Интернатта отызға жуық оқушы тұрып жатыр
Алматы облысында жетім, жағдайы нашар отбасынан шыққан балалар тұратын ғимаратты әкімдік тартып алмақшы. Ал отызға жуық баланы бағып отырған тәрбиешілер қайда баратынын білмей дал, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Қарасай ауданының Қаскелең қаласындағы №2 «Кәусар» интернаты осыдан 26 жыл бұрын ашылған. Жыл сайын орталықта отыз шақты бала жатып оқиды. Балалар – түгелге жуық әлеуметтік жағдайы өте нашар отбасынан шыққан оқушылар. Интернат басшылығы бірнеше күн бұрын аудан әкімдігінен ғимаратты босату туралы талап түскенін айтады. Әкім ғимаратты заңсыз жалға алып отырсыңдар деген. Ал былтыр ғана Қаскелең қаласы әкімі Асқар Мұқашевтің өзі 2026 жылға дейін келісімшарт арқылы интернаттың жұмыс істеуіне рұқсат берген.
«Аудандық әкімдік 5 жылға жасалған келісімшартымызды бұзбақшы. Не себепті екенін бізге айтпайды. Заңсыз отырсыңдар дейді. Мен өзім 29 қарашада білдім. Төбемізден жай түскендей болды. Ал қалалық әкімдік бізге келісімшарт нысанды 5 жыл пайдалануға рұқсат берген. Негізі, бұл ғимарат қаланың балансында тұр. Мұнда 1996 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. 2015 жылға дейін әкімдер ауысқан кезде бірнеше жыл қатарынан 1 миллион теңгеге дейін төлеп келгенбіз. Одан кейін тегін болған. Мемлекеттен біз мүлдем қаржылай көмек алмаймыз. Интернат демеушілердің арқасында жұмыс істеп келеді. Бүгінде 15 маман жұмыс істейді. 26 баланы мектепке апарып-әкеліп, ас-ауқатпен, киім- кешекпен қамтып отырмыз. Әкімдік ғимартты тартып алса, балалар қайда барады?» - деп алаңдайды Қаскелең қаласындағы №2 «Кәусар» интернаты директорының орынбасары Жәнел Қайратқызы.
Интернаттың жабылуына наразы ата-аналар Қарсай ауданының әкіміне барды. Олар балаларын тұрмыстық жағдайының төмендігінен осы орталыққа бергенін айтады. Араларында жетім оқушылар да бар. Жиналған жалғызбасты әйелдер қыстың суығында балаларды асырай алмайтынын айтады. Ата-аналардың өздерінде баспаналары, тұрақты жұмысы жоқ. Сондықтан олар интернаттың ары қарай жұмыс істеуін талап етіп отыр.
«Менің 5 және 7-сыныптағы қыздарым осы интернатта жатып оқиды. Екеуі 5 жылдан бері осында тұрады. Жұма күні алып кетіп, сенбіде осы интернатқа қайта әкеліп тастаймын. Мен балаларыма қараймын ба, әлде жұмыс істеймін бе? Өзім жалғызбасты анамын. Пәтер жалдап тұрамын. Қыздарды үйде жалғыз тастап кетуге қорқамын. Кейде түнгі ауысымдағы жұмысқа кетіп те қаламын. Тұрақты жұмыс іздеп әкімдікке, жұмыспен қамту орталығына бардым. Ешқандай жерде жұмыс жоқ. Интернат жабылса, қайда барамыз?» - дейді жалғызбасты ана Аида Жәмиева.
«Интернатта 3 қызым оқиды. Бір балама анам қарап көмектесіп жүр. Көпбалалы ана болсам да, атаулы әлеуметтік көмекті алмаймын. Өйткені әкімдіктегілер жәрдемақыны маған бермейтінін ашық айтты. Мен пәтер жалдап тұратын жер өте қауіпті. Маскүнемдер қаптап жүреді. Қай әкімге бару керек болса да, барамын. Олар менің балаларыма көмектесіп жатқан жоқ. Сондықтан осы жұмыс істеп тұрған интернатқа тиіспесін. Біз сияқты аналар қайда барады?» - деп күйінеді Қарасай ауданының тұрғыны Диана Үсетаева.
Ал қыс ортасында жағдайы нашар отбасынан шыққан балалардың ғимаратына көзі түскен Қарасай ауданының әкімдігі халықтың наразылығынан хабардар. Алайда аталған жағдайға қатысты жауап беруге дайын емес екенін айтты.