Шымкентте туберкулезге шалдыққан мұғалім ауруханада оқшауланып, ем қабылдап жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Оқушылар қалыпты жағдайда оқуларын жалғастыруда

Фото ашық дереккөзден

Шымкентте туберкулезге шалдыққан мұғалімнің жағдайы тұрақты. Бұл туралы Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұған дейін Шымкент қаласындағы мектептердің бірінде туберкулезбен науқастанған мұғалімнің оқушыларға сабақ беріп келгенін жазған болатынбыз.

№33 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі туберкулезге қарсы диспансерге жатқызылды. Қазіргі таңда науқас ауруханада оқшауланып, ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы тұрақты.

«Шымкент қаласындағы №33 жалпы білім беру орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімінен туберкулез ауруының ашық түрі анықталуына байланысты мектепте қорытынды дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Оқушылар қалыпты жағдайда оқуларын жалғастыруда. Мектепте науқаспен байланыста болғандар анықталып, медициналық бақылауға алынды. Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және оның басқармалары аурудың алдын алу бағытындағы және індетке қарсы іс шараларды жалғастыруда» - делінген Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.