Сарапшы: Ажырасқан отбасылардың басты мәселесі – алимент өндіру

Автор: Ая Өміртай

Шымкент қаласында 697 борышкер алимент төлеуден жалтарып жүр

Шымкент қаласында уәкілетті органдардың келтірген дерегі бойынша, әр оныншы отбасы ажырасып кетіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ажырасқан отбасылардың өзекті мәселесі – екінші ата-анадан алимент өндіру. Бас прокуратураның ресми деректеріне сүйенсек, елімізде 1 104 борышкер алимент төлемегені үшін іздеуде жүр.

Осы орайда «Әділдік жолы» РҚБ Шымкент қаласындағы филиалының басшысы Айжан Кесебаева бірлестікке әділдік іздеп келетін азаматтардың басым көпшілігі балаларына алимент ала алмай жүрген азаматтар екенін айтады.

«Біздің бірлестікке әділдік іздеп келетін азаматтардың басым көпшілігі – балаларына алимент ала алмай жүрген азаматтар. Көпшілігі өздерінің заңды құқықтарын жете білмегендіктен ажыраспаса да, баласына материалдық көмек көрсетпейтін әкеден (немесе анадан) алимент өндіруге болатынын түсінбейді. Немесе алимент өндіру үшін заңгер жалдауға қауқарсыз жандар да кездесіп жатады», - дейді филиал басшысы.

Оның айтуынша, биыл алғашқы жарты жылдықта 31 адамға алимент бойынша сотқа жүгіну, сот бұйрығын шығарту және жеке сот орындаушылар палатасына жіберу бойынша кешенді қызмет көрсетілген. Сонымен бірге, Шымкент қаласында әр оныншы отбасы ажырасады және 697 борышкер алимент төлеуден жалтарып жүр.

«Біздің филиал тарапынан бұл азаматтарға тек құқықтық кеңес беріліп қана қоймай, ЭЦҚ алудан бастап сот кабинеті арқылы сотқа алимент өндіруге талап-арыз тапсырып беру қызметі де көрсетіліп келеді. Сонымен қатар, сот шешімі шығып қойған, бірақ жеке сот орындаушы тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілмегені себепті қордаланған қарызын өндіре алмай жүрген ата-аналарға да тиісті көмек көрсетіп жатырмыз. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес атқарушылық іс бойынша борышкер алимент өндіруден жалтарған жағдайда жылжитын немесе жылжымайтын мүліктен айыру, шетелге шығуға тыйым салу, жүргізуші куәлігінен айыру, тіпті Қылмыстық Кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту да көзделген», - деп нақтылады ол.

Маман бірлестік тарапынан көрсетілетін қызмет түрлері тегін жүргізілетінін, сондай-ақ қаладағы кез келген тұрғынның түйткілді мәселесін шешу – ұйымның басты міндеті екенін атап өтті.