Суицидке кибербуллинг те әкелуі мүмкін
Биыл жыл басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балалар суициді мен буллингке қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік жұмысты күшейтуді тапсырған болатын. Жалпы суицидтің профилактикасы қалай жүзеге асырылуы керек, оның психологиялық негізінде не жатыр деген сұрақтарға жауап іздеп көрген едік, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Астана қаласы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Гүлмира Шрахметованың айтуынша, осындай қадамға адамдардың баруы ойландырады. Себебі бейбіт өмірде, соғыссыз адам өмірінің қиылуы, өмір сүруден бас тартуы – қоғамның қасіреті.
«Суицидке оқталған адамдар арасында біз жұмыс жүргіземіз. Суицидке барған адамдардың әрекетінің себебін анықтаймыз. Ал аяқталған жағдай болса, туған-туыстарының пікірі арқылы анықтаймыз. Бірнеше мәрте суицидке оқталған адамдармен тікелей жұмыс істейміз. Үкіметтік емес ұйымдардың психологтарымен, департамент психологтарымен бірлесіп, ол адамның проблемасын шешіп, қоғамға қосу – біздің мақсатымыз. Бұл жерде тек полиция осы жұмысты атқаруы керек деген түсінік дұрыс емес», - деді Гүлмира Шрахметова.
Оның айтуынша, ер адам мен әйел адамдардың әрекетін салыстыратын болсақ, ер адамдардың басым бөлігі суицидке ұмтылса, оны бірден аяқтайды.
«Ал әйел адамдар бірнеше рет оқталып, бірнеше мүмкіндіктен кейін ғана шешім қабылдайды. Қазір жасөпірімдердің ортасында да суицид жиілеп тұр. Көбінесе жасөспірімдер ата-анасының ажырасуы кезінде өзіне назар аударғысы келеді, олардың екі жаққа кетуін қаламау нәтижесінде суицидке баруы мүмкін. Балалардың ортада, қоғамдағы орнына қатысты суицидтер жасалады. Қазір кибербуллинг – өте үлкен мәселе. Ол арқылы да суицид жасалып жатады», - деді ол.
Гүлмира Шрахметованың айтуынша, көбіне суицидті қандай жағдайда жасайды десек, ол нақты бір мәселеден шыққан әрекет емес.
«Суицидке оқталған адам жан-жағындағы адамдарға көмек сұрап барады. Бірақ оны адамдар білмейді, сезбей жатады. Суицид дегеніміз – ең соңғы меже. Суицид жасаған адамдардың туған-туыстарымен сөйлескен кезде, олар «Маған келіп еді, мен түсінбеппін, ол көмек сұраған екен» дейді. Бұл өмірдегі ең қымбат дүние – өмір. Оның өмірмен қоштасуы – проблеманың шешімін солай табудың жолы», - дейді аға инспектор.
Оның айтуынша, суицидке оқталған адамның бірінші әрекетінен кейін онымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіледі.
«Олармен екі басқарма тікелей жұмыс істейміз. Медициналық және құқықтық тұрғыдан қарастырылады. Әрі қарай адамның психикасына байланысты ерекшеліктер мен ауытқулар болса, олар клиникалық емдеу алады. Біз үкіметтік емес ұйымдармен меморандумдар түздік. Біздің тұрақты психологтар оқиға орнына барып, отбасымен сөйлесіп, кешенді түрде жұмыс жүргізеді. Себебі ол 1-2 сеанспен шешілетін дүние емес қой. Сондықтан олар ұзақмерзімді жұмыс істейді», - деді ол.
Шрахметованың айтуынша, әйел мен ер адамдардың арасындағы суицидтің жасалуы да ерекшеленеді.
«Талдау барысында суицидке оқталған адамдар ол туралы ешкімге айтпауын өтінеді. Суицид проблемасы қазір өте өзекті мәселе болып отыр. Халық бұл жайында білуі керек. Хабардар болу керек. Қазіргі заманда ең бастысы – қиындыққа мойымау», - деді ол.
Қазір қоғамда әлеуметтік желілер ашықтығының салдарынан кибербуллинг те суицидке алып келуі мүмкін.
Маманның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша өзін-өзі өлтіруге итермелеу бар.
«Бұл бап бойынша істің толыққандылығы тексеріліп, жан-жақты зерттеу жасалады. Бірақ тәжірибеде 105-бап бойынша адамдарды жауапкершілікке тарту саны аз. Суицид жасалса, жәбірленушінің пікірін алу мүмкін емес болғандықтан, кінәлілерді жауапқа тарту қиын. Алайда ешкімнің біреудің өмірін қиюға құқығы жоқ», - деді ол.
Ал психолог Нұргүл Молдабайқызының айтуынша, суицидке баратын адамның мінезі аутоагрессивтік болады, оған кез келген адам бара алады.
«Адамның өмірі құнды. Адамға өмірді ата-ана береді. Ал өмірдің құндылығы, оның шырмауыққа толы сынақ немесе ләззатқа толы әрекет екенін адам өзі қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, адамның өзіне берілген нығметтен бас тартуға шешім қабылдауы терең себептерге байланысты. Суицид жасаған адам өмірден шаршаған ба екен деген сұрақ туындайды», - деді ол.
Маманның айтуынша, суицидтің де түр-түрі болады.
«Өзіне назар аударту үшін де суицид жасалуы мүмкін. Адамның психологиялық әл-ахуалына байланысты болады. Себептері өте көп. Бірақ өз өмірін таразыға салған кезде өмірден бас тартуға бел буған адамдарды ортақтастыратын бір дүние бар. Ол адамдар үшін басындағы мәселемен өмір сүрудің мүмкін емес болып көрінетіні. Ол мәселемен өмір сүргісі келмеген адам басқаша өмір сүргісі келеді. Ал оны қалай сүретінін білмейді. Маған келетін клиенттер де солай айтады, басқаша өмір сүруге олардың тәжірибесі жетіспейді», - деді ол.
Психологтың айтуынша, әрбір суицид жасаушының жеке басында өз себебі бар.
«Әр оқталған адамның ойында өзінің жеке психологиялық портреті болады. Жастық нормативтік дағдарыс деген бар. Бұл балалықтан ересектікке өту, 16 жастан бастап 28 жасқа дейін жалғасады. Орта жастың дағдарысы 30-дан асқанда басталып 45 жасқа дейін созылады. Әйел адамдардың көбі осы дағдарыс кезінде суицид жасайды. Адамның табиғи тұрғыда жастығы аяқталып, басқа бір бейнеге өтеді. Мысалы, 24 жасқа келген қызды алайық. Ол балалық шақты аяқтап, ересектік шаққа бет алуы керек. Ал қазіргі таңда 24 жастағы қызды алатын болсақ, ересек болудан шаршаған. 10 жастан бастап артындағы 4 балаға қараған. Ересектік өмірге қадам басуға келгенде азар да безер болады. Ал 24 жасқа келген қыз бақытты бала болған ба, ата-анасының махаббатына қанған ба деген мәселелер бар. Ал бұл жасқа дейін қиындық көріп өскен адамға ары қарай ересек болып өмір сүру қиын сияқты көрінуі мүмкін. Сол себепті бақытты өмірдің бастауы отбасынан басталады. Ал отбасында зорлық-зомбылық көріп өскен адамға болашағы да бұлыңғыр болып көрінуі мүмкін. Сондай қиын сәтте жақын адамдарының қол ұшын созғаны өте маңызды болмақ», - деді ол.
Маман атағандай, ондай психологиясы бар адам ересек өмірге бет алғысы келмей, нормативтік дағдарыс кезінде өмірмен қош айтысуы мүмкін.
«Орта жастағы дағдарысқа келетін болсақ, ол – адамның алатын кезеңі аяқталып, беретін кезеңінің басталуы. Егер алатыны аз болып, беретіні болмаса да қиын. Осындай ішкі сезімдерді сырттағы жағдай ушықтырады. Ішкі себеп пен сыртқы себеп түйіскен жағдайда адам үшін өмірдің мәні мен құндылығы жоғалғанда, ол өмірмен қош айтысады. Адам жастық дағдарысы кезінде ішкі психология, әл-ауқатының әлсіреуі кезінде психологқа баруы керек. Сыртқы факторлардың ушығуы да ішкі мәселені көтеріп жіберуі мүмкін. Сондықтан қазіргі таңда маманнан немесе басқа жанашыр жандардан көмек сұраған өте дұрыс», - деді ол.
Өз кезегінде Гүлмира Шрахметова атағандай, отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер «102» нөміріне қоңырау шалмайды.
«Сондай-ақ SOS мобильдік қосымшасы бар. Оны кез келген телефоннан қолдануға болады. Яғни, мемлекет пен қоғам тарапынан тиімді тетіктер жасалып отыр. Алайда оған жүгінетіндер аз болып отыр. Менің жеке басымның проблемасын кім шешіп бере алады деп ойлайтындар көп. Сондықтан өзін ешкімге керексіз сезінетіндердің бойындағы сенімді оятудың маңызы зор», - деді ол.
Психологтың айтуынша, көмек сұрай алу – адами қабілет.
«Адамның көмек сұрай алу қабілеті сонау бала кезінде басталады. Маған жақында 9 жасар қыз келді. Ол анасына: «Менің бойымдағы мінез-құлыққа үлгере алмаймын, біресе жылағым келеді, біресе күлгім келеді. Менің бойымда не болып жатыр?» деген сұрақ қойыпты. Сол жағдайдан соң анасы ойлана келе, қызын психологқа алып келген. Біз қыз балаға оның бойындағы өзгерістерді, жас ерекшелігі туралы түсіндірген соң, ол бала кейіннен тынышталып, бойындағы қорқынышын жеңген. Біреуден көмек сұрау, арқа сүйеу мәселелері балалық шақта жолға қойылғаны дұрыс. Қазір полицияның да құрылымдары бар. Суицидке дейін көмек сұрау мұндай құрылдымдардың жоқтығынан емес, бұл көмекке жүгіне алмайтын, адамның арқа сүйеу қабілеті балалық шақтан қалыптаспаған білдірсе керек», - дейді Гүлмира Молдабайқызы.
Қоғамда суицидке барған адам – ауру, ол әрекетін соңына жеткізбей қоймайды деген түсінік бар.
Психолог оны кеңестік дүниенің сарқыншағы деп ойлайды.
«Себебі ол кезеңде психология медициналық тұрғыда, адамның жеке басын қоғамға сәйкестендіру бойынша өте көп жұмыс істеді. Қазір психология адамды қоғамға сәйкестендірумен мүлдем айналыспайды. Ол адамның жеке даралығын одан әрі арттыру, жеке басының мәселелерін шешу бойынша жұмыс істейді. Суицид жасау оны міндетті түрде соңына дейін жеткізу деген түсінік емес. Оған бір рет оқталған адамдардың ортасында оңалып кеткендер де бар», - дейді маман.
Психолог суицид жасаудың тәсілдерін де психологиялық тұрғыда сипаттауға болатынын айтты.
«Дәрі ішті, уксус ішті деп жатамыз. Осының түп-тамырына үңіліп қарайықшы. Адамның ішінде бір дүние болып жатыр. Соны дәрі арқылы басқысы келеді. Ішінде болып жатқан түрлі сезімнің көптігін 40 дәрі арқылы басқысы келеді. Немесе ішін өртеп бара жатқан ауыр сезімдерінің әсерін ащы нәрсемен, яғни уксус арқылы басқысы келеді. Осы тұрғыдан алғанда дәрі мен уксус ішу оқиғалары өлімге алып келетін иллюзия. Осының астарында адамның өмір сүруге деген талпынысын көреміз. «Менің ішімді ащы дүние күйдіріп бара жатыр, осыны басқым келеді» деген ойды көруге болады. Уксус ішу оқиғасынан да өмір сүремін дегенді байқауға болады. Сол үшін де баланың ішкі күйінің қандай болып жатқанына ата-ананың назар аудартатын мәдениет қалыптастыру керек», - деді ол.
Маман айтқандай, іште белгілі бір жағдай болса, суицидке сыртқы мәселелер итермелеуі мүмкін.
«Мысалы, коронавирусты алайықшы, кейбір адамның иммунитетінің мықтылығы сонша, індетті жұқтырғанын да білмей жатады. Ал иммунитеттің әлсіздігіне байланысты созылмалы ауруы бар адамдарды коронавирус жалмап кетіп жатқан деректер кездеседі. Тура сол сияқты сыртқы себептер жан дүниенің жағдайына, жан әлемінің саулығына қатысты суицидке итермелеуі мүмкін», - дейді маман.
Марья Айдарбаева