Мүгедек ескерткіштер неге көбейді?
Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында жазушы, этнограф Ақселеу Сейдімбекке қойылған ескірткіш желідегі жұрт арасында қызу талқыға түскен еді. Өйткені, мүсін симметриялық формада емес: денесі үлкен, аяғы қысқа. Резонанстан кейін ескерткіш алынып тасталды.
МҮГЕДЕК ЕСКЕРТКІШ
Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта ескерткіштің ашылуына облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Ақселеу Сейдімбектің бауыры Әмзе Сейдімбек, ақын Ғалым Жайлыбай мен тарихшы Қойшығара Салғарин қатысқаны хабарланған.
Төмендегі фотосуретке қарасаңыз, облыс әкімі мен игі жақсылар «мүгедек ескерткіштің» беташарын өткізіп, тұсаукесерін жасап жүр.
Дұрыс пропорцияланбаған мүсіннің көрер көзге өте қораш екенін айтқан жұрттың сынынан соң, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали ескерткіш алынып тасталып, орнына басқасын қоятынын мәлімдеді.
Ал мына суретте ескерткішке ақ матасын қайта кигізіп, асығыс бұзып жатқанын көруге болады.
Фотосуреттен байқағанымыздай, композицияның салыстырмалы өлшемдері өрескел бұзылып, симметриялық тепе-теңдік элементтері сақталмаған. Әрине, тарихи-мәдени ескерткіштер ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды жәдігері екені рас. Дегенмен, соңғы жылдары ескерткіш жарысы белең алғаны соншалықты көркемдік деңгейден жұрдай туындылар жиі көзге шалынатын болды.
ЕСКЕРТКІШ ОРНАТУДЫ ЖАНЫ СҮЙЕТІН ӘКІМ
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының аймақты әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қалай “дамытып” жатқанын бөлек жазамыз. Жаңа құрылған облыста халықтың әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар қарқынды жүріп жатқан шығар деген үміттеміз. Бұл мақалада әкімнің қысқа ғана уақытта тұрғызған ескерткіштері туралы айтпақпыз.
Ұлытау Көкбөрісі
Мүсіндердің ішіндегі ең танымалы – Көкбөріге қойылған ескерткіш. Нысан Ұлытау ауданынан 35 шақырым жерде, Жезқазғанға апаратын жол бойындағы жолаушылар тыныстайтын «Күмісбұлақ» демалыс орны аумағында орнатылды.
Идея авторы әрі мүсіншісі – Еуразия Дизайнерлер одағының мүшесі Амантай Меңдіғалиев.
«Ұлытау Көкбөрісі» атауы телінген еңселі ескерткіштің биіктігі – 9,70 метр, оның ішінде мүсіннің биіктігі – 6 метр, ал тұғыры - 3,70 метр.
Көкбөрі мүсінінің жеке салмағы 2 тонна болса, тұғырымен қоса есептегендегі салмағы – 5 тонна шамасында.
Асанқайғы ескерткіші
Ұлытау селосында орналасқан Асанқайғы ескерткішінің биіктігі - 15 метр. Аңыз бойынша ол Ұлытау таулары шыңдарының бірінде жерленген.
Фото Адырна сайтынан
Хандар алаңы
Хандар аумағы нақты біреудің емес, белгілі бір ұжымдық бейненің тағында отырған қазақ ханының ескерткіші ретінде бейнеленген. Облыс орталығының бас алаңында «Хан Орда» мемориалдық кешені бой көтерді. Бұл ақ киізде отырған ханның ескерткіші.
ХАЛЫҚ ИНТЕЛЛЕКТІСІН КӨРСЕТЕТІН ТУЫНДЫЛАР ҚАЖЕТ
Осы орайда Azattyq Ruhy тілшісі жалпы ескерткіш салу не үшін қажет және негізгі мәні неде деген сауалды мүсін жасаушы шеберден сұрап көрді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сембіғали Смағұлов – «Қазақ Елі» монументінің авторы. Белгілі суретшінің айтуынша, ескерткіш, мүсін, бюст сияқты монументалды нысандарды орнату үшін мемлекеттік комиссия рұқсатын алуы міндетті болуға тиіс.
«Қазақ елі» — Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан мәдени-архитектуралық монумент. Авторы – Сембіғали Смағұлов.
