«Жігітімді тұрмысқа шыққан соң өзгертіп аламын»: отбасылық зорлық-зомбылықтың басы неден басталады

Автор: Аян Бекжанұлы

Психолог ер адамның өзіне тән энергетикасын жоғалтып алмауы керек екенін айтты

Фото ашық дереккөзден

Елімізде соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық, ажырасу мәселесі белең алып тұр. Әрбір отбасының өзіне тән қиындықтары бар. Дегенмен отбасылық дағдарыстан шығу үшін, түйткілді мәселенің түйінін шешу үшін не істеу керек? Azattyq Ruhy тілшісі психолог Жасұлан Сейітқалиевтің кеңесіне сүйене отырып, мәселені анықтап көрді.

«ОТБАСЫЛЫҚ ӨМІРДІ АҚ КӨЙЛЕК КИІП, ТОЙДА ЖҮРУМЕН ҒАНА ЕЛЕСТЕТЕДІ...»

Маман сөз басында адамның бойындағы эмоциясын басқара алмауы үлкен қиындықтарға жеткізетінін айтып өтті.

«Отбасылық зорлық-зомбылық – қазір бұл өте күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Оның себебі неде? Бұл отбасының жылдар бойы басылып, проблемаларының түйткілдене беруінен пайда болады. Тату-тәтті отбасы аяқастынан бір-ақ күнде ажырасып кете салмайды. Бір-бірімен ашық сөйлеспеуі, эмоциясын жеткізе алмауы секілді болмашы мәселелерден туындайды. Адамда эмоциялы интеллект деген болады. Ол стресс, агрессия, қорқыныш деген түрлі сезімдерді басқару. Ал оны басқара алмаудың себептеріне тоқталып көрелік. Отбасы құруды, ер мен әйелдің қарым-қатынасын сырттай қалай көрді, кітапта қалай жазылды, сол күйінде, сол қалпында ғана қабылдап жататындар бар», - дейді психолог.

Сөз арасында біздегі менталитетте бойымызға сіңген ұяңдық, ойын ашық жеткізе алмау секілді «қасиеттер» бар екенін тілге тиек етіп өтті.

«Жалпылай алып қарасақ, шаңырақ көтерген екі адам ажырасамыз деп үйленбейді. Дегенмен отбасылық өмірді үйлену, ақ көйлек киіп, тойда жүру, құдалық секілді бер жағымен ғана елестететіндер бар. Бірақ үйлену бар да, ар жағында бақытты өмір сүрудің жолдары да бар. Алда кездесетін түрлі қиындықтар, қарым-қатынастағы кризис бар. Бірін бірі түсініспеушілік те бар. Осыны алдын ала ойламай, бер жағын ғана ойлап, отбасын құратындар бар. Әрине бұл көңіл жарастырған екі адамның шаңырақ көтермесін деген ой емес, тек осындай қиындықтардан қалай шығу керек дегенді алдын ала ойлаған жөн», - деп ойын жеткізді маман.

Зорлық-зомбылықтың басы неден басталады? Бастапқыда түсінбеушілік, арты ұрысқа айналады. Бір-бірінің қалауын орындамайды. Арада осылайша сыйластық жоғалады. Уақыт өте келе қол көтеретінді шығарады. Міне осының соңы зорлық-зомбылық, кісі өлімімен аяқталып жатады, дейді ол.

«Шыны керек, әр адамның бойында психологиялық жарақат бар. Психологиялық жарақат – адамның іштей басылып қалған, сыртқа шығара алмай қалған сезімі. Сол сезімді уақытында, дұрыс күйде сыртқа шығара алмағандықтан ол жинала келе бір күні атылады. Қол көтеру міне осындай шақта да туындайды. Мысалы сыртта шаруасы, қолға алған ісі жүрмей жатқан ер адам ашуға, ызаға булығып келеді. Осындайда жаман энергиясын сыртқа дұрыс шығара алмағандықтан әйелінің үй шаруасында жіберген қателіктерін бетіне басып, жұдырық ала жүгіреді. Аяғы ажырасуға, ал ең сорақысы зорлық-зомбылық салдарынан болатын кісі өліміне алып келеді», - дейді психолог.

Ал жағдайдың ушығуына не себеп? Жөнді тәрбие бермеген үйіндегі ата-анасы кінәлі ме? Әлде...

«Бұл мәселеге ата-ананы немесе нақты біреуді жамандаудың қажеті жоқ. Себебі ол кісілер бұдан зорын көрген деуге болады. Ата-әжелеріміз репрессия, соғыс, ашаршылық секілді үлкен нәубеттерді басынан өткерген. Ол замандағы қазақ халқы үшін қарынның тоқтығы мен киімінің бүтіндігі бәрінен маңызды болды. Ұлдарым аштан өліп, тұқымым тұздай құрымаса екен деген тілек басым болды. Ашаршылықтан кейін қазақ халқының бағына біткен ұлтжанды азаматтар жазықсыз жалаға ұшырап, репрессияның құрбаны болды», - дейді ол.

Рас, өткен ғасыр қазақ халқы үшін қиындыққа толы болды. Ұлт ретінде жер бетінен жойылып кетудің сәл-ақ алдында тұрды деуге де болады. Ал бертінде, яғни КСРО ыдырап, Қазақ елі өз алдына жеке мемлекет болған алғашқы жылдары да түрлі қиындықты бастан өткерді. Елдің тұрмыстық жағдайы бала тәрбиесіне айрықша әсер етті деуге болады.

