$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Петропавлда коммуналдық компания кәсіпкерлерге 1 млрд теңге берешек

Кәсіпкерлер қарызын кімнен дауларын білмей дал

Петропавлда коммуналдық компания кәсіпкерлерге 1 млрд теңге берешек

Петропавлдық кәсіпкерлер 2 жылдан бері қалалық әкімдік жанындағы «Коммунхоз»  серіктестігінен қарызын қайтара алмай жүр. Коммуналдық мекеме 27 мердігерге 1 млрд теңге қарыз. Сот олардың арызын қанағаттандырғанымен, нәтиже жоқ. Коммуналдық мекеменің барлық шоттары бұғаттаулы. Ал басшысы 3 аптадан бері жұмыста төбе көрсетпеген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

КӘСІПКЕРЛЕР ӘКІМДІККЕ СЕНБЕЙДІ

Тамара Гайсина жетекшілік ететін серіктестік көшелерді абаттандырумен айналысады. 2020 жылы жарияланған байқауды ұтып алып, қалалық жағажайда 100 көшет отырғызған. Кішкентай ғана шыбықтар өсіп, ағашқа айналып келеді. Ал кәсіпкер әлі күнге еңбегінің ақысын ала алмай жүр. Коммуналдық мекеме оған 26 млн теңге қарыз.

«Бір жыл бойы көшеттерді күтіп-баптадық. Жұмысты әкімдік пен «Коммунхоз» мекемесі қабылдады. Келісімшарт бойынша тапсырыс беруші 65 млн теңге төлеуі керек еді. Ақы қолға толық тимеді. Бұл ағштарды енді қазып алып, сата алмаймыз. Өйткені ол коммуналдық меншік болып саналады. Ағаштардың бағасы арзан емес. Бір-біреуін 35 мың теңгеден сатып алды. Маңайды түгелімен абаттандырдық. Енді маңдай термен тапқан ақшаны ала алмай жүрміз. Бұл жағдайдан кейін әкімдікпен жұмыс істеуді тоқтаттым. Осы екі жылда жүйкем жұқарып, денсаулығым сыр бере бастады. Оны ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың», - дейді кәсіпкер Тамара Гайсина.

СОТ ШЕШІМІ ОРЫНДАЛҒАН ЖОҚ

Алашағын даулаған мердігерлер қалалық әкімдікте жиналды. Бірі шаһарды абаттандырса, екіншілері қыс бойы көше тазалаған. «Коммунхоздың» тапсырысы бойынша жол салғандар да бар.

«Біз қыс бойы атқарған жұмыстардың барлық актісі бар. Әкімдік олардың әрқайсысын қабылдап, қол қойып, мөр басты. «Коммунхоз» да бұл шараларға қатысты. Аталған мекеме 100 пайыз әкімдік меншігінде. Жергілікті арналардың біріне сұхбат беріп, күніне 20 тіркеме қар шығарып жатқынамызды айтқан материал да бар. Солтүстікте ақ ұлпа қарлың түсетінін бәрі біледі. Енді келіп шаһар басшылығы «біздің оған қатысымыз жоқ» дейді. Мен оған сенбеймін. Бәрі өзара келісу арқылы жасалып отыр. Жұмысымыздың барлығы құрдымға кетті. Алған несиені жаба алмай жүрміз. Салық бойынша қарызды әзер жаптық. Жұмысшыларға жалақы төленген жоқ. Барлық техникаға шектеу қойылды. Өзім қандай жұмыс табылса, соны істеп жүрмыз. Бізде басқа амал қалмады. Соттың шешімі қолымызда тұрса да, өз қаражатымызды қайтара алмай жүрміз. Прокуратура, жемқорлыққа қарсы мекеме ешқандай жұмыс істеп жатқан жоқ сыңайлы», - дейді қала кәсіпкері Жасұлан Ысқақов.

Бірнеше рет сот болып, құзырлы орган кәсіпкерлердің арызын қанағаттандырды. Алайда оны орындайтын жауапты тұлға 3 аптадан бері жұмысқа келмеген.

«Қалалық әкімдіктің «Коммунхозға» ешқандай қарызы жоқ. Тиісті қаражат дер кезінде аударылған. Тек жұмыс көлемі жоспардағыдан асып кетіп, кәсіпкерлерге қосымша қаражат төлеу қажет болды. Біз оны жайдан-жай аудара алмаймыз. Қалалық әкімдікте кәсіпкерлердің қарызын қайтаратын ақша бар. Ол үшін «Коммунхоз» қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімін сотқа беруі керек. Сот шешімінен кейін ғана тиісті қаржыны аталған мекеменің шотына аудара аламыз. Ол автоматты түрде мердігерлердің шотына кетеді. «Коммунхоздың» директоры 3 аптадан бері жұмыс орнында жоқ. Іздеп таба алмадық. Телефондарының барлығы сөндірулі. Енді құзырлы органдарға шағымданамыз», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Әзірге «Коммунхоз» сотқа жүгіне алмайды. Себебі есепшоттарының барлығы бұғатталған.

2019 ЖЫЛДАН БЕРІ ҚЫРЫЗЫН АЛА АЛМАЙ ЖҮРГЕНДЕР БАР

«Коммунхоз» серіктестігі Амбарцум Искандарянға 110 млн теңге берешек. Ол 2019 жылдан қарызын ала алмай жүр. Оған 2020 жылғы жұмыс ақысы да қосылған. 

«Бірнеше несие алғанмын. Үйімді кепілге қойдым. Қарыз өтелмеді. Салық бойынша да берешек бар. Барлық құзырлы органдарға шағымдандым. Тиісті құжаттар, орындалған жұмыс актісі бар Қазір жұмыссыз отырмыз. Жағдайымыз мүшкіл. Қалалық әкімдікпен байланысу қауіпті екен, соны ұқтым. Барлығы құрдымға кетті», - дейді Амбарцум Искандарян.

Қала тұрғындары арасында «Коммунхоз» серіктестігінің директорына қатысты қылмыстық іс қозғалды» деген ақпарат тарады. Оны нақтылау мақсатында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Сергей Перовқа ресми сауал жолдады. Құзырлы орган БАҚ турал Заңда бекітілген мерзімге сай жауап беретінін жеткізді.

Жуырда Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков өз еркімен арыз жазып, қызметінен кеткен болатын. Қазір оның қайда жүргені белгісіз. «Антикор» экс-шенеунікке қатысты ешқандай іс қозғалмағанын хабарлады. Кәсіпкерлер қарызын кімнен дауларын білмей дал.

Серіктес жаңалықтары