Жұмыс орны, инфрақұрылым, транзит, жол құрылысы: елдің индустриясы қалай дамиды

Автор: Azattyq Rýhy

Құзырлы органның алдында бірқатар бағытты жақсарту бойынша міндеттер тұр

фото: kapital.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі былтыр атқарған жұмыс қорытындылары мен биылға арналған міндеттерін тізбелеуді жөн көрдік, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

16 МЫҢНАН АСТАМ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ОРНЫН АШУ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев 2022 жылдағы ведомствоның қызметіндегі негізгі нәтижелерге қысқаша тоқталып, осы жылға арналған жоспарларын айтты.

Бірінші кезекте ИИДМ-нің басшысы биыл орта және жоғары бөліністегі өнімдерді өндіру мақсатында өнеркәсіптік даму саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылатынын айтты.

Сондай-ақ салалық жоспарлар мен импортты алмастырудың өңірлік бағдарламалары қабылданады деп күтіліп отыр.

Қарабаевтың айтуынша, жыл соңына дейін 1,1 трлн теңгеге 16,3 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды көздейтін 149 жаңа жобаны іске асыру жоспарланған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес былтырғы желтоқсан айында министрлік Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті.

Бұл саланы одан әрі дамытып, алдағы іс-қимылды айқындайтын негізгі құжат саналады.

Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру үшін былтыр теміржол саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырыла бастағанын айта кетейік. Атап айтқанда, 2022 жылдың қараша айында теміржол көлігі саласындағы ірі жобалардың бірі – «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші торабының құрылысы басталған болатын.

Аталған жобаны іске асыру осы учаскедегі жылжымалы құрамды өткізуді 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.

«2023 жылы Алматы стансасын айналып өтетін теміржол желісінің құрылысын бастап, сондай-ақ транзиттік учаскелердегі тар шеңберлі жерлерді жою жөніндегі жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Осы жылдың соңына дейін «Дарбаза–Мақтарал», «Бақты – Аягөз» сынды жобалардың техникалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары аяқталу тиіс. Содан кейін аталған жобаларды іске асыруды бастаймыз», -деді ведомство басшысы.

Биыл автожол саласында жалпы көлемі 10,5 мың шақырым (оның ішінде республикалық желі бойынша - 7,3 мың шақырым, жергілікті желі бойынша - 3,2 мың шақырым) жолды құрылыс және жаңғырту жұмыстарымен қамту жалғастырылады.

Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша салынатын жолдың сапасын арттыру үшін осы жылдың соңына дейін FIDIC халықаралық ережелерінің шарттары енгізілмек.

Негізгі 50 нормативті құру арқылы қолданыстағы 1200-ден астам салалық норматив оңтайландырылады.

Бұдан басқа EPCM-келісімшарт қағидасы бойынша автожол жобаларын іске асыруға көшу жүзеге асырылып, бұл бір орындаушыға жобаның толық өмірлік циклін, атап айтқанда жобалау сатысынан бастап осы учаскені 10 жыл бойы күтіп ұстауға мүмкіндік береді.

Құрылыс саласында 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді немесе 143,5 мың баспананы пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Министрлік экономика салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мен халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға қойған міндеттерді сапалы әрі уақтылы іске асыру үшін барлық қажетті шараны қабылдаймыз»,-деді Марат Қарабаев.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ТАПСЫРМАСЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

Өз кезегінде Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев министрліктің алдына қазіргі уақыттың талаптары мен сынақтарына жауап беретін жаңа мақсат-міндеттерді қойып отырғанын айтты.

«Олар Президенттің сайлау алды бағдарламасында, Қазақстан халқына Жолдауында, және Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде берілген. Индустрия министрлігі еліміздегі аса маңызды жобаларды жүзеге асыратын негізгі мемлекеттік органның бірі болып табылады.Осыған байланысты министрлік  мынадай бағыттарға назар аударуы тиіс.2022-ші жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі – 3,4%-ке өсті.Дегенмен, 2021-ші жылға қарағанда былтыр тау-кен өндіру саласының даму қарқыны біршама баяулап кетті», - деді Әлихан Смайылов.

Ол атағандай, оған әлемдегі күрделі геосаяси жағдай, жаһандық логистикалық бағыттардың бұзылуы сияқты көптеген фактор әсер еткені белгілі.

«Соған қарамастан, тау-кен саласындағы өндіріс көлемін қалпына келтіріп, тұрақты өсуді қамтамасыз ету өте маңызды. Экономиканы әртараптандыру Министрліктің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.Өткен жылдың қорытындысы бойынша 2 трлн теңгеден астам сомаға 160 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Биыл жобаларды іске қосу бойынша жоспарлар төмендеді: барлығы 1,1 трлн теңгеге 149 жоба. Біздің алдымызда жыл сайынғы өсімнің 4-5% - ға шығуымен елдің ЖІӨ-нің тұрақты өсуін қамтамасыз ету міндеті тұр.Бұл міндетке қол жеткізуде өнеркәсіп маңызды рөл атқарады», - деді Смайылов.

