2019 жылы Қазақстанның ішкі істер органдарын реформалау үшін 173 млрд теңге бөлінген болатын
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан «полицияның жұмысын түгел реформалау керек» деген тапсырма ала сала, сол тапсырма айтылған кездегі ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «білек сыбана іске кірісті».
Бұрынғы министр ең алдымен полицияның жұмысына емес, олардың киіміне реформа жасап, форманы ауыстырды. Одан кейін ішкі істер органдарындағы қызметкерлер санын азайтып, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтетінін айтты.
Алайда бұл реформалар полицияның жұмысындағы сапаны жақсартып, органдардағы азаптау фактілерін азайтып, полицияға деген қоғамның сенімін күшейте алмады дейді сарапшылардың көбі.
Ал зейнеттегі подполковник Болатбек Солтановтың айтуынша, полиция шын мәнінде ашық жұмыс істеуге көшкенде ғана халықтың сенімі ояна бастайды.
«Ішкі істер органдарында 2001 жылға дейін қатардағы тергеушіден бастап, басшылық қызметке дейін жұмыс істедім. 2001 жылы сәуір айында подполковник шенімен зейнетке шықтым. Осы жолымда ала жіпті аттама, заңға көмектес, бірақ сол көмегің біреудің көз жасы болмасын және әлсіз бен әйелге қол да, тіл де тигізбе деген қағидамен жұмыс істедім. Ол уақыт өтсе де ескірмейтін қағида болуы керек. Тергеуші қылмысты тек дәлелмен мойындату керек», - дейді подполковник.
Ал қазір ішкі істер органдарында тергеуші де, полиция да жасаған заңсыз әрекеті үшін жаза алмайтынын біледі дейді ол. Айтуынша басшысы да, қол астындағы қызметкер де заңды белінен басып жүретіні сол.
«Полиция қызметкерлері заңсыз әрекетке барса да жұмысынан айырылмайтынын, жазаланбайтынын біледі. Мұны өзгерту үшін басшысына қарсы шыққан, яғни басшысының тапсырмасын орындау үшін заң бұзбаймын деген қатардағы қызметкер қудаланбайтынына кепіл беру керек. Жалпы, жүйедегі заңсыздықтардың түпкі себебі – соңғы жылдары Конституцияға енген өзгерістер арқылы белгілі бір адамдардың жеке басына артықшылық беруде. Қазақстанда бүкіл азамат заң алдында бірдей болу керек», - дейді Болатбек Солтанов.
Ол полициядағы реформаларды ең алдымен орган жұмыстарының ашықтығынан бастау керек екенін айта келе, өзі де кезінде ерекше, заңды пікірі үшін прокурорлармен көп тірескенін айтады.
«Мәселен мен майор шенін уақытынан екі жыл кешігіп алдым, капитанды да солай. Өйткені, қызмет бабында заңсыздыққа жол берген прокурор, басшылармен үнемі қарама-қайшы пікірде болдық. Ал қазіргі ойымдағы дүние іске асса, әрине, идеал болатын еді: яғни, полиция қызметіндегі ашықтық. Мысалы, бейбіт шеру болып жатыр делік, басшысының бұйрығын орындамай, сол бейбіт шеруге келген халықты қамамай, күш қолданбай жұмыс істеген қызметкер жазаланбайтынына сенімді болу керек. Яғни ол заңға қайшы, Конституцияға қайшы әрекет жасамады, сондықтан оны жеке бұйрығымды орындамадың деп ешқандай басшысы сөкпеуі керек. Тергеуде де сол, әр полиция заң мен ар аясында жұмыс істеуі керек», - дейді сөзін түйіндеген ол.