Былтыр 55 миллион теңге болған комбайндар биыл 86 миллионға бір-ақ шықты
Ескі техникаларын утиль алымға өткізген шаруалар сан соғып қалды. Тіптен кейбірі ескі болса да жүріп тұрған, шөбін шауып, жемін тасып отырған трактор, комбайндарын да қабылдау орындарына өткізіп жіберген. Мемлекеттің бағдарламасына сеніп, қолындағы техникасынан айырылған жұрттың есік қағып, арызданып жүргендеріне бір жылдан асты. Бірақ оларға жарытып жауап беретін жауапты мекемелерден бір адам табылмаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Ақтөбе облысындағы шаруалар қолданып жүрген 60-қа жуық ауыр техникасын қаланың түбіндегі «Оператор РОП» компаниясының филиалына былтыр өткізіп берген. Қолдарына 60 миллион теңгенің сертификатын алған шаруалар жер жыртып, егін егуде бұдан былай шаршамаймыз деп қуана тарқасқан. Өйткені 1,5 миллион теңгеге дейін бағаланған ескі техниканың сертификатымен тұрғындар су жаңа көлікті несиеге ала алады. Алайда арада ай емес, жыл өтсе де ақтөбеліктер сертификатты сол қалпы қажеттіліктеріне жарата алмаған.
«Сертификат бір жылға жарамды деген. Енді оның да уақыты өтіп кетті. Осындағы шаруалар бірігіп комбайн, тракторларды тіркемесімен қоса өткізіп бердік. Барлығы 60 техниканы қабылдап алды. Бұл тек ауыл шаруашылығына қолданған техникалар ғана. Халықтан қанша жеңіл машинаны қабылдап алғанын білмейміз. Біз тек ескірген ауыр көліктерді өткіземіз. Бірақ елдің затын алғанмен, ақшасын бермей, сертификаттары жарамсыз болып, алдап кетті», - деді Ақтөбе фермерлік орталығының жетекшісі Марлен Баймағамбетов.
Бұл орталыққа ақтөбелік 300-дей қожалық мүше. Барлығы бірігіп өтемақыларын даулағанмен, ешқандай нәтижеге жете алмаған. Утилизациялық алымның төлемақысы 6 санат бойынша беріледі. Жеңіл автомобиль, ауыр жүк көлігі, автобус, трактор және астық пен жем жинайтын комбайн. Төлемнің ең азы 230 мың теңгеден басталса, комбайндарға 1,5 миллион теңгеге дейін беріледі. Ескісінен құтылып, қолына қаржылық сертификат алған адам оны салонда жаңа техниканың алғашқы жарнасы ретінде қолдана алады.
«Өзімнің жеке комбайндарымды өткіздім. Ауылға жаңа техника аламыз немесе жеңіл көлік рәсімдейміз деп жоспарлаған едік. Сертификаттар сол қалпы үйде жатыр, жарамсыз, қажетсіз қағаз болып қалды. Мен төрт комбайн өткіздім. Әрқайсысына 1,5 миллион теңгеден төленуі керек еді. Сұрақтарымызға ешқандай жауап жоқ, сенделіп жүргенімізге бір жылдан асты. Мен сияқты алданып қалған адамдар өте көп», - деп ашынды ақтөбелік кәсіпкер Ілияс Нұрланұлы.
Тағаты таусылған тұрғындар да, техникасыз қалған кәсіпкерлер де Экология, геология және табиғи ресурстар министрімен байланысқа шыққан. Жиналыста Серікқали Брекешев халыққа мәселені жылдам шешетінін айтып, уәде де беріпті. Бірақ уәде сол күйі қалған.
«Халықтан ескі машиналарды жинап «Оператор РОП» компаниясына тиесілі мердігер мекемеге өткізіп келдік. 2016 жылдан бастап осы іспен айналыстық. Машиналарды тіркеуден толық шығарып, өңдеуге өткізіп, ақшамызды толық алып жүрген едік. «РОП» басында ақшамызды 15 күннің ішінде төлеп отырса, кейін азайта бастады. Соңғы жылдары өткізген машиналардың ақшасын әлі ала алмай жүрміз. Республика көлемінде алданған, жем болған азаматтар шығып жатыр. 2021 жылы бір машина мен бір комбайнның сертификатын берген. Тексертсек ақшасы жоқ, құр қағаз екен. Оны салондағылар қабылдамады.
Биыл 5 қаңтар күні 4 машинаны утильалымға беріп тастаған едім, қаңтар оқиғасынан кейін «Оператор РОП» жабылып қалды. Төрт машинаға берілетін 880 мың теңгемді де, алдыңғы техникаларымның ақысын да ала алмай жүрмін. Құжаттардың қолдану уақыты, жарамдық мерзімі де өтіп кетті. Мен сияқты алданған жігіттер аз емес. Мамыр айында Брекешевтің жиналысына қатыстық, ол бізге «еш уайымдамаңдар, жарамдылық мерзімін ұзартып береміз» деп уәдесін берген. Сол қалпы істі аяқсыз қалдырды. Брекешевке алданып қалдық. Ақшамызды беретін ешқайсысының ойы жоқ», - деді қызылордалық кәсіпкер Бауыржан Омаров.
Қаңтар оқиғасынан соң «Оператор РОП» компаниясына тексеру басталды. Басшылары тергеуге алынып, кәдеге жарату төлемдері мен қайта өңдеуге берілген жабдық үшін өтемақы төлемдерін қабылдау уақытша тоқтатылды. «Жасыл Даму» АҚ құзырлы органдар «Оператор РОП» ЖШС-ға тексеру жүргізіп жатқанын, функцияларды «Жасыл Даму» басқармасына беру процесі әлі аяқталмағанын хабарлады. Бірақ одан бері сегіз ай өткенмен, өтемақыны қайтару сол қалпы қалып қойған.
«Ескі техникаларын әлі де өткізгісі келетін адамдар бар. Биыл жаңа көліктің, техниканың бағасы 30-40 пайызға дейін қымбаттады. Былтыр 55 миллион теңге болған комбайндар биыл 86 миллионға бір-ақ шықты. Сонда бізге берген сертификаттардың құны көк тиын болып қалды. Отандық таркторлардың құны да өсті. Сондықтан былтыр бізге берген сертификаттардың мерзімін ұзартып қана қйомай, құнын да көтеру керек. Өйткені бізден ол сертификаттарды дер кезінде қабылдамады. Біз ауыл шаруашылығына қажетті техникалардан қағылдық. Бізге ешкім жауап бермейді. Қанша арызданғанымызбен министр де, комитет те жауап бермейді. Бос әңгіме болып қалды. Бұл утильалым дегеннің ережесін де өзгерту керек», - деді ақтөбелік кәсіпкер Баймағамбетов.
Утилизациялық алымға көлік апарып алдандық деген азаматтар барлық өңірде бар. «Оператор РОП» бойынша тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр.
Аталмыш министрліктің өкілі Нұржан Оралханұлы «Ескі көліктерді қабылдайтын орындар әзірге жұмыс істемейді, жұмыс тоқтап тұр, ауыз толтырып айтатын ештеңе жоқ», - деп қысқа қайырды.