Қазақстанда инвестицияны қайда салған жөн?

Автор: Сағыныш Ибрагим

Қазіргі уақытта республикадағы инфляция деңгейі 18,8%-ға жетті

Фото ашық дереккөзден

Осы жылдың қазан айында халықтың ұлттық валютадағы салымдары бойынша сыйақы мөлшерлемесі – 12,6%, ал шетел валютасында небәрі 0,9%-ды құрады. Қазіргі уақытта республикадағы инфляция деңгейі 18,8%-ға жетті. Сонымен қатар желтоқсан айында жылдық инфляция 19,6%-ға дейін өсті. Бұл туралы Azattyq Ruhy тілшісі Finprom.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мұндай жағдайда қаражатты банктерде сақтау іс жүзінде шығынға алып келеді, тиісінше қазақстандықтар инвестициялаудың басқа жолдарын іздеуі керек. Қарапайым әрі қолжетімді ұтымды инвестицияның бір түрі – тұрғын үй.

Айта кету керек қазақстандықтардың өзге елдердің тұрғындарынан айырмашылығы, қаражатты жылжымайтын мүлікке, яғни тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне айырбастауға ерекше мүмкіндігі бар. Бұл жүйенің әдеттегі депозиттен айырмашылығы – қысқа мерзімде тұрғын үйге қаражат жинауға және жеңілдетілген тұрғын үй несиелері арқылы өз мүлкінің иесі болуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қатысушыларды мемлекет ерекше қолдайды. Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен жинақтау кезеңінде сыйлықақы төленеді. 

Бүгінде елімізде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жұмыс істейтін жалғыз банк – Отбасы банкі. Осы жүйе шеңберінде республикада үш ипотекалық қарыздың екеуі беріледі, ал оның қатысушылары республиканың экономикалық белсенді халқының 26%-дан астамын құрады.

2021 жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстан бойынша бағалар 2005 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 3,5 есеге өсті. Осы кезеңде АҚШ доллары 3,2 есе, еуро 3,1 есе қымбаттады. Сонымен қатар қайталама нарықтағы тұрғын үй (яғни инвестиция ретінде сатып алынған жылжымайтын мүлікті қайта сату мүмкіндігі) сол кезеңде бірден 4,6 есе қымбаттады.

Тұрғын үйдің инвестиция ретіндегі тағы бір жақсы жағы – бұл тұрғын үй құнының өсуінен басқа, үйді жалға беру кезінде табыс әкеледі. Жалға беру осы аралықтағы кезеңде 3,6 есе қымбаттады. Баспана бағасының өсуі де, жалдау ақысының қымбаттауы да инфляцияны ғана емес, сонымен қатар девальвациялық шығындарды да айтарлықтай басып озды. Бұл дегеніміз тұрғын үйге  инвестиция салудың кірістілігі мен сенімділігін көрсетеді.

Ал осы жылдың қараша айының қорытындысы бойынша АҚШ долларының құны 2005 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 3,5 есеге, еуро 3 есеге өсті. Қайталама нарықтағы тұрғын үй осы кезеңде бірден 5,7 есе, ал оны жалға алу құны 5,4 есе қымбаттады. Бұл инвестиция ретінде тұрғын үйдің тиімділігіне деген үрдіс сақталып қана қоймай, әсіресе соңғы жылдардағы дағдарыс кезеңдерінде күшейіп жатқанын көрсетеді.