Кәсіпорын жабылып қалса 650 адам жұмыссыз қалады
«Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбек БҚО әкімі Ғали Исқалиевтің отставкасын талап етіп, петиция жариялады. Оның айтуынша, облыстағы Кублей зауытының аумағына тұрғын үйлердің заңсыз салынып кетуіне өңір басшысы тікелей жауапты көрінеді. Бұл туралы заңгер Алматыда өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.
Құрылғанына 30 жыл болған, ішкі сұранысты ғана емес, экспортқа да ет, балық сынды өнімдердің жүзден астам түрін шығаратын өндіріс орны жабылудың алдында тұрғанын бұған дейін жазғанбыз. Заңгерлер мен депутаттар аталған кешенге келген қауіпті әкімдіктен көреді. Соттың шешіміне қарамастан әкімдікке қарасты басқармалар тұрғын үй құрылысын салуға қатысты рұқсатнамалық құжаттарды да беріп, жердің нысаналық мақсатын өзгертіп жіберген
«Жердің нысаналық мақсатын ауыстырып, тұрғын үй салып тастайды. Бұдан соң сот басталып, сот бұрыннан жұмыс істеп тұрған компанияның пайдасына шешім шығарады. Соттың шешіміне қарамастан әкімдікке қарасты уәкілетті органдар тұрғын үйге қатысты рұқсатамалық құжаттарды беріп тастайды. Арызда көрсетілгендей, ол рұқсатнамалық құжаттарды қайтарып алуға қадам жасалмаған. Ең қызығы, құрылыстың заңды немесе заңсыз екеніне де тексеру жүргізбейді. Біз әкімдікке қарасты шығарылған қаулыларды заңсыз деп танимыз. Әкімнің шешімін де заңсыз деп танимыз. Әкімнің әрекеті заңсыз деп прокуратураның хатында да анық жазылған. Жер қатынастары басқармасы, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысын қылмыстық жауапкершілкке тарту туралы да арыз жазылған. Санитарлық бақылау департаменті, Индустрия және индустриялық-инновациялық даму министрлігі әкімнің әрекеті заңсыз деп анық көрсеткен. Қанша жерден заңсыздық болса да ешкім жауапқа тартылмайды, тіпті тексеру де, тергеу де жүргізілмеді», - дейді Бақытжан Базарбек.