Ал мүсіннің композициялық құрлымын айқындау, форманың құрлымдық арақашықтықтарын ажырату шеберге қойылатын – негізгі талаптардың бірі.
Оның айтуынша, ескерткіш қоюға деген ынта халық тарапынан ескіден келе жатқан құрмет болғанымен, белгілі бір деңгейде талап сақталуы керек.
«Ескерткіш қою мәдениеті біздің көне түркі заманынан келе жатқан үрдіс. Бабаларымыздан қалған ерекшелік. Бабаларымызға деген құрметіміздің әлі күнге дейін сақталуында жатыр. Әр рудың өзінің батыры бар. Мұны халықтың ынтасы деп қарап, айыптауға да болмайды. Бірақ бұл үрдісті қалаға әкелуде өзінің талаптарын ескерген жөн», - дейді Сембіғали Смағұлов.
Ол заманында кең танылған талантты суретші Михаил Шемякиннің астанаға сапары кезінде мемориал қою үрдісіне қатысты айтқан пікірін алға тарта отырып, суретшілер тарапынан алаңдаушылығын білдірді.
«2007 жылы астанаға әлемге әйгілі мүсіншілер келді. Сонда суретші Михаил Шемякин Президентпен кездескенде астанадағы ескерткіштерге қатысты ойын айтты. «Астана – жас қала. Оны жаңа үрдісте қалыптастырып жатырсыздар, сондықтан ескерткіш қою көнерген әдіс. Ескерткіш қоя берсе, қала пантеонға ұқсап кетеді» деген еді. Расында да өз тарапымнан айтар болсам, қаламызға халықтың интеллектісін көрсететін туындылар керек. Таяуда министр Абаевпен кездескенде осы сұрақты көтердім. Қазір біздің мүсіншілердің көкейінен туған қаншама композициялары шаң басып жатыр. Соларды қалаға лайықтап шығарсақ деген едік. Министр жаңа жылдан бастап мүсіншілердің көрмесін өткізу бастамасын құптайтынын айтты. Жүректен шыққан дүниелер халық жүрегінен орын алады. Өйткені суретшіні халық тудырды. Сондықтан жаңаша интеллектуалдық үрдіске орын беруіміз қажет», - дейді Сембіғали Смағұлов.
ДЗЕРЖИСНКИЙ, ЛЕНИНДЕРДІҢ АЛЫП МҮСІНІ АЛАҢҒА ЖҰМЫС ІСТЕДІ
Ал демеушінің ақшасына салынып жатыр деп әр жерден ескерткіш тұрғыза беру қаншалықты жауапкершілігі бар деген сауалымызға мүсінші былай деп пікірін білдірді.
«Бір рудан аты шыққан азаматтарға алып мүсін қою Кеңестік идеологиядан қалған сарқыншақ. Мәселен, Дзержиснкий, Лениндердің алып мүсіні идеологиямен алаңға жұмыс істеп тұрды. Ақын Фариза Оңғарсыноваға юбка кигізіп Атырауға қойып қойды. Онда қандай эстетика бар?! Мүсінге байқау жариялағанда да асығыстық танытады. Мұндай образдар пантеонға орнатылатын деңгейде ғана қалады. Ал мүсін бюджет қаржысына жасалса да, демеуші есебінен орнатылса да мемлекеттік комиссия алдынан өтуі міндетті. Ақселеуге қойылған ескерткіштен соң осы жағына баса мән берілетін болса керек», - деп атап өтті суретші.
Тарас Шевченко ескерткіші, Львов. Автор – Михаил Шемякин
Айта кетелік, мұндай ұсқынсыз ескерткіштердің қатарында Өскемендегі Абай мен Михаэлиске арналған мүсін де бар. Ол нысан бір күн ғана тұрған болатын.
2014 жылы маусымның 23-не қараған түні осы екі тұлғаның есімдері қойылған көшелердің қиылысқан тұсына орнатылған ескерткіш суреті интернетте кең тарап кетіп, әлеуметтік желі қолданушылары ескерткіштің көркемдік мазмұнын қатты сынаған болатын. Бұл оқиға тұңүыш президент Нұрсұлтан Назарбаев маусымның 24-і күні жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барған уақытпен дәлме-дәл келді.