Ол ата-аналар ерекше баласын қоғамға қалай бейімдеу керегін айтты
Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жағдай жасалып жатыр. Ерекше жандар сайлауға түсіп, Мәжілісте депутат бола алады. 19 наурызда өтетін сайлауға ұсынылған кандидаттар ішінде де ерекше жандар бар. Бұған қарағанда Қазақстан инклюзивті қоғамды қалыптастырып жатқанын көруге болады. Осы орайда Қазақстанда инклюзивті қоғам қаншалықты қалыптасқан? Әсіресе, ерекше балаларға қандай жағдайлар мен мүмкіндіктер бар деген сұрақтарға жауапты Azattyq Ruhy тілшісі «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігінің директоры Нұргүл Ұлжековадан сұрап білді.
«Қазақстандағы инклюзивті қоғам әлі де қалыптасып жатыр. Егер де инклюзивті білім беруді бөле жарып алсақ та, бастапқы деңгейде тұрғанын айтуға болады. Инклюзивті білім беру бойынша мамандарды даярлау жүзеге асырылып жатыр. Бірақ бұл саладағы басқа проблеманы шешпейді. Мәселен, сәулет кедергілері мәселелері шешілмей отыр. Көптеген мектеп оның ішінде жаңадан салынған оқу ордаларының көбінде лифт жоқ. Ол жерлерге арбада отырған балалар шыға алмайды. Дене шынықтыру мұғалімі сынды мамандарға бейімделген дене тәрбиесі бойынша біліктілікті арттыру курстары өткізілмейді. Сондықтан ерекше балалар дене шынықтыру сабағына бармайды. Өйткені мұғалімдер олармен жұмыс істей алмайды», - деді Нұргүл Ұлжекова.
Ол атағандай, ата-аналар арасындағы ақпараттық ағарту жұмыстары да аз.
«Ата-ана өздерінің ерекше балаларын жалпы білім беретін мектептерге береді. Әсіресе, біз шалғайда тұратын ата-аналар өздерінің балаларын қарапайым мектепке бермейтініне куә болып жатамыз. Себебі оларға мектепте ешкім кеңес айтпайды. Олар жалпы орта мектепке барса, оларды арнайы мектепке немесе мамандандырылған интернаттарға бағыттайды. Ақыл-есі дұрыс сақталған балалардың өзі көп жағдайда үйден білім алып отырғанын көреміз. Сондықтан инклюзивті білім беру кешенді түрде шешілетін дүние. Оны отбасымен де шешу керек. Себебі көп ата-ана ерекше балаларын мамандандырылған интернатқа бергенді жөн көреді. Себебі олар таңертеңнен кешке дейін сонда болады. Ал ата-аналардың көбі жұмыс істейді. Ал шалғай аудандардағы ата-аналар ондай мекелмелерде балаларын апталап тастап кетеді. Тек демалыстарда ғана алады. Ал егер ерекше бала мектепте оқыса, оны апарып, алып келетін адам керек», - дейді Ұлжекова саланың ішкі проблемаларын көтеріп.
Маманның айтуынша, инклюзивті қоғам туралы айтатын болсақ, ол үшін ерекше адамдар барлық нысанға кедергісіз бара алуы керек.
«Себебі қазір қолжетімді нысандар қатары аз. Ал нысандар арнайы жабдықталған болса да, оларға жеткенше біраз қиындықтар туындауы мүмкін. Қоғамдық көліктерде де кедергілер бар. Арбадағы адамды тасымалдай алатын автобустар кейбір қалада жоқ. Баласы аутист ата-аналар да өздерінің балаларын қоғамдық көлікпен таси алмайды. Себебі бала жабық мекемеде алаңдаушылыққа түседі. Біздің қоғам мүшелері де ондай ерекше жандардың осылай жүруін қабылдай алмай жатады. Сондықтан ата-аналар мұндай стресске түспеу үшін көп жағдайда үйлерінен шықпайды. Оған қоса таксимен жүреді. Осы сынды қоғамдағы кедергілер ерекше балалар мен олардың ата-аналарын жиі қоғамдық өміргемен мұрша бермейді», - дейді Нұргүл Ұлжекова.
Ол «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігі ерекше балалар мен жастарға қалай жәрдемдсеіп жатқаны туралы айтып берді.
«Біздің «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігі ерекше жастар мен балаларға арналған дене шынықтыру секциялары арқылы тәуелсіз тұлға тәрбиелеуге ұмтылады. Спорт арқылы тәрбиелеп, спортқа деген тұрақты қызығушылықты оятамыз, сондай-ақ белсенді өмір сүруге ынтасын арттырамыз. Бұл дегеніміз ерекше жандар қоғамдық өмірдің кез келген саласына белсенлді араласа алады. Осылайша, спорт арқылы тұлғалық даму ілгерілеп, ал менталды бұзушылықтары бар адамдар үшін спорт коммуникативтік дағдыларға үйретеді. Өзге балалармен әңгімелесуге, өзге адамдардың ортасында әлеуметтенуге мүмкіндік береді. Біздегі спорт жарыстарына қатысу балаларға физикалық және психикалық өсуге көмектеседі», - деді ол.