«Әрбір отбасының проблемасы өзіне тән кемшіліктерден туындайды. Ажырасудың, зорлық-зомбылықтың бәрінде себеп бірдей деп айтуға болмайды. Әрқайсысын жеке-жеке қарастыру қажет. Кез келген жанжалда екі жақтың да кінәсі бар. Кінәнің бәрі біреуінде ғана болмайды», - дейді Жасұлан Сейтқалиев.

«ОТБАСЫЛЫҚ ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?»

«Ерлі-зайыпты ұрысқанда бір бірі үшін маңызы жоқ екенін, адам құрлы көрмейтінін айтып, ауыр сөздер айтып жатады. Міне осындай ауыр сөздер екі адамның бүгінге дейінгі бірлесе өткен қиындықтарын жоқ қып жібереді. Ортаға ата-ана түседі, олардың у-шуын бала да көреді. Бұл отбасылық дағдарыс деп аталады. Мұндай шақта адам не істеуі керек? Қандай әрекеттерге баруы керек? Психолог ретінде айтарым ер адам да, әйел адам да өз өзімен айналысуы керек. Кемшіліктерін түзеуге тырысуы қажет. Себебі бұл өмірде идеал адам жоқ. Әр адамның бойында кемшіліктері аз емес», - дейді ол.

Психолог әңгімесін жалғай отырып, «Әлемде ажырасу көрсеткіші жағынан Қазақстан алдыңғы қатарда тұр» деген ақпарат қазір осы істі насихаттаумен тең екенін жеткізді.

«Меніңше Қазақстан әлемде ажырасу көрсеткіші жағынан алдыңғы орындардың бірінде тұрмыз дегенді маркетинг жасамау керек. Бұл ажырасу ісін насихаттағанмен бірдей деп айтуға болады. Қазақ жаманын жасырып, жақсысын асыруға ұмтылған халық. Мен ғана емес басқалары да ажырасып жатыр ғой деп өз өзін жұбататындар болады», - дейді психолог.

Ол сөзін жалғай отырып, ажырасу ісінің соңғы жылдары белең алуына себеп болып отырған мәселелердің бірін қозғап өтті.

«Шыны керек, қазір кей отбасыларда ер адамның рөлі бұрынғыдай емес. Бұрын ер адамнан, әкеден имену, көрсеткен жолымен жүру, ақылына жүгіну басым болса, ал қазір... Ер адамның рөлін белгілі бір деңгейде интернет басты. Бірақ бұл да бәріне қатысты емес. Жекелеген жағдайлардың біразынан кездестіруге болады.

Тарихымызға көз жүгіртсек, шапқыншылыққа көп ұшыраған ұлттың біріміз. Сол себепті елін, жерін қорғап, отбасын асырайды деп ер адамды жоғалтудан қорыққан халықпыз. Оның әсері әлі күнге дейін сезіледі. Әйел адам ұлын не еркіне жіберіп, оның теріс әрекеттеріне көз жұма қарайды, не тым көп шектеу қояды. Салдарынан ұл бала жауапкершілікті алып жүруден жасқанатын болады. Ер адам жауапкершіліктен қашпайтын, отбасын алға сүйреп жүретін азаматқа тән энергетикасын көбейтуі қажет», - дейді ол.

Рас, бұл өз алдына, екінші жағынан қаржы жағынан әйелі күйеуінен көбірек табатын отбасылар да жоқ емес. Соның салдарынан бір төсекте екі ер адам жатқандай болады. Әйел адам – нәзік жаратылыс. Оның өмірдегі негізгі мақсаты – ақша табу емес, отбасының ұйытқысы болу. Дегенмен бұл нәзік жандылардың жұмыс істеуіне шектеу қою дегенді білдірмейді. Қайта ер адам өзіне тән міндетін атқарып, адал жолмен табысын арттыруға ұмтылуы қажет.

«БІРЕУДІ ӨЗГЕРТУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ...»

«Мынандай бір сәттер де кездеседі. Әйел адам тұрмысқа шығарда жұбайының кемшіліктерін көре тұра жігітімді тұрмысқа шыққан соң өзгертіп аламын деп ойлайды. Бірақ отбасын құрғаннан кейін де ер адам өзгермейді. Әйел адамның ойлағанынан шықпайды. Мұндайда не істеу керек? Шыны керек біреуді өзгертудің қажеті жоқ. Өзіңді де дамыта отырып, екінші жартыңды да соңыңнан сүйреп, үйлесу керек», - дейді маман.

Сөзін қорытындылай отырып, қазақ халқының тарихына тағы да көз жүгіртіп өтті. Батыстың феминизмді орынды-орынсыз насихаттауы да отбасындағы ер адам мен әйел адамның рөліне айрықша әсер еткенін тілге тиек етті.

«Әйел адам күшейген сайын ер адамның өзіне тән энергетикасы азаяды. Мұндай жағдай бір емес әрбір отбасында болса елге де әсер етеді, қоғамдағы рөлі азаяды», - дейді психолог.

Отан – отбасынан басталады. Оның негізі сыйластыққа сүйеу болып, бақытты өмір сүруі – бүгінгі қоғам үшін маңызды. Мұндай бақытты отбасында тәрбиеленіп шыққан бүлдіршін ертеңгі ел тізгінін қолға алар азамат болары анық.