Биыл наурыз айынан бастап азаматтар жерге түкіріп, балағат сөз айтқаны үшін 69 мың теңге айыппұл төлейді
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Азамат Құрымбаев қоғамдық орындарда балағат сөйлегендерге 2023 жылдың наурызынан бастап 69 мың теңге айыппұл салынатынын немесе 30 тәулікке қамауға алынатынын мәлім еткен болатын. Осы жаңашылдық қоғамда үлкен дау тудырды. Мамандардың айтуынша, елдегі әлеуметтік жағдай онсыз да көңіл көншітпейді. Қоғам өз бетінше шешетін мәселеге Ішкі істер органдары неліктен сонша шүйлігіп отыр? Тәртіп сақшыларының қоғамдық орындарда балағат сөз айтқаны немесе түкіргені үшін жазаны қатаңдатуы елдің дамуына кері әсерін тигізбей ме? Azattyq Ruhy тілшісі осы мәселеге кеңінен тоқталып өтпек.
БАЛАҒАТ СӨЗ АЙТЫЛҒАНЫН АУДИО ЖӘНЕ ВИДЕО АРҚЫЛЫ ДӘЛЕЛДЕУ
«Бүгінге дейін ұсақ бұзақылығы үшін 17 мың теңгеден астам айыппұл салынатын немесе 15 тәулікке қамалатын. Заңның жаңа редакциясы бойынша 69 мың теңге айыппұл салынады немесе 5 тәуліктен 30 тәулікке дейін қамауға алынады», - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің өкілі Азамат Құрымбаев.
Қоғамдық орынға көлік, көше, дүкендерді жатқызуға болады. Балағат сөз айтылғанын аудио және видеожазба арқылы, сондай-ақ куәгерлердің көмегімен дәлелдеуге болады.
«Егер ешкім балағаттау фактісін растай алмаса да, істің мән-жайын анықтау үшін полицияға жүгінуге болады», - деп хабарлады ІІМ.
Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Сондай-ақ вандализм бойынша да жаза қатаңдатылды.
Түзету жаңа кодекс ресми түрде жарияланған соң 60 күннен кейін күшіне енеді.
РЕПРЕССИЯ «СӨЗ ТАСУДАН» БАСТАЛҒАН
Ведомство өкілінің сөзіне мән берсек, қоғамдық орындарда балағат сөз айтып, түкіргендерді куәгерлердің айтқанымен ұстай алады. Яғни, бұл қоғамда адамдардың бір-бірі туралы полицияға жеткізіп, ұстап беруіне жол ашады. Бұл моральдық тұрғыдан алғанның өзінде оғаш әрекет болып көрінетіні анық.
Жалпы КСРО құрамында бодан болған еліміздің егемендік алғаннан кейін де құқықтық жүйесінде кемшін тұстары жоқ емес. Өткен ғасырдағы жағдайға аздап көз жүгіртіп көрелік. Мәселен КСРО кезеңінде «жеткізушілердің» әскері дайындалды. Жас сөз тасушыларды әзірлеу туралы бұйрық тіпті II Александр кезеңінде де талқыланған. Балаларды сөз тасушылыққа үйрету большевиктер кезеңінде идеологиялық маңызды бағытқа айналғаны да бар. Сөз тасу «кеңес халқының жаңа сапасы» ретінде ұсынылған болатын. Олардың «ашықтығы мен адалдығы», «өмірді жақсартуға ықпал ететін фактор», «үлкен мақсатқа жетудің қажетті құралы» екеніне кеңестік үгіт-насихатпен уланған барлық жастағылар шын жүректен сенген еді. Саяси қуғын-сүргін кезеңінде де қазақтың бетке ұстар арыстары осы сөз тасу, жала жабудың кесірінен нақақтан нақақ өлім жазасына кесіле барды. Кеңестік кезеңде сөз тасушыларға сыйақы, қызметінің өсуі, тіпті ауқат сынды қосымшалар берілді.
Бұл сөз тасушылықты 80 жыл өткен соң Қазақстан трендке айналдырып отырғандай. Бұл қоғамдағы азаматтардың біртұтастығы мен бірлігіне, бір-біріне деген сеніміне әсер етпей қоймайтыны анық.
