Қауіпті індеттің беті қайтар түрі жоқ
Денсаулық сақтау министрлігі ҚР азаматтарына төмендегі елдерге бармауға кеңес береді:
- Қытай Халық Республикасы
- Гонконг,
- Макао,
- Тайвань,
- Оңтүстік Корея,
- Италия,
- Жапония,
- Иран,
- Сингапур,
- Таиланд,
- Малайзия.
Министрліктің мәліметінше, әлемде әлі де коронавирус инфекциясы таралып жатыр. 27 ақпандағы жағдай бойынша, 81 мыңнан астам адам аталған инфекцияны жұқтырған. 2 мың 806 науқас қайтыс болды. Індет, әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде өршіп тұр. Ауру-сырқау мен өлім-жітімнің 99 пайызы осы өңірге тиесілі екен.
«Қытай Халық Республикасында 78 мың 497 адам коронвирус жұқтырған. 2 мың 744 тұрғын көз жұмды. Қытайдың арнайы әкімшілік аудандары Гонконгта – 89, Макаода – 10, Тайваньда – 32 инфекцияға шалдығу дерегі тіркелген.
Оңтүстік Кореяда эпидемиологиялық жағдай күрт шиеленісіп, 12 адам көз жұмған. Соңғы күндері тағы 115 азамат сырқаттанған. Жапонияда да науқастар саны артып келеді, онда 172 адам коронавирус жұқтырған және 3 адам қайтыс болды, Сингапурда – 93, Таиландта – 40 ауру анықталды.
Сондай-ақ, соңғы күндері Италияда ауырғандар санының күрт өсуі байқалады. 470 адам кеселге тап болса, оның 12-сі ажал құшқан. Иранда 19 адам көз жұмған», - делінген ресми хабарламада.