Елімізде жайылымдық жерлер 183,4 миллион гектарды құрайды
Өткен жылы мемлекетке пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 5,2 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 миллион гектар алаңда өздерінің ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге кірісті. Ал осы жылы тағы 5 млн гектар жерді қайтару жоспарланған. Мұндай деректерді ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында айтты.
Осы мәселеге орай Azattyq Ruhy тілшісі Agroholding QAZYNA басқарма төрағасы Алмасбек Садырбаевпен тілдесіп, жаңа өзгерістерге қатысты көзқарасын білді.
Министр Қарашөкеевтің Үкімет отырысында келтірген деректеріне сүйенсек, жеке қосалқы шаруашылықтарда жайылымға жайылатын 5,7 миллион шартты бас (жануарлардың әр түрлі санаттары мен түрлерін салыстыру үшін пайдаланылатын бірлік – авт.) бар. Елімізде жеке қосалқы шаруашылықтардың малдарын жаю үшін қосымша 8,9 миллионн гектар жайылым қажет екен. Бұл жеке қосалқы шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы жануарлары санының айтарлықтай өсуіне байланысты болып отыр. Мысалы, соңғы 10 жылда тек ірі қара мал басы 7,7 пайызға өсті. Ал Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары сияқты өңірлерде мал басының өсу қарқыны шамамен 16 пайызды құрады. Сонымен қатар, ұйымдасқан шаруашылықтарда 5,9 миллион шартты бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар, яғни жайылымдардың есептік резерві 30,4 миллион гектарды құрауы мүмкін.
«Біздегі қолданыстағы жайылымдық жерге қатысты заң өте қолайлы. Бірақ өкінішке қарай, ол заң жұмыс жасамайды. Өйткені жергілікті жердегі әкімдіктің мойнына нақты құзыры белгіленбеген. Сондай-ақ, ол заң орындалмаған жағдайда әкімдікке жауапкершілік көзделмеген. Сол себепті бүгінгі күні былайша айтқанда, парадокс – әлемде жер көлемінен 9-орын алатын, халық саны аз Қазақстанда жайылымдық жер тапшы. Президенттің пәрменінен кейін Үкіметтің 5 млн жерді қайтаруы өте маңызды. Алайда бүгінде қай жер қайдан және кімнен қайтқаны туралы бізге әлі нақты ақпарат берілген жоқ. Сондай-ақ, сол 5,5 млн гектар жердің 1,8 млн гектар жері халыққа беріліп үлгеріпті. Ол жерлер кімге және не үшін берілгені туралы да мәлімет жоқ. Сондықтан жерді алу және беру туралы ақпараттар ашық жария болмай, бұл мәселе түбегейлі шешілмейді. Себебі облыс және аудан әкімдері нашар менеджерлер. Ауыл тұрғындары үшін жер ол – күнкөріс көзі. Ауыл болғаннан кейін мал ұстамайтын қазақ жоқ. Сол айналдырған санаулы малын бағатын жер жоқтың қасы», -- дейді Алмасбек Садырбай.
Ведомство басшысы өз баяндамасында 2022 жылдың қорытындысы бойынша ғарыштық мониторинг пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген 5 миллион гектар жерді анықтағынын мәлімдеді. Ендігі ретте сол жерлер 2023 жылы мемлекетке қайтарылатын болады. Дегенмен Алмасбек Садырбай ғарыштық мониторингтің жұмысына қатысты әлі де шикілік бар екенін айтады.
«Ғарыштық мониторинг арқылы «тиімді игеріліп отырған жоқ» деген жерді тартып алу меніңше дұрыс емес. Мәселен қарапайым шаруа 100 бас мал бордақылап отыр делік, бірақ оның малды жаюға арналған 5-ақ гектар жері бар. Ал мұны ғарыштық мониторинг заң бұзушылық деп есептейді. Себебі бір ірі қараға 5 гектар жер болу керек. Ол кісі мониторингке ілініп қалып, бар жерінен айырылып қалуы мүмкін. Бұл сияқты шала дүниелер әлі де бар. Тек менің ғана емес, осы саладағы өзге де мамандардың пікірінше, қайтарылған жерлердің көбі орта шаруаларға тиесілі жерлер. Ал ауылдың нағыз агроолигархтарының мұртына әлі балта шабылған жоқ. Сондықтан бұл орайда әлі де мәселелер толығымен шешімін тапқан жоқ, бізге бүкіл процесстердің ашықтығы керек. Президенттің тапсырмасы өте орынды, себебі ауылдағы қоғамның мәселесін шешу керекпіз», - дейді агро сарапшы.
Ауыл шаруашылығы министрі келтірген статистикаға сүйенсек, бүгінде жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерге деген немқұрайлықтарынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 миллион гектардан асады, оның 29,3 миллион гектары іс жүзінде эрозияға ұшыраған және одан әрі пайдалануға жарамсыз.
Бұл ретте министрлік жергілікті атқарушы және уәкілетті органдармен бірлесіп жердің одан әрі тозуын болдырмау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жемшөп алқаптарын жақсарту бойынша іс-шаралар жүргізіп жатқанын мәлімдеп отыр.
