Антикор 11 айдың қорытындысы бойынша қандай нәтижеге қол жеткізді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сыбайлас жемқорлықты анықтау және оның жолын кесу бойынша өзінің негізгі функциясын орындауды қамтамасыз етіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жобалық басқару тетіктерін қолдана отырып, биылғы 2 ақпанда Президент Жарлығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы іске асырылып жатыр.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына деген 1 қыркүйектегі Жолдауында да адамдар бос декларациялар мен жарқын болашақтың шексіз презентацияларынан шаршағанын және олардың мемлекеттік органдардан өз уәделерін нақты орындалуын күтетіндігін атап өтті.
Бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан еліміздегі әр аймақтың ерекшелігі ескеріліп, олардың өңірлік проблемаларына терең бойлай отырып, әрбір облыс және республикалық маңызы бар қала үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы әзірленген болатын.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов атағандай, 11 айда 228 сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізілді.
«66 мемлекеттік орган мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының қызметі сыртқы талдаудан өтті. Жалпы мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің себептері мен жағдайларын жою, бизнес-процестерді жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту, заңнаманы жетілдіру бойынша 2 мыңнан астам ұсыным мен ұсыныс енгізілді. Қарағанды облысында электрмен жабдықтау қызметтеріне баға белгілеу мониторингі жүргізілді. Электр энергиясын жеткізуші ұйымдарда өндірушінің бағасының өсуін растайтын шот-фактуралар болмады. Уәкілетті органмен бірлесіп қабылданған шаралардың нәтижесі бойынша бағаның жобаланған өсімі төмендеген. Антикор облыс халқын 1 жылға (2022 жылғы қазаннан 2023 жылғы қазанға дейін), яғни жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге тарифтен тыс электр энергиясын төлеуден қорғап қалды. Балқаш қаласының тұрғындары үшін 133 млн теңге сомасына жылумен жабдықтау және 92 млн теңге сомасына сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне төмендетілген өтемақы тарифі енгізілді. Бұл халық үшін тарифті негізсіз көтеру фактілерінің анықталуына байланысты», - деді ол.
Атырау облысында экология саласындағы проблемалық мәселелердің бірі – Атырау қаласының экологиялық «тухлая балка» булану өрісі.
Сонымен қатар «АМӨЗ» ЖШС-нің миллиардтаған сомасы жұмсалған құрғатылған аумағына сарқынды суларды төгу қаупі бар.
Биылғы 23 қарашада облыс әкімінің қатысуымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы барысында өнеркәсіптік сарқынды суларды кәріз-тазарту құрылысына қосу туралы келісімге қол жеткізілді.
Сарапшылардың пікірінше, булану өрістерін қалпына келтіру және болашақта ағынды суларды тазарту қаланың экологиялық проблемасын жақсартады.
Шығыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өзара іс-қимылы нәтижесінде 1 және 2 топтағы мүгедектерге және егде жастағы адамдарға арнаулы қызметтер көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын бақылауды автоматтандыру үшін «интерактивті платформа» әзірленді.
Талдау барысында тұрмыстық, курьерлік, Медициналық және өзге де қызметтер іс жүзінде көрсетілмегені не тиісінше жүзеге асырылмағаны анықталды.
Бұл мобильді қосымша әлеуметтік қызметкердің орналасқан жерін автоматты түрде тіркейді, ол қамқорлықтағы адамның мекенжайына сәйкес келуі керек. Сондай-ақ қызмет алушыға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын бағалауға мүмкіндік береді.
Оның жұмыс істеу кезеңінде мүгедектерден 8 мыңнан астам оң пікір алынған. Шалғай ауылдарда интернетке қатысты проблемалар бар екенін ескере отырып, әзірлеушілер интернет болмаған кезде мобильді қосымшаның жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырады.
Шымкент қаласында асфальттың жоғарғы қабатын ауыстыру кезінде талап етілмейтін құм-қиыршық тас қоспасының негізін салу бойынша автожолдарды орташа жөндеу барысында негізсіз шығындар анықталған. Жөндеу жұмыстарының құнын уақтылы көтеруге ден қою нәтижесінде үнемдеу шамамен 235 млн теңгені құрады.
Жетісу облысы бойынша автожолдарды орташа жөндеуге сметалық есептерді жасау кезінде күтпеген шығындарға шығыстарды 2% мөлшерінде қосу арқылы жұмыс құнының негізсіз ұлғаюы анықталды. Қабылданған шаралармен 34,1 млн теңге қайтарылды.
Ақтөбе облысында «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы» автомобиль жолының 50 мың шаршы метрден астам учаскелерінде георешеткалардың болмауы анықталды. Бұл өз кезегінде жолдардың сапасына әсер етіп, 74,2 млн теңге сомасында залал келтіруі мүмкін.
Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы бойынша «Барбастау-Ақжайық – Индербор» жол учаскесін күтіп ұстау бойынша 42,7 млн теңге сомаға кемшіліктер жойылды.
Барлық жүргізілген жол жұмыстарының шамамен 73% - ы жөндеудің осы түріне жатады.Талдау көрсеткендей, бұл жерде жұмыс сапасына әсер ететін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері көп.
Техникалық қадағалау тапсырыс берушінің қалауы бойынша жүзеге асырылады, ал авторлық қадағалау және сәулет-құрылыс бақылауы мүлдем қарастырылмаған.Көп жағдайда тапсырыс беруші мердігердің де, техникалық қадағалаудың да шарттық міндеттемелерінің орындалуын бақылайды. Автожол комитеті мен Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы арасындағы жағдай да осындай.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеп-тексерген қылмыстық істер бойынша залал мектеп құрылысына жіберілуде.