«Алматыда жатақхана салатын жер жоқ»: 35 мың студент қайда тұрады?

Автор: Сағыныш Ибрагим

Мегаполисте 182 мың студент оқып жатыр, соның 30 пайызы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген.

Жылда күз келіп жаңа оқу жылы басталса болды, студенттердің жатақхана мәселесі мен мұндалайды. Биыл бұл проблема Алматыда тіптен ушыға түскен. Әкімдіктің мәліметінше, қаладағы 36 жоғары оқу орнында 182 мың студент білім алып жатыр. Оның 120 мыңы өзге өңірден келген қыз-жігіттер. Сәйкесінше, орын тапшылығы орасан. Қалалық жастар саясаты басқармасының өкілдері Алматыда 35 мың студент жатақханаға мұқтаж деп отыр. Алыстан білім қуып келген жастардың барлығына жатақхана тауып бере алмаған оқу орындары, оларды хостелдер мен қонақ үйлерге жайғастырған.

«Қазіргі уақытта жатақханадан орын жетпеген 7213 студент қаладағы қонақ үй мен хостелдерде тұрып жатыр. Әр студент айына шамамен 30 мың теңгеден төлейді, қалған 30 мың теңгесін университет өз мойнына алады. Кейбір жоғарғы оқу орындары шәкірттерін далада қалдырмау үшін өзара келісіп, хостелдерді бір жылға жалға алып үлгерді. Біз әкімдік тарапынан да қонақ үйлермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Тым болмаса пәтер нарығы тұрақталғанша, студенттерді 3 ай қонақ үйде тұрғызуын сұрап отырмыз», - деді қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.

Студенттерге жалдамалы пәтер табу қиын

Дегенмен, хостелдерді жалға алу арқылы орын тапшылығын түбегейлі шешу мүмкін емес. Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі жүргізген талдау бойынша, Алматыда студенттердің тек 30%-ы жатақханамен қамтамасыз етілген. Олар алыс ауылдан келген бірінші курс студенттері және көпбалалы отбасынан шыққан, әлеуметтік жағдайы осал топқа жататын балалар. Қалған 30%-ы пәтер жалдаса, 40%-ы туыстары мен жақындарының үйінде тұрып оқуда.

Ал биыл жатақханада орын жетіспеушілігі мен үйсіз жүрген студенттердің көптігінен, Алматыда жалдамалы пәтер ақысы шектен тыс аспандап кеткен. Жөні түзу деген бір бөлмелі пәтерлердің айлық жалдама ақысы 170 мың теңгеден басталады. Бұл онсыз да ашқұрсақ жүретін студенттердің қалтасына ауыр тиеді. Соған қарамастан, кейбір студенттер пәтер табу мұңға айналды дейді. «Оқуыма кесірі тиер» деп атын өзгертуді сұраған Абай атындағы Педагогикалық университеттің үшінші курс студенті Арунаның айтуынша, пәтерлерін жалға берушілер студенттермен сөйлескісі де келмейді екен. Соның салдарынан біраз уақыт тентіреп жүруіне тура келген.

«Бірінші курста жатақханадан орын тиді. Бірақ, екінші курстан бастап орын жетпегендіктен группадағы өзім сияқты алыстан келген қыздармен бірге пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Жылда пәтер табу үшін Алматыға бірнеше күн бұрын келеміз. Өйткені, иелері үйін студенттерге жалға бергісі келмейді. Биыл да әбден әуреге түскендіктен және алаяқтарға алданып қалмас үшін риелтордың көмегіне жүгіндік. Олардың қызметі 50 мың теңге. Қазір 6 қыз бірігіп ескі үйден 240 мың теңгеге әзер тапқан екі бөлмелі пәтерді жалдап жатырмыз. Алайда, үй иесіне тек үш қыз қоныстанамыз деп айтқан едік. Ақшаны үнемдеу мақсатында амал жоқ осылай жасырынып, топтасып тұруға тура келді. Өзім стипендия алмаймын, ақылы бөлімде оқып жатырмын. Ата-анамның қалтасына салмақ салмас үшін, арасында жұмыс істеуді ойлап отырмын. Жылда күзде Алматыда жалдамалы пәтердің бағасы қымбаттап кетеді, осыны құзырлы органдар қадағалап реттесе екен», - деді студент.

Жатақханалардың құрылысы сылбыр

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мұндай жағдайдан хабардар екенін, алайда пәтер ақысын реттеуге министрлік те, әкімдік те еш араласа алмайтынын жеткізді. Яғни мүлік иелері нарықтағы сұранысқа қарай, қалаған бағасын бекітеді. Оның айтуынша, Алматы үлкен қала болғандықтан және сапалы білім беретін университеттердің дені осында болғандықтан, бұл – мегаполисте жыл сайын қайталанатын «қалыпты құбылыс» деп қарау керек. Дегенмен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев студенттердің оқуды емес, керісінше пәтерақының қамымен жүргеніне бей-жай қарамау керек дейді.

«Елімізде 1 миллионнан астам студент білім алады. Ал, студенттерге жатақхана жетіспеушілігі 85 мыңнан астам орынды құрап отыр. Яғни 85 мың қыз-жігіт пәтер жағалап жүр. Алматыдан бөлек, Нұр-Сұлтанда 17 мың, Шымкентте 10 мың студентке орын қажет», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, Үкімет тарапынан, оның ішінде қаржы министрлігі жатақханалардың құрылысын қолдауға бағытталған жүйелі өзгерістерді қабылдауға даяр емес. Биыл қолданысқа берілуі тиіс жатақханалардың да құрылысы сылбыр жүріп жатыр. Сондықтан, ғимараттар уақытында тапсырылмайтын сыңайлы деп алаңдаулы. Ал, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев алаңдауға негіз жоқ екенін, елде жатақханалар қарқынды салынып жатқанын айтып отыр.

«Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігі бойынша, соңғы 3 жылда жатақханалар қарқынды салынып жатыр. Былтыр елде 10 364 орынды 49 жатақхана қолданысқа берілді. Биыл тағы 36 жатақхана іске қосылуы тиіс. Бұл дегеніміз, 10 мыңнан астам орын пайда болады деген сөз. Әсіресе Алматыдағы ахуалды реттеу үшін бөлек жоспар құрылып жатыр. Құрылысқа инвесторлар тарту бойынша да жұмыс істеп жатырмыз», - деді Қуаныш Ерғалиев.

Бос жер телімі жоқ. Жатақхана салуға ынталы инвесторлар азайды

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдауында студенттерді жатақханамен қамтамасыз етудегі түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керектігін айтқан болатын. Ал Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың айтуынша, елде 2018 жылдан бастап қолға алынған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша жатақхана құрылысына инвестор тартудың механизмдері қолайсыз.

«Ғылым және жоғары білім министрлігі университеттерге жатақхананы өздеріне салуды немесе кәсіпкерлерді тартуды ұсынып отыр. Мемлекеттік оқу орындарында қаражат жеткіліксіз болғандықтан, олар бұл жұмысқа құрылыс компанияларын тартады. Инвесторға құрылысқа жұмсалған шығыны жатақхана пайдалануға берілгеннен кейін, келесі 8 жыл ішінде әр студенттің жалдау ақысынан бөлек, мемлекеттік тапсырыс көлемі арқылы өтеледі. Құрылыс компаниялары бізге бұл механизм тиімді емес дейді. Өйткені, мемлекет жылына бір студент үшін кепілдендірілген төлем ретінде 122 АЕК немесе 374 мың теңге төлейді. Ал, жыл сайын инфляция қарқынды өскенімен, айлық есептік көрсеткіштің көлемі көп көтерілмейді. Нәтижесінде, 8 жылдың ішінде мемлекет тарапынан төленетін жиынтық төлемдер, бағаның қарқынды өсуіне байланысты құрылыс шығындарын өтемейді. Мысалы, 1 АЕК өткен жылмен салыстырғанда небәрі 5%-ға, ал құрылыс материалдары 30-дан 100%-ға өсті. Сондықтан, көптеген инвестор 8 жылға шыдамаймыз, оны 6 жылға азайтсын деп талап қойып отыр.

Бұдан бөлек, Алматыда жатақхана салатын бос жер жоқ. Ал кейбір оқу орындарындарының меншігінде жер телімдері бола тұра, құрылыс бастай алмай отыр. Себебі, маңайдағы көршілері қарсылық танытып, әрдайым шу көтереді. Бұл да қоғам болып бірлесіп шешетін үлкен мәселе. Қазір елімізде бала туу көрсеткіші өте жоғары. Алдағы 3-4 жылда студенттердің саны қазіргіден де көп болуы мүмкін. Сондықтан, жатақхана мәселесіне бей-жай қарамау керек», - деді Рахман Алшанов.

Әкімдіктер студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге құлықсыз

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев та құрылыс материалдарының орташа есеппен 40-50 пайызға қымбаттауына байланысты, мемлекеттік тапсырыс алудың тиімділігі жоғалғанын айтты. Ол қазір студенттік жатақхана салуға ынталы инвесторлар табу қиындап, керісінше 5-6 мың орындық 16 жатақхананың келісім-шарттары тоқтатылғанын жеткізді. Сондықтан, тез арада студенттік жатақхана салу механизмдерінің тартымдылығын арттыру тетіктерін енгізу керек дейді. Яғни мемлекеттік төлемдерді 8 жылдан 6 жылға қысқартып, қайтарымды қаржының сомасын кемінде 25 пайызға көтеру қажет деп отыр.

«Қазақстан бойынша студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету көрсеткішін ең кемі 35 пайызға жеткізуіміз керек. Бұған жергілікті әкімдіктер бастамашы болуы қажет. Мысалы, бүгінге дейін инвесторлар мен білім беру ұйымдарына жер бөлу мәселесі өте қиын жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, құрылысты бастау үшін қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды бюрократизмге айналдырғаны тағы бар», - деді Елнұр Бейсенбаев.

МЖС арқылы жатақхана салу үшін жаңа бағдарлама бекітілуі керек

Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев жатақхана түйткілін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілі бойынша шешу үшін, еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазіргі инфляция деңгейін ескере отырып, жаңа бағдарлама бекітуі керек деп есептейді.

«Студенттерге жатақхана салатын инвесторларға жер қайдан және қала бөлінеді? Несие қай банктер арқылы беріледі және қанша жылға қаржыландырылады? Соның барлығы көрсетілген бағдарлама дайындалу керек. Онсыз бұл мәселе шешілмейді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмі бойынша кәсіпкерлер құрылысқа әуелі өз қаражатын құяды. Содан кейін оны үкімет сатып алуы тиіс. Бірақ нарықта кәсіпкерлер өз пайдасын көрсе ғана, сондай ұсыныстарға кіріседі. Сол себепті құрылысшыларға да, ЖОО-ға тиімді бағдарлама бекітілуі қажет», - деді Талғат Ерғалиев.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде алматылық студенттердің далада қонып жүрегені туралы жазылған болатын. Алайда, қалаға арнайы келген Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері мұндай жастарды кезіктірмегенін хабарлады.