«Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдердің беделі мен білімін арттыра алды ма?

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Ауыл мектептерінде проблема әлі шаш етектен

2019 жылдың 27 желтоқсанында «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Бүгінде елімізде 500 мыңнан астам мұғалім еңбек етіп жүр. Демек, жоғарыда аталған құжат жарты миллион адамның мүддесін қорғайды. Заң ұстаздардың беделін арттыра алды ма? Білім беру саласында кезек күттірмей шешуді талап ететін қандай мәселелер бар? Azattyq Ruhy тілшісі осы және басқа сауалдарға жауап іздеп көрген еді.

2022 жыл мұғалімдер қауымы үшін жақсы жаңалықпен басталды. Жалақы 25 пайызға көтерілді. Бүгінгі күні қазақстандық педагогтардың орташа табысы 343 мың теңгеге жеткен. Келер жылдан бастап бұл көрсеткіш тағы 25 пайызға артпақ. Сәйкесінше педагогтарға қойылатын талап та өзгерді. Бәйімбет Құбайдолла – Петропавл қалалық классикалық гимназиясының мұғалімі. Жас маман «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан бері салада көп өзгеріс сезілетінін айтады.

«Менің мұғалім болып жұмыс істеп жүргеніме 6 жыл болды. Бұрын көрермен залын толтыру үшін түрлі форум, жиындарға барып жүрдік. Жазғы уақытта қалалық мерекеде флешмоб билегеніміз де есімде. Демалыс уақытында 1 ай бойы дайындыққа бардық. Жастарды барлық жерге жұмсай беретін. Қазір оның бәрі сап тыйылды. «Педагог мәртебесі туралы» заң нәтиже беріп жатыр деп ойлаймын.  Соңғы кездері ата-аналардың ұстаздарға деген құрметінің артқаны, жалпы қарым-қатынастың жақсарғаны аңғарылады. Әріптестерімнің де бойында өздеріне деген сенім пайда болғандай. Жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандықтарға түсу талаптары күшейтілді. Бұл өте жақсы. Бұрынғыдай қажетті балл жинай алмай қалған балалар енді мұғалім болмайды. Демек, сапа да жақсарады деген сөз», – дейді ол.

«ОЛИМПИАДА ТАПСЫРМАЛАРЫ ОРЫС ТІЛІНЕН АУДАРЫЛУМЕН КЕЛЕДІ...»

«Педагог мәртебесі туралы» заңды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 2020-2022 жылдарға қосымша 2 трлн. 282 млрд. теңге бөлінді. Мұғалімдердің айтуынша, салада әлі де реттеуді қажет ететін мәселелер жетерлік. Мәселен, мемлекеттік тілдің ақсап жатқаны білім саласына да өз кедергісін келтіріп отыр.

«Мұғалімдер ұлттық біліктілік тестін тапсырады. Әр маман өз пәні және педагогика-психология саласы бойынша берілген сауалдарға жауап береді. Мен музыка пәнінің мұғалімімін. Ал тесттегі сұрақтар психолог мамандарға арналған. Әрі орысшадан калька аударма жасалған. Тіпті, сұрақтың өзін түсінбейсің. Жауаптары да сондай. Сондықтан көп мұғалім қиналады. Жауапты мекемелер осы олқылықтарды реттесе жақсы болар еді», –  дейді Бәйімбет Құбайдолла.

«Жаңа заң салаға біраз өзгеріс әкелді. Қоғамда педагогтарға деген көзқарас қазір басқаша. Осы құжат қабылданғаннан кейін жас мұғалімдерге тәлімгерлік жасау қолға алынды. Бұл – жақсы жаңашылдықтардың бірі. Жүктеме 16 сағатқа азайтылды. Өткізілетін білім байқауларының саны айтарлықтай артты. Биыл министр барлық пән мұғалімдерімен алқалы жиын өткізді. Көтерілген мәселелер біртіндеп шешіліп жатқанын байқап отырмыз. Дегенмен, түбегейлі өзгерісті қажет ететін проблемалар бар. Мәселен, қазақ тілінің мәртебесі. Оқушыларға, ұстаздарға арналған олимпиадалар толықтай мемлекеттік тілде өткізілуі керек. Қазақша тапсырмалар әлі күнге сапасыз. Орыс тілінен аударылып келеді. Ұстаздарға да қиын. Біз де түрлі байқауларға қатысамыз. Дайындалуға қазақша әдебиеттер тым аз. Интернет беттерінен де мардымды ештеңе таппайсың. Қазір мұғалімдер өздерінің авторлық бағдарламаларын құрастырып жатыр. Бірақ ол жария етілмейді. Министрлік осының барлығын интернет платформаға жүктеуді қолға алса дейміз. Сонда еліміздің барлық мұғалімдері бір-бірімен тәжірибе алмасып, пайдаға жаратар еді», –  дейді бастауыш сынып мұғалімі Раиса Абуева.

«ЖАСТАР АУЫЛ МЕКТЕБІНДЕ ЖЫЛДАН АРТЫҚ ТҰРАҚТАМАЙДЫ»

Гүлжан Серікова – ауыл мектебінде информатика пәнінен сабақ береді. Ол әсіресе облыс орталықтарынан алыс жатқан елді мекендердегі білім ошақтарына тиісті көңіл бөлінбейтініне қынжылады.

«Жас маман ретінде ауылға барғаның жақсы. Себебі бала саны аз. Бұл тұрғыдан қала мектептерімен салыстырғанда жұмыс біршама жеңілірек. Жақсы тәжірибе жинауға болады. Алайда, шалғайдағы елдімекендердегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы нашар. Мәселен, біздің мектептің ғимараты тозған. Қыс бойы тоңып шығамыз. Осыны көрген жас мамандар ауылда жылдан артық тұрақтамайды. Жағдай болмағандықтан қалалық жерлерге кетіп қалады», –  дейді мұғалім.

«КОНСТРУКТОРСЫЗ РОБОТОТЕХНИКАНЫ ҮЙРЕТІП ЖҮРМІЗ...»

Қазақстанда 6 942 мектеп бар. 3600-ден астам мұғалім тапшы. Әсіресе ауылдық жерлерде білікті мамандар жетіспейді. Білім сапасындағы олқылықтардың негізгі себептерінің бірі осы.

«Мен – сынып жетекшісімін. Бұл – өте жауапты қызмет әрі көп уақытты қажет етеді. Біз балаларға сабақ беріп қана қоймай, ата-аналармен де тығыз жұмыс істейміз, жүйелі түрде жиналыс өткізіп тұрамыз. Әрбір пән мұғалімімен тығыз қарым-қатынаста болуымыз шарт. Әр оқушының сабаққа дер кезінде келуіне, мектептегі жүріс-тұрысына, киінген киіміне дейін қадағалап, сол үшін жауап береміз. Қазір мұғалімдердің барлығы қағазбасты. Сабақ жоспарынан бөлек толтыратын құжаттар көп. Шығармашылықа уақыт қалмайды. Қысқасы, бәріне үлгеруің керек. Бұл жұмысымыз үшін айына небәрі 5 мың теңге төленеді. Сондықтан жаңа оқу жылының басында сынып жетекшілері тағайындалған кезде педагогтардың барлығы одан бас тартуға тырысады», –  дейді жас маман Гүлжан Серікова.

Кембридж университетінің халықаралық емтихан кеңесімен бірлесе әзірлеген білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін Назарбаев зияткерлік мектептерінде әр сыныпқа педагог-кураторлар бекітілген. Олар тек сынып жетекшісінің міндетін атарады. Дербес білім беру ұйымы мен жалпы білім беретін мектептердің жағдайын салыстыруға да келмейді. Әсіресе ауылдардағы білім ошақтарымен арадағы алшақтық көп.

«Мектептерде робототехниканы дамыту қолға алынды. Алайда, сабақ өткізетін көрнекілік жоқ. Робот жасайтын конструкторлардың бір жиынтығы кемінде 400 мың теңге тұрады. Ол ауыл мектептеріне жетіп жатқан жоқ. Сабақты қалай өткізеріңді білмейсің. Мен интернеттен виртуалды бағдарлама жүктедім. Әзір соны пайдаланып жүрмін. Көрнекілік болмағандықтан балалардың да қызығушылығы жоқ. Мұғалімдерді түрлі курсқа жібереді. Оқып келіп, үйренгеніңді балаларға үйрете алмайсың. Интерактивті тақта да жұмыс істемейді. Жөндеуге қаржы бөлінбейді. Қаржы демекші, мекептерді жыл сайын аз да болса жаңалап, жөндеу жасауға да ақша бөлінбейді. Біз өз қалтамыздан шығарып, сыр, әк сатып аламыз. Еден жуушылар жұмысты өздері істейді. Тіпті сыныпқа ілінетін пердеге дейін өзім сатып алдым. Енді аспашам керек», – дейді Гүлжан Серікова.

Аңғарғанымыз, білім беру саласында оң өзгеріс көп. Дегенмен, «Педагог мәртебесі туралы» заңның шарапаты шалғайдағы елдімекендерге әлі де жетпей жатқан сыңайлы.