Әрине, тәртіп болуы керек. Біз көпшілік ортада жерге түкіріп, әдепсіз сөз айтқан адамның әрекетін қолдамаймыз. Дегенмен қазақ халқы балағат сөз бен түкірікке айыппұл салатындай жабайы емес, қазіргі қоғам боқтық сөз айту, түкіру сынды проблеманы өз бетінше шешуге қауқары жетеді. Биліктің арнайы заңды күшейтіп, жазаны қатаңдатып, араласуы да міндетті емес деген ой келеді. Менталитетіміз «үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете» алады. Қазақ халқы, жалпы қазақстандықтар данагөй қарттардың «бейәдеп сөз айтпа», «жерге түкірме», «ақымақтық жасама» деген ақылын бала кезден бойына сіңіріп өскен.
Оған қоса Қазақстан әлі дамып келе жатқан мемлекет. Германия, Швейцария, Сингапур сынды дамыған ел болсақ, «балағат» пен «түкірік» секілді ұсақ проблемалармен «алысуға» болатын еді. Педофилия, тұрмыстық зорлық-зомбылық, адам құқығы, білім беру сапасы, медициналық көмек, жұмыссыздық секілді шешілмеген проблемалар шаш етектен. Құқық қорғаушы Ләззат Рақышеваның да айтатыны осы.
«Мысалы біздің дүкендерге кіресің, тауарлардың бағасын көріп еріксіз боқтағың келеді. Жапонияда азаматтарға стресс шығаратын қоғамдық орындар жасақталған. Олар адамдар арасында сұранысқа да ие. Арнайы қоғамдық орындарда іштегі жиналған мұң-нала, ашу мен ызаны шығаруға болады. Ал біздің елде, керісінше шектеу көбейіп жатыр. Полиция деген одан да тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушыларды ұстап, жазаласын. Елімізде әлі де осы проблеманы криминалдандырмай отыр. Қаншама жәбірленуші соның кесірінен жапа шегіп жатыр. Күйеуінің озбырлығынан көз жұмған қаншама әйел бар. Бұл әкенің тепкісін көріп, шешеден жетім қалған балалардың да болашағына әжептәуір зиян», - дейді Рақышева.
РЕСЕЙ ТӘЖІРИБЕСІ
Қазақстан заңнамаға енгізілген өзгерістерде Ресей тәжірибесін басшылыққа алғандай әсер қалдырады. Түкірік үшін дәл осындай жаза түрі Ресейде де бар. Оны Мемлекеттік дума 2014 жылы қабылдаған болатын.
Көршілес елде қоғамдық орындарда, мемлекеттік мекемелерде, сауда нүктелерінде, ойын-сауық орталықтарында, саябақтарда және бөгде адамдар бар басқа жерде кез келген балағат сөз үшін 500-1000 рубль аралығында айыппұл салынады немесе ұсақ бұзақылық үшін 15 күнге дейін қамауға алады.
Мемлекет пен мемлекеттік билік өкілдеріне қатысты балағат сөз айту Ресейде ӘҚБтК-нің 20.1-бабына сәйкес 30 000-100 000 рубль, қайта бұзғаны үшін 100 000-200 000 рубль, тағы қайталанғаны үшін 200 000-300 000 рубльге жазаланады. Мемлекетті құрметтемеуге тек көшеде ғана емес, желіде де тыйым салынады.
Қазақстанның Ресей тәжірибесінен үлгі алғаны тайға таңба басқандай.
Айта кетейік, еліміздегі ең төменгі жалақы 70 мың теңге. Ал айыппұл мөлшері осы сомаға жақындап тұр. Жұмыссыздық бір жағынан қысып, отбасының әлеуметтік жағдайы екінші жағынан тақап, өмірде жолы болмай, қиналған адамның аузынан жөнді сөз шығуы мүмкін бе?! Ал абайсызда жаман сөз айтып қойып, айыппұл арқаласа оның жағдайы не болмақ?!
Осы мәселелерді саралай отыра Azattyq Ruhy тілшісі құқық қорғаушы, заңгер Айман Омарованың пікіріне жүгінді. Оның айтуынша, қазіргі әлеуметтік жағдайда мұндай болмашы мәселелерге кең көлемде қарап, үлкен мөлшерде айыппұл салу дұрыс емес. Мұның арты жемқорлыққа апаруы әбден мүмкін.
