Биыл 61 жасқа толатын әйелдер саны 25 мыңнан асады
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көпшіліктің талап-тілегін ескеріп, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырды. Бұл жаңалық көпшілікті қуантқаны рас. «БЖЗҚ» АҚ-да жинағы бар, биыл 61 жасқа толатын әйелдердің саны 25 мыңнан асады. Өзгеріс мемлекет тарапынан төленетін ақыға қалай әсер етеді? Отандық зейнетақы жүйесінде қандай өзгеріс болмақ? Azattyq Ruhy тілшісі осы және басқа да мәселелер төңірегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықовамен сұхбаттасқан еді.
- 2028 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы 61-ге дейін қысқаратыны белгілі. Зейнет жасын қысқарту қалай жүзеге асырылады?
- Бүгінгі күні қолданыстағы зейнетақы заңнамасында әйелдедің зейнеткерлік жасын 2018 жылдан 2027 жылға дейінгі уақытта жыл сайын 6 айға кезең-кезеңімен 63 жасқа дейін арттыру көзделген. Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауындағы зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар топтамасы ұсынылды. Соның ішінде, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыруды 61 жас деңгейінде 5 жылға дейін тоқтата тұру. Яғни, 2023 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңде әйелдер 61 жасқа толғанда зейнеткерлік демалысқа шығады. Биыл әйелдердің зейнеткерлік жасы 60 жас 6 айға жетті. Осыған байланысты 2022 жылы 61 жасқа толған әйелдер жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушы болып есептеледі.
- Егер жаңа талап биылдан енгізілсе 2022 және 2023 жылдары қанша әйел зейнетке шығады?
- Қазіргі күні Қазақстанда барлығы 2,2 миллионнан астам зейнеткер бар, оның шамамен 1,5 миллионын әйелдер құрайды. Мемлекет басшысының әйелдердің зейнеткерлік жасын 2023 жылдан бастап 61 жас деңгейінде 5 жылға дейін тоқтата тұру туралы тапсырмасын орындау мақсатында қазіргі күні министрлік зейнетақы заңнамасына тиісті өзгерістер енгізіп, әйел азаматтардың нақты саны мен қажетті бюджеттік қаражат көлемі есептелуде. Бұл уақытты талап етеді.
- Әр әйелге төленетін зейнетақы сомасы қалай есептеледі? Бұл салада өзгеріс бар ма?
- Қазіргі уақытта барлық үш деңгейдегі зейнетақымен қамсыздандыру (ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы) еңбек өтіліне байланысты. Еңбек өтілі неғұрлым ұзақ болса, зейнетақы мөлшері соғұрлым жоғары болады. Зейнеткерлік жасқа жеткен кезде әрбір зейнеткер мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алуға құқылы, оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты (1998 жылға дейін де, сол жылдан кейін де) ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 %-нан 100 %-ға дейін құрайды. Яғни, азамат неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, базалық зейнетақы мөлшері де соғұрлым жоғары болады. Ынтымақты зейнетақы 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс өтілі бар азаматтарға жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез-келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табысы негізінде есептеледі. Басқаша айтқанда, азаматтардың зейнетақы мөлшері оның қатарынан тұрған үш жылғы табысын есептеу арқылы, яғни 36 ай бойы жұмыстан түскен табыстың жалпы сомасын 36 айға бөлу арқылы есептелінеді. Ынтымақты зейнетақының мөлшері азаматтың орташа айлық табысының 60%-ы есебінен жүргізіледі. Бұл ретте, азаматтың орташа айлық табысының жоғарғы шегі 46 айлық есептік көрсеткішпен шектеледі. Сондай-ақ ынтымақты зейнетақыны толық алу үшін еңбек өтілі ерлерде 25 жылдан, ал әйелдерде 20 жылдан кем болмауы тиіс. Ал 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі қажетті еңбек өтілінен артық жұмыс істеген адамға әрбір толық жыл үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға өсіріледі, бірақ ол зейнетақы есептеу үшін ескерілетін табыстың 75 %-нан аспауы керек. Жинақтаушы зейнетақының мөлшері азаматтың «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ндағы жеке шотында міндетті зейнетақы жарналары мен кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған жинақтарының көлеміне байланысты болады. Бұл ретте, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап «Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-дағы зейнетақы жинақтарының төлемі ай сайын кесте бойынша жүргізіледі және зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 %-нан төмен болмауы тиіс (26172 теңге, 2022 жылғы ЕТКД – 37389 теңге).
- Зейнет жасы қысқаруына байланысты зейнетақы мөлшері азаюы мүмкін бе?
- Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес зейнетақыны есептеу әдістемесіне өзгерістер қарастырылған. Атап айтқанда, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғарғысын – тиісінше 100 %-дан 120 %-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізу көзделген. Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін артатын болады. Бұл ретте, базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13%-ды құрап, барлық 2 млн. зейнеткерді қамтитын болады.Сонымен қатар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыс көлемін енді зейнеткер атанғандар үшін 46 АЕК-тен 55 АЕК-ке дейін ұлғайту да қарастырылған. Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға өсіруге және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан зейнет жасының қысқаруы төлемнің азаюына әсер етпейді.
- Бұған дейін көпбалалы әйелдер 53 жасында зейнетке шығып келді. Көпбалалы аналардың зейнет жасы өзгере ме?
- Бес және одан көп бала туған, асырап алған және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген көп балалы аналар 53 жасқа толғанда зейнетақыға жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасынан бұрын шығуға құқылы. Бұл ретте, оларда 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі болуы қажет. Жолдауда атап өткен өзгерістер бұл санаттағы адамдарға қатысты емес. Осылайша, көпбалалы аналардың зейнеткерлік жасы өзгермейді.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!