Қалалық Кәсіпкерлер палатасына жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлерден ұжымдық өтініш түскен
Палатаға барлығы қалада 7 кәсіпкер жүгініп, оларға 160 мың теңгеден астам сомаға 21 ұйғарым жолданғанын айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің тілшісі.
Алматыда 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап автотасымалдаушылардың атына қоғамдық көлікке арналған жолдарда жүргені үшін айыппұлдар келе бастаған. Олардың жолаушыларды тұрақты түрде болмаса да, тасымалдауға лицензиялары бар. Қалалық автобус қызметі тұрақты және тұрақты емес болып бөлінеді. Көліктің осы екі санаты да Жол жүру ережесінің 39 және 5.1 пункттері бойынша қала жолдарындағы автобустарға арналған жолақпен жүруге құқығы бар. Алайда қалада іске қосылған «Сергек» камераларынан осы кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге айыппұл түбіртектері көптеп келген.
«Қалада жолаушыларға арналған екі түрлі қоғамдық жолаушылар тасымалының түрі тіркелгенін айтуға болады. Тұрақты тасымалмен қоғамдық көліктер айналысады. Мұндай бағыттағы автобус, троллейбус және өзге де көлік құралдарына Қалалық мобильдік басқармасы лицензия береді. Ал оқушыларды, туристерді немесе мекемелердің жұмысшылары мен қызметкерлерін тасымалдайтын компаниялар Қалалық кәсіпкерлік басқармасының тиісті рұқсаттарымен жүреді. Осы қызмет көрсетушілердің ішінде тұрақты емес жолаушы тасымалдаушыларға айыппұлдар салу заңсыз деп есептейміз. Қазір бұл шағымдар бойынша прокуратура өкілдеріне хат дайындап жатырмыз», - дейді Алматы қалалық Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Дастан Төрегелді.
Алматы қаласының Әкімшілік полиция басқармасы тасымалдаушыларды тұрақты емес автомобиль көлігімен жүзеге асыратын қоғамдық көлік санатына жатқызатынын хабарлаған. Әлі күнге дейін тұрақты емес тасымалдаушы автобустардың мемлекеттік нөмірлері мәліметтер базасына енгізілмей отыр. Тиісінше айыппұлдар да жойылған жоқ. Алматы қалалық кәсіпкерлік палата өкілдері мәселені зерделей отырып, Кәсіпкерлік палата сарапшылары Алматы қаласы Әкімшілік полиция басқармасының ұсынған түсініктемелері мен келіп түскен нұсқамаларын заңсыз, әрі бизнеске әкімшілік қысым көрсету деп санайды.
Айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласында да қоғамдық көлікке арналған жолақтар қарастырылған. Бірақ оны тұрақты емес тасымалдаушылар заңды түрде пайдалана алады. Биыл 21 қаңтар күні Палата алаңында осы мәселені шешу үшін жұмыс тобының отырысы өтті. Онда уәкілетті орталық және аумақтық мемлекеттік органдардың өкілдері өзге қаладағы әріптестерімен бейне байланыс арқылы тәжірибелерімен бөлісіп, қолданыстағы заңнама нормаларын талқылаған.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы