Алғашқы әскери дайындық: мектеп қабырғасында маңызды пән жөнді оқылмай келе ме?

Автор: Azattyq Rýhy

11-сынып оқушылары үшін оқу жылындағы жалпы 34 сағат сабақтың 10 сағаты жол қозғалысын түсіндіруге жұмсалатын көрінеді

Фото ашық дереккөзден

Парламент Сенатының депутаттары мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық пәні өз деңгейінде өтпей жүргені, ал бұл өз кезегінде өскелең ұрпақтың әскери міндетін өтеуге деген құлықсыздығына жеткізіп отырғаны көтерілд, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Елімізде өскелең ұрпақты патриот, ержүрек, шыдамды, табанды күрескерлерді тәрбиелеу мақсатында ерекше маңызы бар сабақтардың бірі бастапқы әскери және технологиялық даярлық (БӘТД) пәні өткізіліп келеді. Бұл жастардың болашақта ел намысын сындарлы сәтте лайықты қорғайтын жастардың тәрбиеленіп шығуы үшін, сол сияқты келешекте Отанын, жерін, елін қорғай алатын, ұлттық намысы мол, жігерлі ұл-қыз тәрбиелеу, әскер қатарына сауатты, моральдық жағынан дайын азаматтар даярлау үшін маңызды.

«1996 жылдан бері мемлекет тарапынан салаға көңіл бөлініп, алғашқы әскери даярлық пәні оқытылып отырғанымен жастар арасында әскери борышын өтеуге құлшыныстың төмендігі байқалуда және осы мақсатта проблемалар туындап жатыр.

Мұндай өкінішті жағдайлардың болуына БӘТД пәнін оқытудың материалдық базасының болмауы, сабақ мазмұнындағы кемшіліктер себеп болып отырғаны анық.

1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін барлық мектептердегі оқу-тәжірибелік қарулар, көрнекіліктер жинап алынған. Содан бері көптеген мектептерде ұжымның жеке қаржысына сатып алынған макеттер пайдаланылып келеді. Сабақ өту барысында 1970-1980 жылғы улы газдан қорғайтын газқағар қолданылып жүр», - дейді сенаторлар.

Мәліметтерге жүгінер болсақ, 2016 жылғы 22 қаңтарда Білім және ғылым министрінің №70 бұйрығына сай білім беру мекемелерін құралдар және жиһаздармен жабдықтау нормалары бекітіліп, БӘТД пәнін оқытуға қажетті әскери-техникалық мүліктің 49 түрі болуы көрсетілген. Олардың қатарында химиялық барлау аспабы – 1, дозиметр – 1, әскери компас – 13, қорғаныс костюмі – 2, жаяу әскер шағын күрекшесі – 13, Калашников автоматының макеті -3, зембілдер – 3, азаматтық газтұтқы – 13, тұмылдырық – 13, жүрек-өкпе және ми реанимациясының тренажері - 1 және т.б. бар. Депутаттардың айтуынша іс жүзінде аталған заттардың басым бөлігі жоқ көрінеді.

«Пән мұғалімдерінің айтуынша соңғы екі жылда бірқатар мектептерге құны 7,5-8 млн теңгені құрайтын кабинеттер мен құралдар, қарулардың лазерлік нұсқасы берілген. Алайда, алынған заттардың сапасы төмен, лазерлік құрылғылар жұмыс істемейді.

БӘТД пәнін оқытудың күнтізбелік-тақырыптық жоспары да қайта қарауды талап етеді. Пән мазмұны алғашқы кезекте әскери қызметке даярлауды мақсат тұтса да 11-сынып оқушылары үшін оқу жылындағы жалпы 34 сағат сабақтың 10 сағаты жол қозғалысы, ал 16 сағаты өмір қауіпсіздігінің ережелеріне арналған. Бұл сабақтар бастауыш және орта сыныптарда өтілуі керек. Осылайша негізгі пәнге 8 сағат қана қалып, 3 сағаты құқықтық негіздерге, 3 сағаты атыс дайындығына, 2 сағаты саптық даярлыққа арналған.

Бүгінгі таңда әскери дайындық робототехника және IT-технологияларға бағытталу керек. Ал шын мәнінде мектептерде әскери робототехника бойынша ешқандай оқу құралы жоқ», - деп депутаттар проблеманың түйткілді тұсын қозғап өтті.

