Отандық туризм: әлеуетті жақсарту үшін қандай шаруалар атқарылуы тиіс?

Биыл еліміз бойынша тегін әуе сапарын пайдалана алатын балалар саны 2 мыңға дейін артады. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Алқа отырысы барысында айтып, ведомсвтоның алдағы жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда турпакет шеңберінде саяхаттайтын кәмелетке толмаған жолаушылардың (2 жастан 17 жас аралығы) билет құнын субсидиялау бағдарламасы күшіне енді. Нәтижесінде былтыр Kids Go free бағдарламасы бойынша 1500 бала ұшақпен тегін ұшуға мүмкіндік алды.
Бағдарлама қалай жұмыс істейді?
1) бұл мүмкіндікті тек Қазақстан Республикасының азаматтары ғана пайдалана алады;
2) кәмелетке толмаған балалар әуе рейсіне кәмелетке толған азаматтармен (ата-анасы, әжесі және өзге де ересек жақын туыстарымен) отырғызылады;
3) шара турпакет шеңберіндегі сапарларға ғана қолданылады;
4) турпакет ішкі туризмде лицензиясы бар туроператордан сатып алынуы тиіс;
5) турпакет сатып алу барысында балалардың әуе билет құны алынып тасталады.
Бағдарлама туроператорлардың алдымен әуе билеттерін өз қаражаты есебінен сатып алуын, ал кейіннен бұл шығындарды ережеге сәйкес мемлекет өтеуін көздейді. Ал, туроператорлардың бағдарламаға қатысуы ерікті болып табылады.
«Биыл біз 2000 балаға тегін әуе қатынасын ұсыну үшін жұмыс істейтін боламыз. Бұл – отбасылық демалыс үшін қосымша мүмкіндіктер. Сонымен қатар, Kids Go free бағдарламасы туроператорлар үшін қолжетімді болды. Балалар авиабилетін сатып алуды растау тізбесі кеңейтіліп, өтінімдер мен төлемдерді қарау мерзімі қысқартылды», - деді министр Асхат Оралов.
Дүниежүзілік экономикалық форумның нұсқасы бойынша Туризмнің жаһандық рейтингінде Қазақстан 14 орынға көтерілді. Егер 2019 жылы Қазақстан 80-ші орында тұрса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша ел көрсеткіштері жақсарып, 66-шы орынға жайғасты.
Бұл рейтингтің көш басындағы 5 елдің қатарына Жапония, АҚШ, Испания, Франция, Германия сияқты елдер кіреді. Қазақстаннан жоғары Грузия (44 орын), Армения (61 орын) және Әзірбайжан (63 орын), рейтингте төмен, Черногория (67 орын), Марокко (71 орын), Моңғолия (84 орын), Қырғызстан (90 орын) сияқты елдер. Бұл ретте, Өзбекстан мен Беларусь дәстүрлі түрде рейтингке қатыспайтынын айта кеткен жөн.
«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының 2021 жылғы деректеріне сүйенсек, Дүниежүзілік экономикалық форумның жекелеген ішкі индекстері бойынша жалпы рейтингте Қазақстанның жоғары әлеуеті байқалады. Мысалы, баға бәсекестігі бойынша Қазақстан 1-ші орында.
Бағаның бәсекеге қабілеттілігі белгілі бір елге сапарлардың немесе инвестициялардың қаншалықты қымбат екенін өлшейді. Елге саяхаттауға байланысты төмен шығындар оның көптеген саяхатшылар үшін сұранысын арттырады, сонымен қатар оның туристік секторы инвесторлардың қызығушылығын тудырады. Осы құрамдас бөлікте баға бәсекелестігіне қатысты ескерілетін аспектілеріне мыналар жатады: әуе билеттеріне және әуежай алымдарына салынатын салықтар; қонақүйлердің салыстырмалы құны және қысқа мерзімді тұрғын үйді жалға алу; сатып алу қабілетінің паритетімен ұсынылған өмір сүру құны; сапар құнына тікелей әсер ететін жанармай шығындары.
«Жекелеген субиндекстер бойынша Қазақстан жалпы рейтингте жоғары әлеуетке ие. Мысалы, баға бәсекеге қабілеттілігі бойынша еліміз 1 – орынды, Халықаралық келу маусымдылығы бойынша – 26, мәдени көрікті жерлерге қызығушылық бойынша – 37 орында», - деп толықтырды Асхат Оралов.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік экономикалық форум Саяхат және туризмді дамытудың жаһандық индексі екі жылда бір рет жарияланады. Индекс елдерді 100-ден астам жеке бейіндік көрсеткіштер бойынша бағалайды.