Маманның айтуынша, қоғамдық бірлестік елдің 22 қаласында жұмыс істеп жатыр.
«Samruk -Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының көмегімен біз 1099 ерекше балаға арналған спорт секциясын аштық. Жыл сайын спорт жарыстарын ұйымдастырып тұрамыз. Жылда балалар арасындағы паралимпиадалық ойындарды өткіземіз. Бізде айналысатын балалар өзге де отандық, халықаралық конкурстарға қатысады. Осының барлығы инклюзивті қоғам қалыптастыруға мүмкіндік береді. Спортта жетістікке жеткен балаларын көрген ата-аналар баласының болашағы үшін сенімді бола түседі. Сыртқа ерекше баласымен жиі шығуға тырысады. Біздің спорт секциялары ата-аналардың психологиялық оңалуына да мүмкіндік береді. Себебі олар бір-бірімен танысып, достасып кетеді. Бірдей қызығушылығы бойынша балаларын секциядан басқа жерлерге апарып жатады», - дейді ол.
Ұлжекова ерекше балалардың ата-аналары қандай әрекет жасауы қажетін де айтып берді.
«Ерекше балалардың ата-аналары өз баласын дамытуға қалай көмектесе алады дегенге, ең алдымен баласын қабылдау арқылы деп айтар едім. Ең алдымен ата-ана баласын диагнозымен қабылдауы керек. Біздегі проблемалардың бірі ата-ана баласының диагнозын қабылдамай, туыстарынан оның дертін жасырып жатады. Ешкімнен жасырмау керек, бұл жерде кемшілік тудырудың қажеті жоқ. Ерекше балалар да - кәдімгі адамдар. Әрине, олардың ерекшеліктері бар. Ата-ана өз баласын қалай бар солай қабылдамаса, оны қоғам да қабылдамайды», - дейді Нұргүл Ұлжекова.
Сол себепті де ата-ана өз баласын қабылдап, қоғамдық шараларға белсенді қатысуы керек.
«Оны сау балалармен қатар дамыту керек. Сау ортаға баласын бейімдеуі керек. Себебі бала өзін басқалардан ерекше екенін сезінбеуі керек. Егер ол қарапайым мектепке баратын болса, басқа ата-аналармен алдын ала әңгімелесіп, түсіндіріп қойған абзал. Мектепте ерекше бала оқып жатқанын ескертуі керек. Баланың айналасымен жұмыс істеген дұрыс. Балаларға да олардың сыныптасының ерекшелігін түсіндіретін жиын өткізген ата-аналар бар. Сондықтан осыны жүзеге асыру керек. Баланың қоғамға сіңісуін қамтамасыз ету қажет», - деп ойлайды ол.
Оның пікірінше, спорттық, шығармашылық конкурстарға ерекше баланың қатысуы да болашақта өз жетістігін береді. Олардың кішкентай жеңісін қолпаштап, қызығушылықтарын ескеріп отыру керек.
«Менің ойымша, мектептерде инклюзивті қоғам мәселесіне арналған арнайы ашық сабақтар өткізу керек. Балабақшадағы бүлдіршіндерге де ерекше қажеттілігі бар адамдар жайлы, олардың мүмкіндіктері мен қажеттілігі жайлы айтып отыру керек. Ересек балаларға олармен әңгімелесудің этикасын үйрету керек. Бұл барлық жүйе бойынша енгізілсе, адамдарда ерекше қажеттілігі бар адам туралы түсінік пайда болады. Олар қоғамда ерекше баланы көрсе, онымен әңгімелесу, көмектесу әдістерін біледі. Сондықтан мектеп бағдарламасына инклюзивті қоғам туралы пән енгізген дұрыс деп ойлаймын. Себебі өкінішке қарай, жыл санап мұндай адамдардың қатары артып отыр», - дейді ол.
Нұргүл Ұлжекова атағандай, қоғам осындай қабылдауға дайын болуы керек.
«Оларды аямай, мүсіркемей, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қарап үйрену керек. Бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемақыға күн көретіндер, үнемі көмек қажет ететін адамдарға сияқты қарайды. Адамдар оларды аяйды. Бұл жерде аяу керек емес, жақсы қарым-қатынас пен сыйлау қажет. Мүмкіндігі шектеулі адам емес, қоғам оларға қалай бейімделуі керек. Себебі бұл жағдайдағы адам рөлінде біздің кез келгеніміз отыруымыз мүмкін. Сондықтан адам әркез адамдығын сақтауы керек. Оларды қоғамнан шектейтін, шеттетін ешбір кедергі болмауға тиіс», - деп түйін қорытындылады ол өз ойын.
Айта кетейік, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігіне «AMANAT» партиясының жанындағы «Кедергісіз келешек» жобасы қолдау көрсетті. «Кедергісіз келешек» мүмкіндігі шектеулі жандарға 15 жылдан астам қолдау көрсетіп келеді.
Марья Айдарбаева