«AMANAT» партиясының жол картасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

Автор: Azattyq Rýhy

Партияның Жол картасы Сайлауалды бағдарламасы 4 бағытты қамтиды

фото: dknews.kz

«AMANAT» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» жол картасы бағдарламасындағы 362 іс-шараның бүгінге дейін 130-ы орындалды, 228-і орындалу барысында, 4 іс-шара орындалмаған. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Партиялық бақылау комитетінің онлайн-форматтағы отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Партияның Жол картасы Сайлауалды бағдарламасы 4 бағытты, оның ішінде 362 тармақты қамтиды. Жол картасының барлық нысаналы шаралары мен индикаторлары жауапты мемлекеттік органдарды бекіте отырып, жылдар, салалар және өңірлер бойынша бөлінеді. 2020 жылы қабылданған бағдарламаның орындалу мерзімі 5 жылды құрайды.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп индикаторлардың серпінді және тұрақты мониторингін қамтамасыз ету үшін Жол картасы көрсеткіштерінің цифрлық картасын әзірледі.

Министрдің айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы азаматтардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге, елдің бәсекеге қабілеттілігі мен макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін дамытуға бағытталған шараларды қамтиды.

«2022 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 362 іс-шараның 130-ы орындалды, 228-і орындалу барысында, 4 іс-шара орындалмаған», - деді ведомство басшысы жиында.

Сондай-ақ, Әлібек Қуантыров әлеуметтік маңызы бар іс-шаралардың жүзеге асырылу барысына жеке-жеке тоқталып өтті.

2022 жылдың 10 айында:

  • баланың тууына байланысты біржолғы жәрдемақыны 48,3 млрд. теңге сомасында 364 мың адам алды;
  • баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны (жұмыс істемейтін әйелдер үшін) 14,3 млрд. теңге сомасында 54 мыңға жуық адам алды;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларын алған немесе «Батыр ана» және «Ана даңқы» орденімен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақыны 228,9 мың адам алды. Төленген жалпы сома 46,2 млрд. теңгені құрайды;
  • көпбалалы отбасыларға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны 283,7 млрд. теңге сомасында 497 мыңға жуық отбасы алды;
  • мүгедек балаларды (18 жасқа дейін) тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға 51,5 млрд. теңге сомасында 97,5 мың адамға жәрдемақы төленді;
  • 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы төлемі мен жәрдемақыларды 5%-ға, ынтымақты зейнетақыларды 7%-ға индекстеу жүргізілді;
  • 1 сәуірден бастап 2022 жылға арналған инфляция дәлізін қайта қарауды ескере отырып, ынтымақты зейнетақы мөлшері қосымша 4 пайыздық тармаққа индекстелді.

Бағдарлама аясында зейнетақы мен жәрдемақыны тағайындау процестері цифрландырылады, бұл ретте азаматтың цифрлық «әлеуметтік әмияны» енгізіледі. Бұл өтінімдердің берілуін жеңілдетіп, көмекті тағайындау айқындылығын қамтамасыз етеді. Айта кетерлігі, бұл жоба бүгінде пилоттық режимде іске қосылған. Еңбек министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік әмиянға зейнетақы, атаулы әлеуметтік көмек және көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы аударылып отырады.

Бұдан бөлек, тұтынушылық несиелер бойынша шекті ставкаларды төмендету көзделеді. Бұл ретте күні кеше ғана Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық Банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, тұтынушылық кредит беру көлемін қысқарту шараларын әзірлеуді тапсырды.

Жол картасы негізінде іске асырылатын шаралардың бірі үй кезегінде тұрған азаматтарды бір базаға енгізу. 25 қараша күні Сенатта өткен Үкімет сағатында  Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй саясатын реформалау туралы жаңа заң жобасын ұсынды.

«Жаңа механизмге сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың қолданыстағы кезек базасы «Отбасы банкке» беріледі. Әкімдіктер арқылы кезекке қою тоқтатылады. Бұл Заң қабылданғаннан кейін тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады», - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев.

