтырғыдай жылусыз қалмауы жөнінде тапсырма берді

Екібастұздағы екінші жылу электр станиясының жаңа екі блогының құрылысы ел деңгейіндегі ауқымды жоба. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Екібастұздың жылу тораптарын жаңғырту басым міндеттердің бірі. Үкімет пен әкімдік екінші жылу электр станциясының бірінші блогын уақытында іске қосып, екі жаңа блогын уақытында салуға күш салу керек. Кеше Энергетика министрін қабылдап, осы мәселе жөнінде сөйлестім», - деді Тоқаев Павлодар облысы әкімінің баяндамасын тыңдаған соң.

Бұл ретте, «Екібастұз халқы келесі жылы жылусыз қалмауы керек» деген Президент Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға назар аударды.

«Келесі жылғы жылу маусымына деген дайындық өте жоғары деңгейде болу керек. Роман Васильевич, мені естіп отырсыз ба? Былтырғыдай төтенше жағдай қайталанбасын», - деді Тоқаев.