Осы жылдың 8 айында мегаполисте 19 367 неке тіркелген
Алматыда некенің бұзылуы жиілеген. Үйлену жыл сайын көбейгенімен, ажырасып кететіндердің саны да артқан. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Сатхожина тіркеу қызметі саласындағы жағдайға тоқталды. Спикер азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) жұмысына да тоқталды. Мегаполис тұрғындары арасында отбасын құрудың оң динамикасын байқалған. Мамандардың айтуынша, 2022 жылдың 8 айында Алматы қаласында 84 507 азаматтық хал актісі тіркелген.
Бұл тізімде 48 200 туу және 12 326 өлім актісі бар. Сонымен қатар, 19 367 неке туралы актісі есептелді. Айта кетерлігі, 2021 жылы дәл осы кезеңде 16 952 адам шаңырақ көтерген.
"Ажырасу азайған жоқ, жыл басынан бері 2608 жазба некені бұзу (2021 жылы - 1870) және тегін, атын қайта ауыстырудың 2006 жағдайы тіркелді",- деді спикер.
Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Зәуреш Сатхожина азаматтық хал актілерін тіркеу саласында мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне түзетулер енгізілгенін хабарлады.
"Некені тіркеу мерзімі қысқарды. Енді некеге тұру туралы өтініш берілген күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен бастап есептелетін 15-ші күні тіркелуге болады. Бұрын 30 күнтізбелік күн күту қажет болатын",- деді Сатхожина.