«Баласы мультфильм көргісі келеді»: СҚО-да әкімдік қызметкері жағдайы төмен отбасыға неліктен ескі теледидар сыйлағанын түсіндірді

Автор: Әсел Оршыбекова

Аталған оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланды

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданы жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасына ескі теледидарды сыйға тартқан. Бұл сәттің фотосуреті әлеуметтік желілерде тарап, ол көпшіліктің ашуын туғызды.

Фотосурет ең алдымен аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Facebook-парақшасында пайда болған.

«Есіл ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Никитаев және атаулы әлеуметтік көмек бойынша маман Теміров Есіл ауданы Явленка ауылында тұратын Кузовлев отбасына көмек көрсетті. Отбасының теледидар сатып алу мүмкіндігі болмады, сондықтан оларға сөресі бар теледидар пайдалануға берілді», - деп жазылған фотосурет астына.

Көнерген теледидарды көрген желі қолданушылары дереу әкімдікті айыптай жөнелген. Өйткені, қазір мұндай ескі модельдегі теледидарлар сатылымнан алынып тасталған.

Azattyq Ruhy тілшісі СҚО Есіл ауданының халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Азамат Никитаевқа хабарласып, мән-жайды нақтылады. Оның айтуынша, сыйға тартылған теледидар мен сөре мемлекеттің қаражатына алынбаған.

«Ол отбасы бізден атаулы әлеуметтік көмек алады. Содан бізге келіп, көмек сұрады. Оның үйінде «Отау-тв» антеннасы бар, бірақ теледидары жоқ екен. Кішкентай баласы мульфильм көргісі келетінін айтты. Содан үйде тұрған теледидарды бердік. Бұл өзіміздің жеке мүлкіміз», - деді ол.