Оралдың іргесінде орналасқан мектептерге су жаңа автобустар берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірде 4062 оқушы мектепке қатынап барады

Inform.kz

Бұдан былай Орал қаласының іргесінде орналасқан ауылды елдімекендердің оқушылары мектепке су жаңа автобуспен қатынайтын болады. Облыс әкімдігі осындай тоғыз мектепке көлік сыйлады деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі БҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кету керек, аталған игі іс «Балалар жылы» аясында жүзеге асып отыр.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің айтуынша, бүгінде облыста 73 елдімекенде мектеп жоқ. Ондағы балалар мектепке автобуспен қатынап оқиды екен.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Еліміздің ертеңін қалайтын жасөспірімдердің сапалы білім алуы және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Осы орайда, оқушыларды мектепке күнделікті тасымалдауды сапалы ұйымдастыру және автокөліктерді жаңарту мақсатында облысқа жаңа 54 автобус беріледі. Мектептері жоқ 73 елді мекенде тұратын 4 062 бала білім алуы үшін күн сайын барлығы 56 мектепке көлікпен жеткізіледі. Балаларды тасымалдауға арналған көліктерді жаңарту мақсатында лизинг арқылы автотранспорттар алынуда. Бүгін «ПАЗ» маркалы автобусын Ақжайық, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов, Сырым аудандарының мектептеріне салтанатты түрде табыстадық. Жаңа көліктер оқушыларымыздың игілігі үшін қызмет етсін! Оқу жылы табысты болсын», - деді Бақытжан Хаберұлы.

Айта кетейік, мектептерге автобус тапсыру рәсіміне Бақытжан Нарымбетовпен бірге облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Темірғалиева, аудандық білім бөлімінің өкілдері қатысты.

Республикалық бюджеттік комиссиясының шешіміне сәйкес мектеп жасындағы балаларды тасымалдауға арналған автобус 54 мектепке беріледі.

«Облыстың Сырым, Жаңақала аудандарына бір бірден, Бәйтерек және Ақжайық ауданына екеуден, Казталов ауданына үш барлығы тоғыз дана, 21 орындық ПАЗ маркалы көлігі берілді. Автобустарды лизинг арқылы сатып алу үшін жалпы 2 млрд. 799 599,7 мың теңге бөлінді. Қалған 45 автобус қарашаның аяғына дейін жеткізіледі деп жоспарлануда», - деді БҚО білім басқармасының бөлім басшысы Луара Батырғалиева.