$ 503.15  543.3  5.93
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жастар қалаға үдере көшті»: Сарыбастау ауылында қариялар неге жалғыз қалып жатыр?

Сарыбастау ауылында 2453 адам тұрады

«Жастар қалаға үдере көшті»: Сарыбастау ауылында қариялар неге жалғыз қалып жатыр?

Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылының ақсақалдары жұмыстың жоқтығына налиды. Өйткені, жастардың басым бөлігі қарт ата-аналарын тастап, қалаға амалсыздан көшуге мәжбүр. Кезінде қой өсіретін ұжымшардың орталығы болған ауылда қазір мектеп пен әкімдік қызметкерлері ғана ресми жұмыспен қамтылған. Жергілікті тұрғындар ауылдың әлеуметтік жағдайына назар аударып, жабылып қалған өндіріс орындарының қайта ашылуын талап етіп отыр.

«Үш балам бар. Үшеуі де ауылдан көшіп кетті. Немеремді әрең ұстап отырмын. Ауылдағылар түгел жұмыссыз. Жұмыс істейтін жер жоқ. Тек қана мұғалімдер мен әкімшілікте отырғандар ғана. Басқа жұмыс жоқ. Елдің бәрі көшіп кетті», - дейді Сарыбастау ауылының ақсақалы Бекен Әбіқазы.

 

«Өндіріс орнын салып берсе екен. Ең болмаса өз малымыздың етінен шұжық жасасақ, сүт өнімдерін жасайтын зауыттар салынсын. Қойдың жүнін өткізетін жер жоқ. Оны біраз сақтасаңыз шіріп кетеді. Терісін де тастап жатармыз. Екі ұл, бір қызым бар. Қалада ғой бәрі. Өзім де жұмыссызбын. Зоотехник болып жұмыс істегенмін. Қысқартып жіберді. Ауыл шаруашылығын қысқартып тастады ғой түгел. Соны қолға алса ауыл дамитын еді», - деді Сарыбастау ауылының тұрғыны Нұрбақыт Темірәлиев.

Ал жұмыспен қамту орталығы арқылы уақытша жұмысқа орналасқан жастар үш-төрт айдан кейін қайта жұмыссыздардың қатарына қосылып жатыр.

«Бәрі үдере көшті. Ауылымызда жастар сиреп қалды. Кәрі-құртаң біздер сияқтылар қалдық. Бірақ қалаға барып, ол жақтан да дым таппай, қайтып ауылға келіп жатқандары бар. Қалаға барғанда қара басын ғана бағады, ал отбасылардың жағдайы қиын. Бала-шағасымен бірге пәтерге алмайды.

Жастар келіп жатыр мысалы, мұғалім болып та. Бірақ оларға орын жоқ. Қайда барарын білмей, қаңғып жүр. Қалаға барса тұрақты тіркеу сұрайды. Бауырымның баласы жұмыссыз ретінде 3 айға жұмысқа кірді. Қазір тағы да жұмыссыз. Студент балаларымның оқу ақысы 1 миллион теңгеге жетті. Оны төлеу біз үшін тіптен қиямет.

Бұрын кірпіш зауыт болатын. Оны да жоқ қылды. Үлкен монша болатын, қаншама адам жұмыс істейтін. Ол да жоқ. Балабақша бар еді. Ол да оңып тұрған жоқ», - деді ауыл тұрғыны Фарида Ілиясова.

Әкім Сарыбастауда өндіріс орны атымен жоқ екенін айта келе, жергілікті тұрғындар малын бағып күн көріп отырғанын жеткізді.

Осыған дейін Azattyq Ruhy дәл осы ауылда жайылымдық жердің тапшы екенін жариялаған болатын.

Әйтсе де әкім, ауылда маусымдық жұмыстар жетіп артылатынын, алайда жұрт оны істеуге құлықсыз екенін жеткізді.

«Ауылда 136 шаруа қожалығы бар. Олардың бәрі мал бағатын адам таппай жүр. Қой қырқатын маусымдық жұмыстарға да ешкім бармайды. Мердігер компаниялар мектеп, балабақша құрылысына да жұмысшы таппайды. Ешкім барғысы келмейді, жұмыс істегісі келмейді. Әкімдік, мектеп, балабақша аурухана секілді мекемелерде 100-ден астам қызметкер ғана ресми жұмыс істейді.

Мұнда 2453 адам тұрады. Оның ішінде экономикалық белсенділері – 1526 адам. Халықтың негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы. Ауылымызда 168 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның ішінде 24-і – жеке кәсіпкер, тағы 5 заңды тұлға бар. Ауылымызда ірі өндіріс орындары жоқ», - деп мәлімдеді Сарыбастау ауылының әкімі Шалқар Әлдибеков.

Десе де ауыл әкімі Сарыбастаудың болашағы бұлыңғыр деген пікірмен келіспейді. Үкіметтен көмек сұраудың да жөні жоқ, дейді. Ал қалталы азаматтар ауылды жандандыру үшін инвестиция құйып, кәсіпорын салуға ынталы емес екенін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары