Шалғай ауылдағы медицина. Үкімет мәселені қалай шешеді

Автор: Azattyq Rýhy

Ауылдарда медициналық қызмет көрсетуді жақсарту бойынша ұлттық жоба әзірленді

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Әр адамның денсаулығы маңызды. Себебі ұлт денсаулығы ұлт дамуының басты құндылығы болып есептеледі. Оның ішінде шалғайдағы ауыл тұрғындарының денсаулығы алаңдатпай қоймайтыны анық. Ауыл халқы дертіне дауа іздеу үшін бірнеше шақырымды кесіп өтіп, ауруханаға жететінін білеміз. Оған қоса, ауылдық немесе аудандық ауруханаларда қаладағыдай қызмет көрсету дамымаған деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бүгінде ауылда шамамен 8 млн адам тұрады, бұл ел халқының 41%-ын құрайды.

Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым көмек көрсетеді. Ауыл халқы денсаулығының талдауы бірінші орында 42,7% тыныс жолдары ауруларынан зардап шегетінін көрсетеді. Ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында көлік медицинасы дамыған. Медициналық көмек және консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді.

Биыл еліміздің 10 өңірінде 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен 2 «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары қайтадан іске қосылды. Медициналық авиацияны 33 әуе кемесі жүзеге асырады.

Ауылда жедел медициналық көмек көрсету үшін 595 бригада жұмыс істейді, 1,7 млн шақыртуға қызмет көрсетілген.

Медицина саласындағы ұлттық жоба бойынша, ауылда медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «адамға бағдарланған тәсіл» медициналық-санитариялық алғашқы көмектің озық тәжірибелерінің жобалары енгізіліп жатыр.

«Мысалы, пациенттерді қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс механизмі, инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, дұрыс тамақтануды, өмір салтын үйрету, әмбебап прогрессивті патронаж үлгісі, отбасын жоспарлау, ер адамдардың денсаулығын жақсарту, баланы дамыту кабинеттері бар.Мейіргерлік қабылдау функциялары кеңейтілді - мейіргер рецепт жазудан және құжаттарды рәсімдеуден басқа, созылмалы аурулары бар пациенттерге динамикалық бақылау жүргізеді. Биыл Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының аудандық емханасы ДСҰ-ның Еуропалық аймағына мүше 53 мемлекет үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша демонстрациялық алаң болып танылғанын атап өткім келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің Еуропалық аймағының үш елінде: Қазақстан, Испания және Швецияда демонстрациялық алаңдар ашты», - деді денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Сонымен қатар, емханалардың деңгейінде үздік тәжірибелерді енгізумен қатар, көпбейінді аудандық орталық ауруханалар деңгейінде медициналық көмек көрсету тәсілдері жетілдіріліп жатыр.

«Әлемдік және отандық тәжірибеде қолданылатын диагностика мен емдеудің заманауи әдістері Абай облысының Аягөз көпбейінді аудандық орталық ауруханасында стандарттарды енгізудің және іске асырудың ең үздік тәжірибесін атап өткен жөн. Коронавирус инфекциясы таралған жылдарында шектеу шараларына байланысты ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі төмендеді. Ауруларды ерте анықтау және уақтылы емдеу үшін ауқымды профилактикалық тексерулер енгізілуде. Жыныстық-жас құрамын, халықтың денсаулығын талдауды ескере отырып, нысаналы топ пен ауыл тұрғындарына көрсетілетін қызметтің тізбесі кеңейтілді (туғаннан бастап 18 жасқа дейін «Балалар»; 18 жастан бастап  29 жасқа дейін «Жастар», 30 жастан бастап 44 жасқа дейін «Еңбек-1»; 45 жастан бастап 65 жасқа дейін «Еңбек-2» және  66 жастан асқандар - «Зейнеткер»», - дейді министр.

Қазан айынан бастап ауылдарда профилактикалық тексерулер бүкіл ел бойынша жүргізіліп жатыр.Профилактикалық тексерулер жүрек-тамыр жүйесі ауруларының, қант диабетінің, асқазан мен бүйректің созылмалы ауруларының ерте кезеңдерін анықтауға бағытталған.

Асқазан-ішек жолдарының ауруларын, 18 - 70 жас және одан жоғары жастағы адамдарға арналған несеп бөлу жүйесін, 50 және одан жоғары жастағы адамдарға арналған тыныс жолдары ауруларын және қуықасты безі обырын ерте анықтау қызметтері кеңейтілді.

«18 жасқа дейінгі балалар үшін 1 жас, 3 жас, 6 жас және 14 жас аралығындағы зертханалық зерттеулердің қосымша жалпы клиникалық әдістері енгізілді.Қалалық және ауылдық пациенттерді амбулаториялық деңгейде тең тегін қамтамасыз ету үшін мынадай жағдайлар жасалған:дәрілік заттар амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің бірыңғай тізбесі бойынша қамтамасыз етіледі, ауылдық жерлерде дәрігер болмаған жағдайда фельдшер тегін рецепт жазып беруге құқылы, дәріхана жоқ ауылдық елді мекендерде дәрілік заттарды медицина қызметкері медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектілері арқылы, сондай-ақ жылжымалы дәріхана пункттері арқылы тегін жібереді», - деген еді министр.

Биылғы 4 айда 230 елді мекенде 75 мемлекеттік және 161 жеке дәріхана ашылды. 

«Ауылдық денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша шаралар қабылдануда. Ауылдық денсаулық сақтау объектілерінің 86,1%-ы интернетке қосылған, жұмыс орындарының 91,1%-ы компьютерлермен жабдықталған, 81% медициналық ұйым госпитальдық ақпараттық жүйелерді енгізген.Денсаулық сақтау министрлігі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде медициналық қызметтерді қашықтықтан форматқа ауыстыруды жоспарлап отыр.Бұл медицина қызметкерлерінің бір-бірімен, жеке тұлғалармен қашықтықтан өзара іс-қимылын, сондай-ақ олардың жасаған іс-қимылын құжаттауды қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар арқылы медициналық қызметтер көрсетуге мүмкіндік береді», - дейді министр.

Ел халқына, оның ішінде ауыл тұрғындарына медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін биыл денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілген.

«Өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісінің, оның ішінде 253 - медициналық пункттің, 160 - дәрігерлік амбулатория мен 242 - фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталды. 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы ұйымдастыру жұмыс істеп тұрған 12 аурухананы жаңғыртуды және 20 жаңа аурухананы ұйымдастыруды көздейді.Инсульт және кардиологиялық, тері арқылы енгізу орталықтары, реанимация және қарқынды терапия, аз инвазивті хирургия, травматология және оңалту бөлімшелерін ашу жоспарлануда. Сондай-ақ аудандық орталық аурухананы заманауи медициналық жабдықтармен (КТ, МРТ, ангиограф, сараптамалық кластағы ультрадыбыстық зерттеу, эндоскопиялық, реанимациялық, медициналық оңалтуға арналған жабдықтар) үшін жарақтандыру және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделген», - деп хабарлады ведомство басшысы.

Ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету.

Жобаның кадрларға қосымша қажеттілігі медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары үшін 307 және көп бейінді аудандық орталық ауруханалар үшін 793 медицина қызметкерін құрайды. Әкімдіктермен бірлесіп бұл мәселе медицина кадрларын әлеуметтік қолдау және қайта даярлау аясында шешілмек.

Ауылдық жердегі денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту үшін арнайы ұлттық жоба әзірленді.

«Ауылдарда медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық инфрақұрылымды жаңғырту қажет. Жоба аясында  655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісі салынып,  қайта жөнделеді. Сондай-ақ, 12 аурухана жаңғыртылып, жаңадан 20 аудандық аурухана ашылады. Басқа да жобалардың аясында,  мысалы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша медициналық объектілер салу көзделіп отыр. Яғни, ауыл халқы үшін барлығы 700-ге жуық медициналық объектілер ашылатын болады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуді жедел қамтамасыз етіп,  инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін шешуі қажет», - деді Ажар Ғиният.

Өз кезегінде Премьер-министр Әлихан Смайылов ұлттық жобаның аса маңызды аспектілерінің бірі  кадр тапшылығы проблемасын шешу және ауылдық жердегі медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру екенін ерекше атап өтті.

«Сондықтан, өңір әкімдері ауылға келетін медициналық кадрлардың әлеуметтік мәселелерін шешуге назар аударуы тиіс.  Жас мамандар ауылға келіп, біліктілігін арттыруға және жұмыс істеп, сонда тұрақтап қалуға мүдделі болуы керек. Жобада көзделген барлық шаралар  ауылдағы медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.  Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ұлттық жобадағы іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі қажет», - деді Смайылов.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауының бірінде адамдардың өмір сүруін ұзарту бойынша нақты тапсырма берген еді.

«Үкімет алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауы керек. Ол халыққа, оның ішінде ауыл тұрғындарына барынша қолжетімді болуы тиіс. 3 жылда ауылдық елді мекендерде тиімді денсаулық сақтау жүйесін құру, барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету үшін көлік медицинасын жаңғырту жөнінде шаралар қабылдау керек», - деді ол.

 

Марья Айдарбаева