«Қазақ тілінде жауап беру – мәдениетсіздік»: белгілі журналист кәсіпкер Мухоряповтың үстінен прокуратураға шағымданды

Бизнесмен Мухоряповтың қазақ тілі туралы пікірі көпшіліктің ашуын тудырды

«Қазақ тілінде жауап беру – мәдениетсіздік»: белгілі журналист кәсіпкер Мухоряповтың үстінен прокуратураға шағымданды

Елімізде әуе билеттерін онлайн сатып алатын, сондай-ақ, тамақ жеткізуге онлайн тапсырыс беретін, әртүрлі қызмет түрлеріне жеңілдікпен купон сататын, әрі ұзақ жылдар бұл салада жұмыс істеп келген Chocofamily Holding иесі Рамиль Мухоряпов өзі тұратын және өзінің бизнесі жұмыс істейтін Қазақстанның мемлекеттік тілін кемсіткені үшін әлі кешірім сұраған жоқ, деп жазады Azattyq Ruhy.

Әлеуметтік желінің зор пайдасы – кейбір тұлғалардың ойланбай айтқан ойы мен ойланбай істеген іс-әрекетін монтажсыз, қаз-қалпында қоғамға ұсынатындығы.

Жуырда Chocofamily Holding (үш жыл бұрын Рамиль Мухоряпов осы бизнесі құрылғаннан бері 375 есе өскенін, алдағы бес жылда тағы 18 есеге өсуді көздеп отырғанын айтқан – авт.) компаниясының иесі Рамиль Мухоряпов Ресейден Қазақстанға көшіп келгендермен кездескен. Осы кездесуде сөз алған қазақстандық азаматша «егер сіздерге біреу қазақ тілінде сөйлессе, жауап қайтарса, оған ренжімеңіздер, түсіністікпен қараңыздар» деп, тілек танытқан.

Бұл сөзге шамданғандай болған Рамиль сөз сөйлеп тұрған адамды бөліп: «егер бұлай болса, мен қатты қамығатын едім. Адам мүлде орысша білмесе ғана солай істесін. Әйтпесе, бұл (Қазақстан азаматының қазақ тілінде сөйлеуі - авт) біртүрлі болады екен. Бұл кішкене болса да ұлтшылдықтың белгісі. Қазақ тілінде жауап беру – мәдениетсіздік», - деп жеке пікірін білдірген.

Бизнесменнің бұл айтқаны қазақстандықтардың ашуына тиді. Тіпті, жұртшылық алдында жүрген, бірақ осы уақытқа дейін қазақша сөйлемеген адамдар Мухоряповтың «аңдымай сөйлеп, ауырмай өлгелі» отырғанын, Қазақстанда жүріп, қазақ тілінде сөйлеу кез келген қазақстандықтың конституциялық құқығы екенін айтып, қоғамда резонанс көтеріп жатыр.

«Менің анам өмір бойы ауылда тұрды. Ешкімде қақысы жоқ, өз күнін өзі көрді. Бірақ Алматыға көшіп келген соң, қиналды. Автобустағы кондукторлар анам орысша бір ауыз сөз айтпайынша, оған билет бермейтін. Жатақханада анамды «қазақтар тұратын қабатқа» тұрғызды. Яғни, шатырынан суы аққан соңғы қабат пен астынан сыз өтетін бірінші қабат. Еске сала кетейін, Рамиль мырза, анамның бар кінәсі – орыс тілін білмеуінде еді. Сенесіз бе? Сондықтан, біз сіздің бизнесіңізді тартып алып, елден айдап салайық деп отырған жоқпыз. Тек біздің қалауымыз сіз миыңыздың әр жасушасы арқылы кінәлі екеніңізді сезініп, қазақтілді халық сіздің сөзіңізден кейін қандай күйде екенін бар жан-тәніңізбен түсінуге тырысып, кешірім сұрағаныңызды қалаймыз. Ақталғаныңыз емес, кешірім сұрағаныңыз керек!» - деп жазды журналист Альбина Рамазан.

Ақталу демекші, Рамиль Мухоряпов әлеуметтік желіде көптеп тегтеліп кеткенін көрді ме екен, өзінің жеке парақшасы арқылы жағдайды түсіндіріп, ақталуға тырысқан. Иә, бірауыз кешірімнің орнына, өзінің жеке аккаунты мен алпауыт компаниясының ресми аккаунтынан калька аударманың мәтінін жариялап, өзін сүттен ақ, судан таза етуге жанталасқан.

Калька деп отырғанымыздың себебі – Мухоряпов жеке аккаунтындағы төрт сөйлемде грамматика мен орфографиялық қателерді қосқанда, алты қате жіберген. «Достар, мен не айтқым келеді. Мен қазақ тілін құрметтеймін, Қазақстан менің отаным! Менің сөздерімді дұрыс түсінілмегенін қаламаймын. Мен кез келген қысымға қарсымын» деген бизнесмен тым болмағанда Отан деген сөздің кіші әріптен емес, бас әріптен жазылатынын білмейтін сияқты. Мектепте қазақ тілінен неше алған? «Айтқым келеді, дұрыс түсінілмегенін қаламаймын» сынды калька әрі әріп қателері көп сөз тіркестерін айтудың өзі артық. Тағы баса айта кетерлігі, Chocofamily Holding ресми аккаунтынан жазған кішігірім постардың өзі өрескел қатемен, калька аудармамен жазылған. Яғни, бұл бизнес қазақ тіліне әлі де болса шынайы құрмет көрсетіп отырған жоқ деген сөз.

Осы және өзге де жайттарды ескеріп, қазір қазақстандықтар Мухоряповтың бизнесіне жаппай бойкот жариялап жатыр. Дәлірек айтсақ, қазақстандықтар ұялы телефондарындағы компанияның бірнеше өнімінің қосымшасын өшірді. Ал қосымшалар жүктейтін бағдарламала оның өнімдеріне өте төмен баға қойып жатыр. Бұл әрине, өнімдердің рейтингіне кері әсерін тигізері анық.

Сонымен қатар, басты назар аударып, қолдайтын мәселе – журналист Айбар Олжаевтың бастамасы. Ол Алматы қаласының прокуратурасына шағымданып, Мухоряповтың сөзін Қылмыстық кодекстің 174-бабы, яғни, «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша тексеруді талап еткен.

«Алға даму, қоғамдық келісім тек қана Заң үстемдік құратын мемлекеттерде ғана іске асады. Сондықтан «Жаңа Қазақстанның» түпкілікті идеясы – заң аясындағы әділетті қоғам құру.  ChocoFamily басшысы Рамиль Мухоряповтың желіге тарап кеткен репликасы қоғамның ашуын туғызғаны рас. Бірақ ашу – ол эмоция. Эмоция заңмен реттелмейді. Рамиль Мухоряпов заңды бұзды ма? Басты сұрақ осы. Оған тек қана құзырлы орган арнайы тексеруден кейін жауап бере алады. Бірақ ол үшін азаматтық қоғам құзырлы органға жүгінуі тиіс.

Осындай, тек заңдық, конституциялық принциппен Рамиль Мухоряповтың репликасын ҚР Қылмыстық Кодексінің 174-бабы, 1-тармағы бойынша тексеруді сұрап, Алматы қаласының Прокуратурасына арыз жібердім. Арыз ЖТ-2022-02543155 нөмірімен ресми тіркелді. 11 қарашаға дейін Прокуратура ресми жауабын жібереді. Егер Мухоряповтың қылмысы дәлелденіп, сот шешімі шықса, ол қандай жазаға тартылуы мүмкін? Мұндағы ең минималды жаза – 2 мың айлық есептік көрсеткіш. Қазір бір АЕК – 3063 теңге. Демек, ChocoFamily басшысының ең аз жазасы – 6 126 000 теңге айыппұл болуы мүмкін. Бірақ тек мүмкін деп тұрмын. Себебі мәселені құзырлы органдар мен сот қана шешеді», - деп жазады Айбар Олжаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.