Министрлік өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп индустриялық жобалар пулын, оның ішінде 2023 жылға кеңейтуі қажет екен.

«Бұл жұмыста жаңа кәсіпорындар халықты жұмыспен қамтамасыз ете алатын моноқалалардың дамуын ескеру маңызды. Бізде жақсы мысалдар бар.Мәселен, Саран қаласында Татнефть компаниясымен бірлесіп шиналар шығаратын зауыт пайдалануға берілді. Бұл бірегей жоба, оның өнімі экспортталады, ал оның алаңында моноқаланың мыңнан астам тұрғыны жұмыс істейді. Министрлік мұндай мысалдарды масштабтауы керек.Сондай-ақ Мемлекет басшысы қайта өңдеушілерді қолжетімді бағамен қажетті шикізат көлемімен қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өткім келеді.Осыған байланысты министрлік отандық қайта өңдеу кәсіпорындарын базалық шикізатпен қамтамасыз етуі қажет», - дейді Смайылов.

ТРАНСКАСПИЙ БАҒЫТЫН ДАМЫТУ

Ол атағандай, Қазақстанның көлік жүйесінің интеграциясы халықаралық дәліздермен өңірдегі негізгі транзиттік мемлекет ретіндегі ұстанымымызды сақтауға мүмкіндік береді.

«Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі -біздің транзиттік және экспорттық мүмкіндіктерімізді әртараптандыруға мүмкіндік беретін негізгі бағыттар.Ақтау және Құрық теңіз порттарын кешенді дамыту бойынша жұмысты жеделдету қажет. Оның ішінде «Ақтау теңіз порты» АЭА базасында көліктік-логистикалық хаб құруды жандандыру бар.Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін одан әрі дамыту үшін ҚТЖ-ны ұлттық көліктік-логистикалық компанияға трансформациялау бойынша жұмысты сапалы жүргізу қажет.Өткен жылдың қараша айында «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолдарының құрылысы басталды», - деді ол.

Премьер атағандай, 2026 жылға дейін «Дарбаза – Мақтаарал», «Алматы станциясын айналып өтетін айналма жол» және «Бақты – Аягөз» жобаларын аяқтау жоспарланып отыр.

«Вагондар мен локомотивтерді жаңарту жұмыстарын жүргізу қажет.Сондай-ақ жыл соңына дейін отандық теміржол машиналарын жасауды дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет.Бұл халықтың наразылығын және біздің автожолдарымыздың жағдайын тудырады. Жолдар жөндеуді қажет етеді, адамдар өлетін апаттар үнемі болып тұрады.Сонымен қатар жөндеу сапасы шағым тудырады, жөнделген жерлерде проблемалар қайтадан пайда болады. Бұл мәселені ерекше бақылауға алу керек», - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер назар аударған бағыттың бірі  - Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту.

Президенттің Сайлауалды бағдарламасына сәйкес,  алдағы 7 жыл ішінде  111 млн шаршы метр тұрғын үйді  пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның 15,3 млн шаршы метрі биыл аяқталуы керек.

Алайда өткен жылдың нәтижесін алып қарайтын болсақ,  өңірлерде  тұрғын үй құрылысының қарқыны төмендеп кеткені байқалады.

«Осыған байланысты министрлік бақылауды күшейтіп,жоспарланған көрсеткіштерд  қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, Үкіметке  жаңа Құрылыс кодексін әзірлеу тапсырылды.Аталған құжатты  сапалы  және уақтылы әзірлеу керек.Өткен жылы  тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық желілерін салу  және жаңғырту жұмыстарының арқасында  олардың тозу деңгейі 51%-тен асқан жоқ. Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасына сәйкес,  бұл көрсеткішті  2029-шы жылдың соңына қарай 40%-ке дейін төмендетуіміз керек», - деді ол.

Үкімет басшысы айтқандай, еліміздің барлық қалалары мен ауылдарын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету  міндеті тұр.

«Ол үшін «Әрбір елді-мекенде  таза ауыз су» ұлттық жобасы әзірленуде. Министрлікке  ұлттық жобаны  мүдделі мемлекеттік органдармен келісуді жеделдетіп,  белгіленген мерзімде  Үкімет Аппаратының қарауына  енгізуді тапсырамын. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен міндеттерін  сапалы және уақытылы орындау – экономиканың тұрақты өсу деңгейі мен  халықтың әл-ауқатының жақсаруына  тікелей ықпал етеді. Аталған міндеттер  үлкен жауапкершілікпен атқарылуы тиіс», - деп түйіндеді ол.

Марья Айдарбаева