«Жайлы мектеп» жобасы: Қазақстанда 840 мың оқушыға арналған мектептер салынады

Автор: Azattyq Rýhy

2021-2022 оқу жылдарында Қазақстанда 7,6 мың мектеп жұмыс істеп тұр

Қазақстанда шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі – бірнеше ауысымда жұмыс істейтін мектептер санын азайту. Бірақ, ресми мәліметке сүйенсек, елде үш ауысымда білім беретін мектептер саны бір жыл ішінде 6 пайызға артып кеткен, деп жазады Azattyq Ruhy.

Ранкинг агенттігінің мәліметіне сүйенсек, қазір елімізде 7,6 мың мектеп бар болса, оның 2,3 мыңы қалада, 5,3 мыңы ауылдарда орналасқан. Осы мектептерде 3,6 млн бала білім алып жүр.

Қазір Қазақстан бойынша 5,2 мың мектеп екі ауысымда білім береді. Ал, бұдан үш-төрт жыл уақыт бұрын екі ауысымда жұмыс істейтін білім ордаларының саны 4,9 мың еді. Яғни, екі ауысымда білім беруге мәжбүр мектептер саны көбейген.

Бұдан өзге, өкінішке қарай, елімізде үш ауысымда жұмыс істейтін мектептердің саны да артып барады. Мәселен, соңғы үш жылда бұндай мектептердің саны 32 пайызға көбейіп, ел бойынша үш ауысымда сабақ беретін мектептердің саны қазір 169-ға жеткен.

Осы мәселелерді шешу үшін премьер-министрі Әлихан Смайылов президент қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда екі және үш ауысымдағы мектептердің санын азайтып, барлық оқушылар үшін «Жайлы мектеп» ілкі жобасы әзірленіп жатқанын мәлім еткен еді.

«Біздің басты міндетіміз – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейлерінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2021-ші жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 1436 мектеп жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп жатыр. Осы жоба аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттары бойынша 840 мың орын беретін мектеп салу көзделген», - деген еді Үкімет басшысы.

Жалпы, бұл Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 800 мыңнан астам оқушы орны беріледі, бұл үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толығымен шешуі керек.

Ал, оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бүгін хабарлағандай, «Жайлы мектеп» жобасы Қазақстанда 2023 жылдан бастап орындала бастайды. Оның айтуынша, бұл жоба басқа ұлттық жобалардан ерекше. Себебі ол оқушы орны тапшылығы мәселесін жоюға көмектеседі. 840 мың оқушыға арналған мектептер салынады.

«Жаңа жайлы мектептер мен қазіргі салынып жатқан мектептердің тұжырымдамалық айырмашылықтары - құрылыстың бірыңғай стандартының сақталуы, заманауи пән кабинеттерімен және зертханалармен толық жабдықталуы, 1-4-сынып оқушылары мен 5-11-сынып оқушылары үшін бөлек блоктардың болуы, құрылыс және әрлеу материалдарының сапасы жоғары болуында. Оқушылардың санын ескере отырып, көбірек спорт залдары ашылады. Қыздар мен ұлдарды еңбекке тәрбиелеу үшін әр мектепте арнайы шеберханалар қарастырылады. Жалпы 1,5 млн орын салу - біртіндеп бірауысымды оқу форматына көшуге де жол ашатын игі бастама», - деп жазды бүгін Асхат Аймағамбетов.

ЖЫЛ САЙЫН ШАҒЫН ҚАЛАЛАРДА 1000 МЕКТЕП ЖАҢАРЫП ОТЫРАДЫ

Сонымен қатар, осы Ұлтық жоба аясында жыл сайын шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы кемінде 1 000-нан астам мектеп заманауи талаптарға сай жаңартылады.

«Бұл жұмыс мектептерде 6 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Бұл – күрделі және орташа жөндеу жұмыстары, пән кабинеттерін жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын жаңғырту, қауіпсіздікті жақсарту», - дейді осы міндетке тоқталған Аймағамбетов.