Айта кетерлігі, осы жылдан бастап қонақүйге келген әрбір шетелдік туристтен bed tax салығы алынады. Жиналған қаражат жергілікті бюджетке жіберіледі. Қазір өңірлерде тарифтерді бекіту жұмыстары жүргізілуде. Осылайша 2023 жылдың соңына дейін өңірлерден кем дегенде 2,5 млрд теңге жинақталады. Түсетін қаражатты тиімді бақылау үшін Қаржы министрлігі жеке бюджеттік сыныптама кодын әзірледі. Bed tax салығы 3-4 долларды құрайды болады. Өткен жылы мораторий жарияланғандықтан туристік салық ешкімнен алынбаған болатын.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қазақстандықтар үшін туристік кешбэк енгізуді ұсынды. Ведомство басшысы енгізуді жоспарлап отырған бағдарлама жолдамалар ресми туристік агенттіктерден демалу үшін аз белсенді маусым кезінде сатып алынған жағдайда азаматтарға тур құнының 20%-на дейін қайтаруға мүмкіндік береді. Мысалы, жаңа бағыттарға (Абай, Ұлытау облыстары) шығындар сомасының 20% қайтарылатын болса, Алматы, Бурабай сияқты танымал және сүйікті бағыттарға кешбэк 10% құрайтын болады.
«Біз аталған бағдарламаның барлық тетігін толық және сапалы пысықтау үшін жұмысты қолға аламыз. Кешбэк – ішкі туризмді тартымды етудің жаңа құралы. Сұранысты арттыра отырып, отандық туристік операторларға да қолдау көрсетеміз. Министрлік туристік кешбэк енгізу мәселесін қарауды жеделдетуі керек деп санаймын», - деп атап өтті Асхат Оралов.
Өткен жылы қаңтар-қыркүйек айларында еліміздегі орналастыру орындарында 4,9 миллион отандық туриске қызмет көрсетілген. Бұл 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 миллион адамға артық көрсеткіш.
Аталған кезеңде ұлттық парктерге келушілер саны 1,7 миллионнан астам адамды құраған. Бұл көрсеткіштің жартысынан көбі – 900 мың адам – Алматы өңірінің парктеріне тиесілі: Іле-Алатау, Шарын, Алтын Емел және Көлсай көлдері.
Статистикаға сүйенсек, әрбір төртінші турист, яғни 1 миллионнан астам қазақстандық саяхатшы Алматыдағы қонақүйлерге орналасқан. Бұған дейін еліміздің ешбір өңірінде 9 айдың ішінде мұндай көрсеткішке жеткен орналастыру орны тіркелмеген еді.
Туристік ағымның ұлғайғандығына байланысты орналастыру орындарында көрсетілетін қызметтер көлемі де артты. Қонақжайлар, демалыс орталықтары, қонақүйлер, хостелдер және басқа да орналастыру орындары 9 айда 130 миллиард теңге табыс тапқан. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 50 пайызға артық көрсеткіш.
Үш облыстың туризмнен тапқан табысы ұлғайған. 2019 жылмен салыстырғанда Түркістан, Маңғыстау және Ақмола облыстарында көрсетілген қызмет көлемі екі есеге артқан.
Қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарында демалатын шетелдік туристер саны да артып, 610 мың адамға жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда үш есе көп.
Еліміздің нөмірлік қоры да үлкейген. Жыл басынан қыркүйекке дейінгі аралықта 11 000 жатын орын немесе 5 000 қонақүй бөлмесі пайда болған. Бұл ретте Қазақстанда 3 956 орналастыру орнына 204 мың адамды жайғастыра алады.
Бурабай курорттық аймағында өткен алқа отырысының соңында туризм саласындағы кәсіпкерлермен мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды.
2022 жылы Қазақстанға келген шетелдік туристер саны 3 есе өсті. Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов шетелдік туристердің жалпы саны 610 мың адамға жеткенін атап өтті. Салыстырып қарағанда, 2021 жылғы осындай кезеңнің қорытындысы бойынша 9 айда Қазақстанға 208,5 мың шетелдік қонақ келді. Динамика 2022 жылы 1,3 млрд. АҚШ долларына дейін өскен қызмет көрсету экспортына жағымды әсерін тигізді. 2021 жылы сол кезеңдегі экспорт сомасы 395 млн АҚШ долларын құрады.
«Әрине, пандемиядан кейінгі кезеңді де ескеру керек. Бірақ 2022 жылы жағдай айтарлықтай жақсарды. Министрлік Қазақстан бойынша «Қазақстан Гранд-турының» негізіне кіретін бес басым бағытты әзірледі. Бұл – қазірдің өзінде сұранысқа ие тартымды маршруттар. Бірақ олардың барлығы көптеп келетін туристерді қабылдауға дайын деп айтуға келмейді. Сондықтан біз әкімдіктермен бірге инфрақұрылымды жақсартып, таңдалған бағыттар бойынша туристер үшін жағдай жасауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ туризм саласы қызметкерлерін оқыту және олардың біліктілігін арттыру, туроператорлармен бірге мақсатты нарықтарда турларды ілгерілету бағытында жұмыстар жүргізілетін болады», - деп атап өтті Асхат Оралов.
Айжан Жанатқызы