Сонымен қатар, отбасы институтын нығайту мақсатында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету бойынша «Бақытты отбасы» партиялық жобасы жағасын тауып келеді. Ұрпақ өрбіту бойынша денсаулығында дерті бар отбасыларға экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) шарасын жүргізуге жыл сайын 7 мың квота бөлінеді. 2020 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырды. Аталған шара осы бағдарлама аясында жүзеге асырылады.

Жол картасында әр баланың толыққанды өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету көзделеген. Бұл ретте 2025 жылға қарай 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100%, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар – 95% мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтамасыз етіледі. Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің сайлауалды бағдарламасында айтқан болатын. Осы жылдың қараша айында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі жазбасында 2029 жылдың соңына дейін 2-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамтылатынын мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында білім саласын дамыту мен балалардың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Енді осы бағдарламаны белсенді түрде жүзеге асырамыз. Бүгінгі жазбамда Президенттің сайлауалды бағдарламасында көрсетілген бірнеше тармаққа тоқталып өткім келеді. 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етіледі. Егер бұған дейін басты назар 3-6 жасқа дейінгі балаларды қамту болса, енді 2 жастан бастап балабақшамен қамту міндеті бекітілді», - деді министр.

Сондай-ақ, 2025 жылға қарай 800 жаңа мектепті салу есебінен апаттық және үш ауысымды мектептердің проблемасын түбегейлі шешу көзделіп отыр. Бірыңғай білім беретін онлайн-платформа енгізіліп, барлық ауыл мектептері жоғары жылдамдықтағы Интернетке қосылады. Бұдан бөлек, мұғалімдердің еңбекақысы 2 есе өсіп, 2024 жылға қарай орта есеппен 330 мың теңгені құрайды.

Ал балалардың құқықтарын қорғау бойынша балаларды буллингтен, интернет-бұзақылықтан, жыныстық қылмыстардан және өз-өзіне қол жұмсаудан қорғау бойынша бірқатар шаралар қабылданып жатыр.

Мәселен шетелдік ғалымдардың іске асырған «жасанды интеллект» тәсілін біздің отандық мамандар да қолға алды. Жоба әзірге елордадағы бірер мектепте пилоттық режимде іске асырылып жатыр. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бас сарапшысы Тимур Қастуғановтың айтуынша, мұндай әдіс балалардың бойындағы күйзелісті дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар балаларды әлеуметтік желідегі жағымсыз әсерлерден қорғау бағытында жұмыс жүргізуде. Бүгінгі күні Қазақстанда Бала құқықтары туралы заң бар, оның шеңберінде әлеуметтік желілерде және интернетте балалардың қауіпсіздігі мәселелерін көздейтін баптар қарастырылған. Өздеріңіз білетіндей, қазір әлеуметтік желілерде балалар туралы жеке ақпаратты таратуға немесе заңсыз суретке түсіруге тыйым салынады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы бағытта жұмыс істейді. Сондай-ақ, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл ретте екі жоба қарастырылуда», - деді Тимур Қастуғанов Azattyq Ruhy тілшісіне берген сұхбатында.

Ал ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін, оның ішінде пандустармен, бейімделген лифттермен, дәретханалармен, зағиптарға арналған бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етуді қоса алғанда инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жалғастырылады. Мемлекет басшысы Үкіметке ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмыспен қамту, қоғамда оларға сыйластықпен және құрметпен қарым-қатынас жасауды қалыптастыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Бүгінде Қазақстанда жыл басынан бері 7 мыңнан астам мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, мүгедектігі бар 2,2 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орнына және 5 мыңнан астам адам уақытша жұмысқа орналастырылды. Аталған жұмыс 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында іске асырылған.

Бұған қосымша мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген жұмыс орындарының квотасы шеңберінде осы жылдың 1 тоқсанында халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бойынша жұмыс берушілер мүгедектігі бар 348 адамды жұмысқа қабылдады.

Сондай-ақ,  биыл көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін 71 арнайы жұмыс орнын құру қарастырылған. Жұмыс берушілердің жабдықталуына байланысты шығындарын субсидиялау көзделген. Бұған қосымша мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген жұмыс орындарының квотасы шеңберінде осы жылдың 1 тоқсанында халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бойынша жұмыс берушілер мүгедектігі бар 348 адамды жұмысқа қабылдады.

Айжан ЖАНАТҚЫЗЫ