«Ол айыппұлды төлей алмаса, қатысушылар учаскелік полициямен сыбайлас жемқорлыққа барады. Екіншіден, полиция оны өз есебіне қолданып, халыққа жала жауып, ашындыруы мүмкін. Бізге Ресейден үлгі алудың, олардың тәжірибесін қолданудың мүлдем қажеті жоқ. Ондайдан шаршадық. Олардың әлеуметтік жағдайы да мәз емес. Геосаси, цифрландыру бойынша да деңгейлері төмен. Ресей – үлгі алатын дамыған елдің бірі емес», - дейді ол.
Айман Омарова атағандай, түкіргені үшін, вандализмге айыппұл салынатын болса, сол отбасының әлеуметтік жағдайына да әсер етеді.
«Ол көпбалалы отбасы болуы мүмкін. Себебі бізде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар өте көп. Біз әлі күнге дейін зорлық-зомбылықты криминалдандырмай отырмыз. Осы сынды оғаш тәртіп енгізгеннің орнына зорлық-зомбылық жасаған адамдарды қылмыстық жазаға тарту мәселесіне көңіл бөлуіміз керек. Бұдан да әлеуметтік қиын жағдайлар бар. Отбасында болған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың әсері өте жаман. Оған назар аудармайтын болса, әйелдер күйеулеріне қатысты қылмыс жасауды жалғастырады. Құқық қорғау органдарынан әрекет болмағандықтан, күйеулері әйелдерін мүгедектікке дейін апарып жатыр. Мұндай оқиғалар өте көп. Сол үшін Ішкі істер министрлігі болмашы мәселелерге назар аударғанның орнына зорлық-зомбылықты криминалдандыруды ойлағаны дұрыс. Қазір халыққа керегі осы», - деді ол.
Айман Мұратқызының айтуынша, бұл жаңашылдықтар тұрғындарды моральдық тұрғыдан тәрбиелей алмайды.
«Моральдық тәрбие жөргектен басталады. Отбасында қандай тәрбие алса, сондай тұлға қалыптасып шығады. Ересек адамдарды ондай шектеумен ешкім тәрбиелей алмайды. Тәрбие әкімшілік жауапкершіліктен емес, санадан, үйден, оқудан басталады. Сондықтан бұл өзгерістер көп нәтиже бермейді. Министрліктің есебін ғана жабуы мүмкін», - деді ол.
«ПОЛИЦИЯ БАСҚАРАТЫН МЕМЛЕКЕТКЕ» АЙНАЛУҒА ЖАСАЛҒАН ҚАДАМ БА?
Заңгердің айтуынша, саясатта «полиция басқаратын мемлекет» ұғымы бар.
«Әрине, әзірге бұл өзгерістерді «полиция басқаратын мемлекет» деп атауға болмайды. Бірақ бұл сондай басқару жүйесі бар елге жасалған қадам. Осындай тәртіп арқылы ақырындап қадамдар жасала берсе, сол жағдайға келуіміз әбден мүмкін. Сондықтан Ішкі істер министрлігіне айтарым: нақты іспен айналысыңыздар. Полицияның кәсіби деңгейін көтеріп, оларды даярлауға көңіл бөлу керек. Университеттерде қажетті білім бере алмай отыр ма, жүйені өзгерту керек. Теориядан гөрі тәжірибеге көп көңіл бөлу керек. Әйтпесе осы сынды жазаның өзге де түрлерін ойлап табуға болады», - деп Айман Омарова өз ойын қорытты.
Айта кетейік, Ресей – құқық қорғау қызметкерлерінің саны бойынша көш бастап тұрған мемлекет. Жүйеде млн-ға жуық адам қызмет етеді. Еліміздің ішкі істер саласына реформа жасап, полиция санын қысқарту бірнеше жыл қатарынан жоспарланды. 2021 жылы полиция саны 10,5 мың адамға қысқартылды.
Ұлыбританияның The Inpdendent басылымы 2014 жылы таратқан мәліметінде полиция саны бойынша Ресей көш бастап тұрғанын, ал сол рейтингте Қазақстан 6-орында тұрғанын хабарлаған болатын.
Қорытындылай келе айтар болсақ, жоғарыда айтылған жаза түрлері елді гүлдендірер болса, КСРО ыдырамас еді. Ыдырағанның өзінде сол жүйені қолданып келе жатқан Ресей әлемдегі дамып кеткен, дүние жүзі қызығатын елдердің біріне айналар еді. Адам еркін болғанда ғана мемлекет дамиды. Ал қоғамды «сөз тасушы», «біреудің кемшілігін бақылап жүруші» секілді «топтарға» бөлсек, дамыған елдердің қатарына жуық арада қосылуымыз екіталай.