Сондай-ақ, жаттығу қарулары, кіші калибрлі винтовка мен олардың патрондарын сақтауға арналған арнайы бөлме (қару-жарақ бөлмесі) мен атыс тирі мектептердің басым бөлігінде арнайы талапқа сай емес көрінеді. Тіпті жаңадан пайдалануға тапсырылған мектептерде мұндай арнайы бөлмелер мен кедергілер жолағы, тактикалық алаңы қарастырылмапты.

Ал халықаралық тәжірибеге сүйенсек Ұлыбританияда кәдет сыныптарында оқыған жастардың 30 пайызы өмірін сол саламен байланыстырады. Ал АҚШ-да генералдардың 40 пайызы запастағы кіші офицерлерді даярлау оқуларының түлектері. Ресей мемлекеті тоқырау жылдары тоқтап қалған бастапқы әскери даярлық оқуларын жедел түрде қолға алып, оқушылар дәріс ала бастады.

«Мектеп бітіргеніме 10 жылдан асты. Оқушы күнімде Алғашқы әскери дайындық сабағында үш-төрт-ақ түрлі қару-жарақ көріппін. Оның бірі – Калашников автоматы. Бұл автоматты жылдам бұзып, өте тез уақытта жинап шығудан бүкіл мектеп болып жарысатынбыз. Екіншісі – улы газдан қорғайтын қорғаныс бас киімі. Оны кисең улы газдан бұрын дем жетпей, өзіне тән қолаңса иісінен-ақ екі минутта өзіңнің де басың айналып құлап қалуың мүмкін. Сол сияқты бір-екі рет осы улы газдан қорғайтын киімді киіп көргенбіз. Бірақ 100 пайыз қолжетімсіз болатын. Сол бір-екі реттен артық көрген емеспіз. Үшіншісі – жасанды жарылғыш граната. Төртіншісі – тир секілді көздеп атуға болатын автомат. Оның өзін бір-ақ рет атып көрдік.

Міне бұл менің мектепте танысқан қару-жарақтарым. Одан артығын көрген емеспін. Қару-жарақпен тек әскерде жүріп қана таныстым», - дейді Алматы қаласының тұрғыны Едіге Батыр.

ӘСКЕРИ БОРЫШЫН ӨТЕУДЕН ЖАЛТАРУ

«Шыны керек, біздің уақытымызда әскерге бармай қалып қалу үлкен ұят болып саналатын. Ауылымызда біреу әскери міндетін орындаудан бас қашыпты десе бәрі күлетін. Ол адам бейне бір отанын сатқан азамат ретінде көз алдымызда қалатын. Кеңес заманы тұсында әскерге кемінде екі жылға барып, борышыңды өтеуге міндеттелетінсің. Ал қазіргі заманда ол қысқартылып, небәрі бір-ақ жылға белгіленген. Жастарымыз осыдан да қашып жүр. Бәлкім проблемалары бар шығар. Мүмкін екі ұрпақтың тәрбиесі екі түрлі болған шығар.

Өзім 80-жылдары Қиыр Шығыста қызметтік борышымды өтеп келдім. Ол жақтағы ауа райы сұмдық болатын. Сақылдаған саршұнақ аязда киер киіміңе өте мұқият болуың керек. Ал ішер тамағымыз қазіргімен салыстыруға да келмейді. Консервіленген тамақтарды қолданатынбыз. Бірақ екі жыл уақыт қалай өткенін байқамай қалатын едік. Ал қазіргі жастардың әскерде борышын өтеп келуі үшін қажетті жағдайдың бәрі дерлік жасалған. Екі замандағы талап әртүрлі», - деп Астана қаласының тұрғыны Бекежан Байторы есіне алды.

Рас, соңғы жылдары әскери міндетін өткеруден жалтаратын жастар қатары көбейгені анық. Дегенмен оның да өзіндік себептері жоқ емес болар. Осы орайда өткен жылы әскерге міндетін атқару үшін кеткен бірқатар сарбаздың суицид жасап, үйіне мәйіті ғана оралғаны есімізде. Бұл кімнің болмасын көңіліне алаң күй салатыны анық.

