Жалақы мөлшері, баспана, зейнет жасы: құтқарушылар мәселесі қашан шешіледі

Автор: Azattyq Rýhy

Құтқарушылар жалақысы 105 208 теңгені құрайды

Фото ашық дереккөзден

Парламент Сенатының қабырғасында құтқарушылар үшін өзекті болып келген мәселелер көтерілді. Депутаттардың айтуынша сала мамандарына жасалып отырған жағдай мардымсыз. Үкіметке осы мақсатта тиісті жағдай жасау жөнінде кешенді ұсыныс жасалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Осы жылдың 21-22 ақпанында Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Алматы қаласында сейсмикалық қауіпсіздіктің жай-күйі мәселелері бойынша Мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесу өткізді.

Сапар барысында депутаттар Төтенше жағдайлар министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағының (бұдан әрі – құтқару жасағы) жұмысымен танысты.

Құтқару жасағының негізгі міндеттері шалғай аудандарда, күрделілігі жоғары нысандарда құтқару және іздестіру-құтқару жұмысын ұйымдастыру, жүргізу және республика аумағында немесе одан тыс жерлерде дүлей зілзалалар, апаттар салдарынан зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсету болып табылады.

«Өткен жылы ғана бұл жасақ 305 рет шығып, 99 адамның өмірін сақтап қалды. Біз білетіндей, аталған құтқару жасағы Түркия Республикасындағы жер сілкіністерінің зардаптарын жоюға көмек көрсетуге қатысты. Түркияда іздестіру-құтқару жұмысын жүргізу басталғаннан бері Қазақстан ТЖМ құтқарушыларының күшімен жеті адам құтқарылды.

Түрік және халықаралық мамандар біздің құтқарушыларымыздың жоғары деңгейін атап өтті, бірақ өкінішке қарай, қазіргі уақытта құтқару жасағында шешілмеген кешенді мәселелер бар, оларды айту қажет.

Біріншісі, құтқарушының лауазымдық жалақысы оның өсуін ескере отырып, биыл 1 қаңтардан бастап өскенін ескерсек (23%-ға) 105 208 теңгені құрайды, бұл біздің ойымызша, мұндай қауіпті кәсіп қызметкері үшін жеткіліксіз. Өйткені, бұл мамандар күн сайын құтқару жұмысын жүргізіп, өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сонымен қатар, осы Отрядта жұмыс істейтін адам авариялық-құтқару жұмысына қажетті мамандықтардың барлық спектрін меңгеруі тиіс. Қиын жағдайға тап болған кезде ол бір уақытта өрт сөндіруші, альпинист, сүңгуір болуы керек, сонымен қатар медициналық көмек көрсете білуі керек», - деп депутаттар соңғы жылдары өзекті болып келген мәселені көтерді.

Депутаттар қозғаған мәселенің екінші тұсы – зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамаға сәйкес, құтқарушылардың зейнетке шығу жасы ерлер үшін 63 жасты құрайды.

Жоғарыда айтылғандай, құтқарушылар жұмыс істейтін жағдайлар экстремалды. Осы себепті Ресей Федерациясы, Беларусь сияқты елдердің заңнамасында құтқарушыларға еңбек зейнетақысын мерзімінен бұрын тағайындау қарастырылған.

Мәселен Ресейде 40 жасқа толғаннан кейін немесе жасына қарамастан құтқарушы ретінде кемінде 15 жыл жұмыс істеген адамға еңбек зейнетақысын мерзімінен бұрын тағайындау қарастырылған. Беларусь елінде барлық құтқарушылар аттестатталған (арнайы атағы бар) және еңбек сіңірген жылдары зейнетке шығады.

Жасы ұлғайған сайын құтқарушыларға ауыр жүктемелермен күресу қиындай түседі, қалпына келтіру процесі жылдарға созылады. 60 жасында құтқарушылар ерекше физикалық қасиеттерді көрсету қажет болатын нақты жұмыс түрлерін орындай алмайды.

Сондықтан құтқарушылардың зейнеткерлік жасын қайта қарауды ұсынды.

