Түркістан облысының 14 елдімекенінде медицинилық бекет атымен жоқ

Автор: Azattyq Rýhy

Тұрғындар жедел жәрдем көлігін сағаттап күтуге мәжбүр

Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысының 14 елдімекенінде медицинилық бекет атымен жоқ.  Ауылдағы ағайын басы ауырып, балтыры сыздай қалса сүйретіліп, аудан орталықтарына сабылады. Ал, аяғымен жүруге шамасы келмегендер сағаттап жедел жәрдем көлігін күтуге мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Atameken business арнасына сілтеме жасап.

Төңкеріс ауылының тұрғыны Қынашкүл Дәуренбекова қан қысымының жоғары болуына байланысты дәрігерлердің арнайы есебінде. Кейде дерті жан алқымнан алғанда жедел жәрдем шақырудан басқа амалы жоқ. Өйткені ауылдағы медициналық пункт көмек көрсете алмайды.

«Сумкамызда күнделікті дәрі жүреді. Бір мен емес мен сияқтылар көп ауылда. Балалаларымыз ауыра ма скорый шақырамыз. Себебі бұл жерде ешнәрсе жоқ. Кез-келген үйге скорый келеді де тұрады», - деді ауыл тұрғыны Қынашкүл Дәуренбекова.

Төңеріс ауылындағы аядай бір бөлмеге жайғасқан медициналық пунктте екі қызметкер ғана жұмыс істейді. Бірі медбике, екіншісі еден жуушы. Мұндағы медициналық қызмет науқастың салмағы мен қан қысымын өлшеуден ары аспайды. Сондықтан жұрт ауыра қалса орталыққа сабылады. Осы түйіткілді шешу үшін 9 жыл бұрын арнайы жер бөлініп емхана салуға жоба жасалған. Бірақ жыл сайын кейінге шегеріліп келеді.

«Ілгеріде жер болмады. Кейін жер таптық 40 соток. Толық медициналық пункт болуға болады. Ал енді қаражат жоқ дейді. 9 жылдан бері әр үш жылда проект жаңартып келе жатыр»,- дейді ауыл тұрғыны Есенбек Дүйсенбеков.

Қолда бар мәліметке сүйенсек Түркістан облысының 14 ауылында медициналық нысан атымен жоқ. Дәрігерсіз күн кешкен ауылдардың ең көбі Қазығұрт пен Сарыағаш ауданында. Облыстық басқарма мамандары алдағы екі жылда аталған ауылдардағы мәселе түбегейлі шешіледі деп отыр.

«Жоспарға сәйкес 14 медициналық мекеме, оның ішінде 4 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік акушерлік бекет, 2 медициналық пункт салынады. Қазіргі таңда сол медициналық нысандар түсетін жер телімдері бөлінді. Құрылыс басталады», - деп атап өтті Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының өкілі Райымбек Тасырбаев.

Облыстың денсаулықсақтау саласына жауаптылар биыл 14 ауылда да медициналық ғимараттың құрылысы басталатынын мәлімдеп отыр. Олпрдың айтуынша құрылыстың жартысы биыл қалғаны келер жылы аяқталып пайдалануға беріледі. Бірақ құрғақ уәдеге әбден тойған тұрғындар бұған сенбей отыр.