Мәселен былтыр Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүріп, суицид жасаған азаматтың ісі әлі күнге дейін қарауда жатыр. Өз өзіне қол жұмсалғаны анықталғанмен оның себебі бүгінге дейін беймәлім күйде қалып отыр. Сол сияқты Шымкентте әскери бөлімде борышын өтеп жүрген сарбаздың жындыханадан бір-ақ шыққаны да есімізде. Міне осындай адам шошырлық ақпараттардан кейін ер жетіп отырған жалғыз ұлын әскерге жібермей алып қалатын ата-аналардың да бар екені анық.

«Әскерде былтыр ғана борышымды өтеп келдім. Сонда жігіттердің психологиялық дайындығы әртүрлі екенін байқадым. Кей ата-аналар жалғыз ұлы болған соң мейлінше еркелетіп, бетінен қақпай өсіргені байқалады. Әскер болған соң онда арнайы жарғы да бар. Бәріміз сол тәртіп аясында борышымызды өтеуіміз керек. Міне осындай кезде қай сарбаздың қандай екені байқалады. Отбасында әкесінен қаймығып, ол кісінің сәл болсын қаталдығын көрген жігіттер әскерде кез келген қиындыққа шыдамды келеді. Ал еркелетіп, үйінде белгілі бір деңгейде шектеу, тәртіп көрмеген қатарластарым әлжуаз болып келеді. Әскерде бәрі өз уақытымен орындалуы керек, кей кездері тіпті уақытынан бұрын орындалуы қажет кездер де болады. Осындай шақта әлгі әлжуаздау қатарластарым көш соңында қалып жатады. Тиісінше ұрысты да естіп, жазаны да алады. Ал сарбазды зорлау деген ақпараттарға өз басым сенбеймін. Ол мүмкін емес жағдай», - деп Алмат Қалиев есімді азамат өз ойымен бөлісті.

«Әскердегі әлімжеттік туралы осыдан бірнеше жыл бұрын борышын өтеп келген ағамнан білемін. Өзідерінің алдында келгендер, тәжірибесі барлар топ болып келіп түннің бір уағында оятып алатыны, қарсы шықсаң жабылып ұратыны, басынан орындықпен ұратыны туралы естідім. Ағам осындай сәттердің бірінде басынан орындықпен соққы алыпты. Әскерге барып келгеніне 7-8 жылдың көлемі болды. Басы әлі күнге дейін ауырады.

Қазір өзім мамандығым бойынша Қарағанды қаласындағы ЖОО-лардың бірінде білім алып жүрмін. Екі жылдан кейін оқуымды тәмамдаймын. Одан кейін әскерге бару міндетім тұр. Шынымды айтсам ағамның жағдайынан кейін, оның үстіне былтыр сарбаздардың жаппай суицид жасау оқиғаларынан кейін аздап жасқанатыным бар. Бірақ мен оқуымды аяқтағанша ішіндегі проблемалары тезірек шешіледі деп үміттенемін. Әскерге барудан қашпаймын, бірақ әлімжеттігіне тоқтау қойылса жақсы болар еді», - дейді аты-жөнін атамауды өтінген қарағандылық студент.

ДЕПУТАТТАР ҰСЫНЫСЫ

Сенаторлар Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық пәнін дамыту жөнінде бірқатар ұсыныс жасады.

Республика аумағында 365 мыңнан астам жоғары сынып оқушылар аталмыш пәнді оқитынын және патриот жастар мемлекеттігімізді сақтаудың бірден бір шарты екенін ескере отырып келесі шараларды қабылдауды ұсынамыз:

1. Білім беру мекемелерінде БӘТД пәнін оқытудың күнтізбелік-тақырыптық жоспарының мазмұнын қайта қарап, жабдықтау нормасына сәйкес қажетті әскери-техникалық мүлікпен қамтамасыз етуді;

2. Мектептерде робототехника және IT-технологияларды оқытуға, геймификация тәсілдері мен тәжірибелік механизмдерін қолдануға жағдай жасауды;

3. Білім беру мекемелерінде жаттығу қарулары, кіші калибрлі винтовка мен олардың патрондарын сақтауға арналған арнайы жабдықталған бөлменің, атыс тирінің, кедергілер мен тактикалық дайындық сабағын жүргізетін алаңдарының болуын қамтамасыз етуді;

4. Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі ретінде жастарды өз қабілеті мен қызығуына қарай белгілі бір мамандыққа бағыттау, өмірлік және әскери қызметте қажетті кәсіптерді меңгеруіне жағдай жасауды сұраймыз.

Айжан Жанатқызы