Өткен аптада Парламент әйелдердің зейнет жасын ұзартуды бес жылға тоқтатуды мақұлдаған еді
Осыған дейін елімізде зейнет жасын 63-ке дейін кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған болатын. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалатынын мәлімдеген еді. Алдын ала есептеу бойынша әйелдердің зейнет жасын тоқтатуға Үкімет 800 млрд теңге жұмсайды. Осы орайда Azattyq Ruhy тілшісі экономист Сапарбай Жобаевтан зейнет жасына қатысты пікірін білді.
«Әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырамыз», - деген еді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
Статистикаға сүйенсек ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы 67,1 жас болса, әйелдерде 75 жастан асады. Экономист өз сөзінде дәл осы өмір сүру жасының ұзақтығына байланысты әйелдердің зейнетке шығу жасын арттырып жібергенін айтып өтті. Бірақ басты себеп – бюджет тапшылығы.
«Әйелдердің зейнет жасын бұған дейін арттырудағы бірінші мәселе – қаржылық жағдай. Өйткені 2,2 млн зейнеткерге бюджеттің 30 пайызы төлем ретінде аударылады. Қазіргі шығын 18,5 трлн теңге болса, соның 4 трлн-ы әлеуметтік және зейнетақы төлемдерін құрайды. Бұл бюджетке ауыр түсіп жатқан соң біз Ұлттық банктен 4-5 трлн теңге алушы едік. Бұл соманы азайту үшін Үкімет зейнетақы жасын ұлғайту туралы шешім қабылдаған еді», - дейді Сапарбай Жобаев.
Сарапшы келесі жылдан бастап 61 жаста зейнетке шығудың уақытша ғана мүмкіндік екенін айтты.
«Қазір қабылданып отырған шешім уақытша. 2028 жылдан кейін әйелдердің өмір сүру жасының ұзақ екеніне қарай мәселе қайта қаралады деп ойлаймын. Себебі ер адамдардың орта жасы 67 жас екен. Ал олар 63 жастан бастап зейнетке шықса, арада бар болғаны төрт-ақ жыл. Бірақ еркектердің зейнет жасын төмендету деген шешім болмайды. Ал әйелдердің зейнет жасын 61 жаста қалдырған дұрыс», - деді маман.
Сапарбай Жобаев өз сөзінде Ұлттық қорда қалған қаражатқа қысқаша тоқталып өтті.
«Өкініштісі әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан 2011-2015 жылдары қаражатты азырақ аламыз деп бағдарламалар қабылданған еді. Бірақ керісінше, жыл сайын көп алып жатырмыз. Мәселен 2015 жылы 2-3 триллион теңге алсақ, қазір 4-5 триллион теңгеге шығып кеттік. Біздің Ұлттық қорда 90 млрд доллар болған. Пандемия кезінде 56 млрд-қа бір-ақ түсті, яғни 35 млрд теңгеге жуығы жұмсалды. Одан кейін 5-6 млрд теңгені тағы алдық. Қазір 52 млрд теңгеге түсіп қалды.
Егер де бұл жүйені өзгертпесек, дәл осы қарқынмен ақша ала берсек, Ұлттық қорды 7-8 жылдың ішінде тауысып бітеміз. Ал одан да көп сұрасай берсек, онда 5-6 жылдың ішінде түк те қалмайды. Ол кезде әлеуметтік төлемдер де азаяды», - деді экономист.
Айта кетейік, биыл 61 жасқа толатын әйелдер саны 25 мыңнан асады.
Azattyq Ruhy осыған дейін зейнетақыны есептеу әдістемесіне қандай өзгерістер енгізілетінін жариялаған болатын.