КЕЛЕСІ БАҒЫТ - ЗАМАНАУИ ҒЫЛЫМДАРДЫ ДАМЫТУ

Жуырда ғана хабарлағынымыздай, Шымкент қаласы Жабаев атындағы №26 мемлекеттік мектеп пен №9 IT-лицейінің оқушылары Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаш робототехника бойынша өткен әлем олимпиадасында жүлделі орындарға ие болған еді. Жарыс Германияның Дортмунд қаласында өтткен. Иманғали Мыңжасар мен Бибарыс Михаштар әлемнің 73 елінен келген командалар арасында жеңіске бір табан жақындап, екінші орынға ие болған. 

World Robot Olympiad (WRO) 2004 жылдан бері өтіп келеді. Қазақстан бұл олимпиадаға тек 2014 жылдан бері қатысып келеді. Биыл 73 елдің 365 командасы финалда үздік атаққа таласты. Ал іріктеу кезеңіне бүкіл әлем бойынша 15 000 команда қатысқан. 

Міне, Қазақстанда осындай оқушылардың санын арттыру үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында роботехника, химия, биология, физика пәндері бойынша кемінде 7 000 заманауи мектеп кабинеті ашылады. Жыл сайын орта есеппен 900-ге жуық робототехника, химия, физика, биология кабинеттері ашылады. Өз кезегінде бұл да білім беру сапасын айтарлықтай арттыруға әсер етеді деп күтілуде.

«Пәндерді оқытудың инновациялық әдістері енгізіліп, қажетті оқу материалдары цифрлы форматқа ауыстырылады. Оқулықтарды цифрлы форматқа көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балалар цифрлы сабақтар, жаттығулар мен тапсырмаларға қосымша қол жеткізіп, мектепте дәстүрлі баспа оқулықтарын пайдалануға мүмкіндік алады», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Айтпақшы, цифрлы сабақтар демекші, бұл бағыттағы міндеттер туралы есеп беріп жүргін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында жаңа мектептерге қойылатын басты талап – талшықты-оптикалық байланыс болуы қажет екенін алға тартады. Оның сөзіне сенсек, қазір  Қазақстанда мектептердің көбі интернетке қосылған. Алайда, сол мектептер ішінде локальді немесе Wi-Fi желісінің болмауынан оқушылар Интернетке қосыла алмай зардап шегуде.

Сол себепті, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мектептерде бұл мәселені локальді желі мен Wi-Fi нүктелерін ұйымдастыру арқылы кешенді шешу тәсілін ұсынып отыр. 

«Кіру нүктесі 200 құрылғының жұмысын бір уақытта қамтамасыз етіп, барлық оқу бөлмелері мен зертханаларда және мектеп ауласына дейін Wi-Fi желісін қамтуы тиіс. Баяндалғанды ескере отырып, Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп 2023 жылдың соңына дейін мектептерге арналған локальді және Wi-Fi желілердің стандартты талаптарын, жұмыс тәртібі мен топологияларын бекіту ұсынылады», — дейді Мусин.

БАЛАНЫ СПОРТ ПЕН ДЕМАЛЫСТАН ҚҰР ҚАЛДЫРМАУ КЕРЕК

Асхат Аймағамбетов хабарлағандай, ұлттық жоба аясында Қазақстан бойынша балаларды сауықтыруға арналған 50 лагерь ашылады. Олардың спортпен шұғылдануы үшін де көп күш салынбақ.

«Бағдарламада балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінген. Бұл - бұрын сонды болмаған бастама. Оқушылардың демалыс және сауықтыру лагерлеріне қолжетімділігін кеңейту жоспарланып отыр. Әр балаға қалауы бойынша спорттық секцияларға немесе шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беріледі. Бұл жұмыс мәдениет және спорт, сондай-ақ білім беру ұйымдарының желісі арқылы да жүргізіледі. Оның ішінде білім, мәдениет және спорт салаларындағы секциялар мен үйірмелерге мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру тетігі арқылы жүзеге асырылады», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Мектептегі спорт дегенде, мына мәселенің шеті көрінеді: қазір мектептерде дене шынықтыру пәнінің саны қысқарған. Бұл туралы сенат депуаттары да мәселе көтеріп, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдаған еді.

