«Су тек кестемен беріледі»: Алматы облысында қыруар қаражат бөлінген су құбыры аяқсыз қалған

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Тұрғындар заңды белшесінен басқан мердігер компанияның есепшоттары сол күйі бұғатталмағанын анықтаған

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy/Нұрсұлтан Жорабаев

Алматы облысында ауылға ауыз су тартуға қатысты жарияланған тендерді жеңіп алған компания жұмысты сол қалпы аяқтамай кеткен. Қыруар қаражат бөлінсе де, ауыл халқы ауыз суға зәру. Кеген ауданы Бөлексаз аулының адамдарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстарына мемлекеттен 331 миллион теңге бөлінген. Қыруар қаражаттың қайда кеткенінен бейхабар тұрғындар суды төрт жылдан бері күтіп жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ауылдың ақсақалдары болса бала кездерінде арбамен, есекпен тасыған кездерін әлі күнге жалғастырып келе жатқандарын айтады. 

«Арбаға су құятын ыдысымызды салып алып, бір көшенің тұрғындары жиналып суға барып, кезекке тұратын кездер естеріңіздер ме? 90 жылдардағы ностальгия, бірақ 21 ғасырдың 23 жылына аяқ бассақ та тұрғындары таңнан арбасын сүйретіп, судың кезегін ертерек алуға асығатын ауыл әлі бар. Ол Кеген ауданнындағы Бөлексаз. 2020 жылдың мамыр айында Бөлексаз ауылына су жүйесін жүргізу үшін 331 миллион  957 мың 371 теңге бөлініп мемлекеттік сатып алу сайтында конкурс жарияланып, «Данекер» ЖШС лоттың жеңімпаз болып табылған», - деді Кеген ауданының тұрғыны Мақпал Шадан.

Су жүйесінің құрлысы 2021 жылдың 10 айында аяқталуы тиіс еді. Одан бері бірнеше жыл өтсе де, су сол қалпы берілген жоқ. Ал Бөлексаз ауылының тұрғындары суды сонау кеңес үкіметінен қалған жалғыз шүмекті құдықтан тасып, кезекке тұрады.  

«Таңертеңгі сағат 8:00 ден 9:00 аралығында және түстен кейін 16:00-ден 17:00 аралығында су тек кестемен беріледі. Таңертең түрлі жағдайлармен су кезегіне үлгере алмасаң күні бойы сусыз жүруің мүмкін. Суды алып үлгеру үшін таңғы сағат алтыдан бастап келіп кезек аламыз», -деді Азат есімді Бөлексаз ауылының тұрғыны.

«Қазір қайта жеңіл, қыста тіптен қиын. Мына су ағатын жердің жан-жағы мұз болып қатып қалады, су алуға келген әйелдер мен балаларға тіптен қиын. Егер су 2 күн жоқ болса шудың көкесі сонда болады. Онымен қоса мына суға арналған сорғы күйсе, халықтың қалтасына тағы шығын. Осыдан 4-5 жыл бұрын осы сорғыны халық болып ақша жинап сатып алғанбыз», -деді мұңын айтқан ауыл тұрғындары.

Ауыл ақсақалдарының сөзінше, олар бала кездерінде осы жалғыз құдықтан арбамен, есекпен, атпен су тасыған. Одан бері 70 жылға жуық уақыт өтсе де, жағдай сол қалпы өзгермеген. Ауыл ұрғындары 331 миллион теңгеге тартылған су жүйесінің сапасы сын көтермейтінін айтады. 25 тонна салмақты көтереді деген құдықтың темір қақпақтары да бүлініп, бетондары бөлініп кеткен. Тіптен көшелердің қиылысындағы қақпақсыз құдықтарға түсіп кетпеу үшін тұрғындар ағаш бұталары арқылы белгі жасап қойған.

«Бөлінген ақшаның дұрыс жұмсалмағанын сорғы станциясына келгенде көрдік. Техникалық талаптардың сақталмауының салдары анық көрініп жатыр. Әлі күнге тапсырылмаған құрылыс обьектісінің жағдайы мүшкіл. Төселген асфальт ыдыраған, құйылған бетонының тасы мен құмы бөлініп кеткен. Сонда техникалық және авторлық қадағалау қайда қараған», - деді Мақпал Шадан. 

Бөлексаз ауылының әкімі Серік Тұрғынбайұлының сөзінше, жауапты компания істі соңына дейін аяқтауы тиіс. Даулы іс сотқа дейін жетіп, жұмысты жөндеу міндеттеліпті. Алайда, конкурс жарияланғанда осы Серік Құныпияеевтың өзі комиссияға төраға болған. Қазіргі әкім ол кезде Кеген аудандық «Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» бөлімінің басшысы болған. Енді оның өзі де ауыз су құбырын тарту кезінде технологиялардың бұзылғанын растап отыр.

«Бұл жерде құдықтардың  темір қақпағанын бекіту үшін құйылған бетоны жол жөндеу кезінде бұзылған. Оның бәрін ЖШС өз мойнына алған, қайта жасап шығады. Сот арқылы міндеттелген. Бұл конкурсты өткізген облыс. Осының алдында «Данекер» ЖШС өкілдері келгенде трассаға толық су жіберілген. 72 сағат тексерістен соң абонеттік қосылулар толық болмаған. Суды тоқтаттық. Қазір су тарту үшін бір техника келді, екі апта осында болады», - деді Кеген ауданы Бөлексаз ауылдық округінің әкімі Серік Құныпияев.

«Данекер» ЖШС сот шешімі бойынша осы нысанды аяқтап беруге міндеттелген. Қазір іс  жеке сот орындаушыларда. Сот шешімі бойынша 2022 жылдың маусым айында аяқтауы тиіс болған. Межелі мерзімде аяқталмағаннан кейін 2022 жылдың шілде айында қайта сотқа бердік. Ол соттың шешімі бойынша «Данекер» ЖШС өз міндетін орындамағанша есепшоттарын мен техникаларын бұғаттауға шешім шықты. Іс қазір жеке сот орындаушыларында. Әлі аяқталмаған нысан болғандықтан мердігер бәрін қалпына келтіреді», - деді аудандық «Тұрғын үй коммуаналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» бөлімнің маманы Манас Мұса.

Алайда ауыл адамдары «Данекер» ЖШС мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерін тексеріп, есепшоттарының бұғатталмаған, қара тізімге енбегенін де өздері анықтаған. Миллиондаған теңгенің тапсырысын аяқсыз қалдырып, халықты ауыз сусыз қалдырған компания әлі күнге мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысып келеді. Жауапсыз компания тендерден тапсырыс алу конкурстарына 2023 жылдың наурыз айында қатысқан. Компания 2021 жылы көршілес Райымбек ауданының Қарасаз және Шәлкөде ауылдарының және  Ұйғыр ауданындағы Қалжат ауылының да ауыз су жүйесін жүргізетін тендерлерді де ұтып алған. Алайда Райымбек ауданындағы бұл ауылдардағы  ауыз су жүйесінің құрлысының да жағдайы мәз емес дейді тұрғындар.

«2022  жылдың тамыз айында Кеген ауданының тұрғындарымен кездесуге келген облыс әкімінің алдында сол кездегі Кеген ауданының әкімі (қазір Алматы облыстық мәслихаттың хатшысы) Талғат Байеділов Бөлексаз ауылының ауыз су жүйесінің 95 пайызы аяқталғанын, жақын арада пайдалануға берілетінін айтқан. Одан бері 7 ай өтті. Бөлексаздықтар әлі арба сүйреп жүр», - деді кегендік қоғам белсендісі Мақпал Шадан.