«Үшіншіден, құтқарушылардың мәртебесін арттыру мақсатында олар үшін құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен Қарулы Күштердің әскери қызметшілері үшін тұрғын үй төлемдерінің тәсілдері мен тетіктерін тарату қажет деп санаймыз.

Құрметті Әлихан Асханұлы, барлық уақытта құтқарушылар халық арасында үлкен құрметке ие болды. Жедел кәсіби көмек көрсету мүмкіндігі ондаған және жүздеген адамның өмірін сақтап қалудың кепілі болып саналады. Осыған байланысты, құтқарушы мамандығының беделін арттыру мақсатында жоғарыда айтылған мәселелерді қарауыңызды сұраймыз», - деп сенаторлар сауал жолдады.

Құтқарушы мамандығы оңай жол емес екені анық. Ал бөтен біреудің өмірін құтқару үшін өз басын қатерге тігетін жайт бұл саланың мамандары үшін күнделікті қалыпты жағдай. Соның салдарынан бүгінге дейін қаншама құтқарушы қызмет бабында көз жұмды. Ал қазіргідей қымбатшылық заманда депутаттар келтірген 105 мың теңгеге отбасын тұрмақ жеке басын бағу үлкен проблема.

«Мына бір жағдай әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Астана қаласындағы «Талан Тауэрс» тұрғын үй кешенінің 22-қабатынан бір отбасын жабылып жүріп құтқарып қалдық. Бірақ тілсіз жау сол күні 14-қабаттан басталған еді. Сол қабаттағы отты сөндіріп жүргенімізде бір кісі көмек сұрап, жанұшыра жүгіріп келді. Жоғары қабаттағы пәтерлердің бірінде бір отбасы түтіннен салдарынан шыға алмай отыр екен. Міне осы кезде, балалы-шағалы бір үйді құтқарып, төмен қарай түсіру үшін, яғни өрт болып жатқан жерден аман алып шығу үшін өзіміздің қорғаныс аппараттарымызды шешіп, сол кісілерге бердік. Себебі ол кісілер сол күнгі қою түтінге шыдамайтын еді. Осы шақта әрқайсымыз басымызды үлкен қауіпке тіктік. Марқұм досым Асқар Забикулиннің жағдайын құшар ма едік. Бірақ Жаратқан бізді сол күні бір қауіптен аман алып қалды. Бірақ біз үшін ең бірінші міндет адамдарды аман алып шығу ғой. Жанымда серіктесім болатын. Осылайша, біз үш баланы есептегенде алты адамды құтқарған едік.

Ал жалақымызға тоқталар болсам, шыны керек бір айдан екінші айға әрең жетеміз. Кейде қарызға да кіріп кететініміз болады. Жауапты органдар өрт сөндірушілердің жағдайын назарда ұстаса екен дейміз. Біз күнделікті қызметімізде өмір мен өлімнің ортасында жүреміз. Ал алатын жалақымыз мардымсыз», - дейді Астана қаласында Асқар Забикулин атындағы алтыншы мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Абылай Өтегенов.

Жуырда осы мәселе Үкіметте көтеріліп, қосымша ақы төлеу жайы қаралған болатын. Енді жұмыс барысында денсаулыққа және өмірге зиян келуі қаупімен байланысты жұмыс үшін қазақстандық құтқарушыларға қосымша ақы төленетін болады. Осыған байланысты Әлихан Смайылов жетекшілік ететін ҚР Үкіметі тиісті қаулы қабылдады.

«Қосымша ақының мөлшері лауазымдық жалақының 70%-ын құрайды. Ол жедел-құтқару жасақтары, Республикалық жедел-құтқару жасағы, Апаттар медицинасы орталығы қызметкерлеріне және «Қазселденқорғау» ММ-нің құтқару функциялары бар негізгі қызметкерлеріне төленеді», - делінген Үкімет қаулысында.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметтеріне сүйенер болсақ, барлығы 2 мыңнан астам құтқарушы қосымша ақы алмақ.

Қосымша ақы құтқарушылар үшін үлкен көмек болары анық. Бірақ жауапты органдар қарапайым өрт сөндірушілердің жалақысын көтеру, баспана, зейнетке шығу мәселесін қарастырып, уақыт оздырмай тиісті шешім қабылдауы қажет.

Айжан Жанатқызы