«Оқу-ағарту министрлігі өз ортасында және ата-аналармен алдын-ала талқылаусыз егжей-тегжейлі пысықтаусыз кейбір мектеп пәндері бойынша сағаттарды қысқартты. Жаңа оқу жылынан бастап дене шынықтыру пәні бойынша сыныпта оқушылар бұрынғыдай топтарға бөлінбейтін болды. Орта және жоғары сыныптарда оқушыларды дене шынықтыру пәнінен гендерлік белгісі бойынша топтарға бөлмей және аралас оқыту ғылыми ортамен, тәуелсіз сарапшылармен талқыланбай оқу процессіне ендірілді. Бұл жерде гендерлік бөліну мәселесіне ғылыми тұрғыдан қарау керек, яғни ұлдар мен қыздардың психологиялық және физиологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет еді. Тіпті олимпиадалар мен спартакиадаларда, сондай-ақ спорттық ойындарда аралас командалар жоқ, себебі бұл қауіпсіздік ережелеріне қайшы келеді.

Бұған елімізде бұқаралық спорттың дамуына жауапты министрліктің пікірі қандай? Осыған байланысты дене шынықтыру мұғалімдері ел Президентіне жоғарыда аталған шешімді қайта қарауды сұрап ашық хат жазуға да мәжбүр болды. Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы да осы жаңашылдыққа теріс пікірлерін білдіріп отыр.  Бұл келіспеушілікті түсінуге де болады, себебі енгізілген бұл жаңашылдық өз кезегінде педагогтардың табысының төмендеуіне алып келіп отыр. Мәселен, бұрын қалалық дене шынықтыру мұғалімінде аптасына   24-27 сағат жүктеме болса, яғни 1,5-2 ставка, өңірлерде бір ставкаға да толмайтын. Қазір ол тіпті ірі мектептерде 17 сағатқа дейін, яғни бір ставкаға дейін төмендеген. Бұл дене шынықтыру пәнінің мұғалімі аптасына орташа 16 сағат базалық мөлшерлемемен жұмыс істейді, үстеме ақыны есептемегенде, айына 95 мың теңге ғана табады деген сөз», - деп мәселе көтерген еді сенаторлар.

Ал, бұл мәселеге қатысты үкіметтің жауабына қарасақ, қазір «Дене шынықтыру» пәні бойынша оқу бағдарламалары жекелеген сыныптарға бөлінбестен дене жүктемелерінің нормативтерін ескере отырып, қыздар мен ұлдар үшін сараланған тәсілді қамтамасыз етеді.

«Көптеген шет елдерде дене шынықтыру аптасына кемінде үш рет өткізіледі, ең көп сағат бастауыш мектеп жасындағы оқушыларға беріледі. Халықаралық практикада қыздар мен ұлдарды дене шынықтыру сабақтарында бөлек оқыту қарастырылмаған. Қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыру есебінен жүктемесі толық ставкаға жетпейтін 4145 педагогтің жүктемесі спорт секцияларымен толықтырылады. Мектептерде 40,2% оқушыны қамти отырып, 49 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді. Мектеп және студенттік спортты дамыту мақсатында Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Сонымен қатар «Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 15-бабының 2-тармағына сәйкес жалпы білім беретін мектептерде – аптасына кемінде үш сағат көлемінде жүргізіледі», - деп жауап берген Тоғжанов.

"ӨНЕРЛІ БАЛА ӨРГЕ ЖҮЗЕР"

Ал, өнерлі балаларды қолдау үшін Қазақстан бойынша 100-ден астам оқушылар сарайы, жас техниктер стансасы, музыка және өнер мектебі, балалар технопаркі ашылады деп жоспарланып отыр, дейді Асхат Аймағамбетов.

«Бұл шешім мектептен тыс ұйымдардың балалардың тұрғылықты жеріне жақын орналасуын қамтамасыз етеді. Технопарктерді, ІТ, бизнес-инкубаторларды, робототехника, инжиниринг үйірмелерін, туризм, экология және т.б. дамыту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Қазір оқушылар сарайларын, музыка және өнер мектептерін жекеменшік секторға беруге рұқсат етілмейтін шектеулерді заңнамалық деңгейде белгілеп жатырмыз», - деп жазды оқу-ағарту министрі.

Қорыта айтсақ, ілкі жоба ретінде басталып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы Қазақстанның мектептерін әлемдік стандарттарға сәйкестендіріп, оқушыларды сапалы, жан-жақты білім алуына көп ықпал тигізбек.

Сымбат Молдатай