«Бұл өте күрделі мәселені мойындау. Бұл ретте Қарашөкеев мырза шешу жолдарын айтып тастады. Бірақ сол 29 млн гектар жердің эрозияға ұшырағанын кім және қай кезде нақтылап, құжатпен рәсімдеп берді? Сол құжатпен бізді таныстырса екен. Меніңше, біздің елде эрозияға ұшыраған жердің көлемі бұл сандардан да көп. Ол мәселенің шеті ғана. Екінші мәселе, министр өз сөзінде кей жерлердің эрозиясын тоқтатқанын айтты. Алайда, оны да құжатпен дәлелдеу керек. Өйткені мұның бәрі құр сөз болып қалып жатыр. Мендегі бар мәліметке сүйенсек, Қазақстанның 30 пайыздан астам жері тозған. Бұл шаруалардың емес, бұл агросаясаттың немқұрайлығы дер едім», - дейді Алмасбек Садырбай.
Агро сарапшы жуырда ғана АҚШ-тан оралды. Айтуынша, ондағы шаруалардың жерді баптап күтуі бізге үлгі боларлықтай.
«Қазақстанмен айырмашылығы жер мен көктей. Ол жақта жердің құнарлығына деген Үкіметтің және халықтың көзқарасы мүлдем басқа. Өйткені жердің иесі де, сұрауы да бар. Бізде жердің иесі мемлекет, оның менедженттік жұмысы ақсап тұр. Сол үшін жер тозып жатыр. Нақты иесі бар жер ондай болмайды. Біздің жерімізді кім көрінген жалға алып, ойына келгенін істеп жатыр. Бәрі демеймін, бірақ кей шаруалар жердің тек нәрін ғана сорып жатыр, ол үшін мемлекетке ештеңе қайтарып беріп жатқан жоқ. Өйткені жердің иесі олар емес», - дейді сарапшы.
Үкіметте айтылған тағы бір мәселе - жайылым жерлерді ауыл сыртына көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту. Премьер-министр Әлихан Смайылов елдімекендердің маңында орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының жерлерін қайтарып алу маңыздылығын ескере отырып, қайтарылатын жерлерді қоғамдық пайдалануға немесе жеке қосалқы шаруашылық кооперативтеріне беру қажеттігін атап өтті.
«Қолданыстағы заң бұған мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елді-мекендердің маңында жайылымдық жерлердің аз болуы жеке қолдағы мал басының өсуіне шектеу қойып отыр. Сондықтан, жайылымдарды тиімді пайдалану үшін жағдай жасау қажет. Жайылым жерлерді ауылдан сырт жаққа көшіріп, отарлық мал шаруашылығын дамыту қажет. Қажет болса, жер қорынан учаскелер беру керек. Шалғайдағы жерлерді сумен қамтамасыз ету мәселесін жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін пайдалана отырып шешу қажет», - деді Смайылов Үкіметтегі отырыста.
Бұл процесстің нақты қалай жүзеге асырылатын әзірге белгісіз. Бірақ агромамандар шаруаларға бастысы заманға сай жағдай жасау қажеттігін алға тартты.
«Өкінішке қарай бұл өткенге оралу. Бұл экстенсивті мал шаруашылығы. Бүкіл әлем экстенсивтен интенсивке өтіп кеткен. Біз сала мамандары отандық мал шаруашылығын әлемдік деңгейдегі интенсивке өткізе алмай жатсақ, біздің министрлік кері тартып жатыр. Ендеше Үкімет қай жерге отаршылық жасауды көздесе, сол жерге интернетті, суды, жарықты орнатып беруі керек. Сонда ғана қазақ малшылары екі қолын көтеріп сол жерге баратын болады. Қазір қоғам басқа, ондай ұсынысқа екінің бірі келісе бермейді», - дейді Алмасбек Садырбай.
Жалпы Қазақстан Республикасының Жер балансына сәйкес жайылымдық жерлер 183,4 миллион гектарды құрайды, оның ішінде:
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылдан бастап 205,4 миллион гектар алаңда ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жүргізілді, бұл республиканың 272,5 миллион гектар аумағының 75 пайызын құрайды.
Цифрлық ауыл шаруашылығы картасы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрлерін қамтиды, контурлар, жол желісі, гидрография, инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтермен толтырылып, жергілікті халықтың жайылымдарға байланысты проблемалық мәселелерін шешу үшін жерлердің жемшөп сыйымдылығы туралы ақпаратты қамтитын болады.
Қажетті ақпарат көлемі бар цифрлық ауыл шаруашылығы картасы 2024 жылдың соңында аяқталады және ауыл шаруашылығы жерлерін одан әрі қайта бөлуге мониторинг жүргізу үшін негіз болады.
Айта кететін тағы бір мәселе - Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
Мәселен, Министрліктің бастамасы бойынша жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі Заң жобасы әзірленді, ол қазіргі уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында.
Заң жобасы бірқатар елеулі түзетулер енгізуді көздейді, мәселен:
Айжан Жанатқызы