Америкалықтар қазіргі нарыққа қажетті мамандықтарды оқытады
Жаңа оқу жылынан Солтүстік Қазақстандағы Қозыбаев университеті америкалық Аризона университетімен бірлесіп маман даярлай бастайды. Өткен жылы екі білім ордасы және ҚР Білім және ғылым министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы үшжақты келісім жасалды. Қазір Петропавлда жаңа корпус салынып жатыр. Құрылыс алдағы оқу жылына дейін аяқталмақ. Үшжақты әріптестік аясында Қазақстанның еңбек нарығына қажетті ІТ, агротехнология және жаратылыстану, химия, энергетика сынды тағы басқа салалардың мамандары даярланады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
ТҮЛЕКТЕР ҚОС ДИПЛОМҒА ИЕ БОЛАДЫ
Құжат қабылдау науқаны аяқталды. Мыңнан астам талапкер білімі мен бағын сынап көрмек. 500 мемлекеттік грант бөлінді. Студенттер алғашқы 3 жыл бойы Қазақстанда білім алса, соңғы, 4-ші курсты АҚШ-та аяқтауға мүмкіндік туады. Оқуды сәтті аяқтаған түлектер қос дипломға ие болады.
«Бұл бағдарламаның мақсаты – аймақта әлемдік деңгейдегі білім беру, сонымен қатар академиялық шеберлік орталығына айналу. Өңірлерден дарынды жастардың шетелге және басқа да ірі қалаларға кетуін азайту. Биыл оқуға түскен талапкерлер 2 дипломға өтініш бере алады: қазақстандық және америкалық. Оқытуды қазақстандық және халықаралық профессорлар жүргізеді. Соңғы семестрде студенттер Америкада Аризона университетінің негізгі кампусында оқиды. Білім гранттық негізде, яғни толығымен тегін. Биылғы екі дипломдық мамандықтар: өсімдіктер туралы ғылымдар, өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар, азық-түлік қауіпсіздігі, биотехнология, ақпараттық жүйелер. Халықаралық бағдарламалар бойынша мамандықтар: педагогика және психология, мектепке дейінгі білім және тәрбие, химия, физика, электротехника және есептеу техникасы, химиялық инженерия, электр энергетикасы және энергетикалық жүйелер, машина жасау, құрылыс инженериясы», - дейді Kozybayev university инновация және интернационалдандыру мәселелері жөніндегі Басқарма мүшесі Дәмел Мектепбаева.
Биыл оқуға қабылдау бес білім беру бағдарламасы бойынша жүргізілді: «Өсімдіктер туралы ғылымдар», «Өсімдіктер туралы ғылым және технологиялар», «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі», «Биотехнология», «Ақпараттық жүйелер».
«Оқуға қабылданған студенттер ағылшын тілін білу деңгейіне сәйкес топтарға бөлініп оқытылады. Оларға негізінен шетелдік оқытушылар сабақ береді. 3 курс бізде білім алып, 4-ші курста АҚШ-қа барады. Бірақ бәрі емес. Ол үшін белгілі талаптар бар. Бастысы ағылшын тілін жетік меңгеру керек. Аризона универистіне барғанда олар тұратын жаймен тегін қамтылады. Сонымен қатар, ЖОО олардың жолақысының шығындарын өтейді. Стипендия сақталады. Әдеттегідей дипломдық жұмыс жазып қорғайды. Бірақ оны екі рет жазып әуре болмайды, бір еңбекгі Қазақстанда да Америкада да қорғайды», - дейді Қозыбаев университеті қабылдау департаментінің директоры Гүлмира Оспанова.
ЗАМАНАУИ ОҚУ КОРПУСЫ САЛЫНУДА
Қазір Петропавлда жаңа оқу корпусы салынып жатыр. Құрылыс алдағы оқу жылына дейін аяқталмақ. Білім беру нысаны заманауи қондырғылармен жарақталмақ.
«Мен «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Америкада, Аризона университетінде білім алдым. Ол әлемдегі беделді оқу орындарының бірі деуге болады. Профессорлары өте мықты. Ал біздің жастарымызға елімізде шетелдік білім алуға мүмкіндік туып отыр. Осылайша қаншама қаржыны үнемдейміз. Шетелде білім алу арзан емес екенін бәрі біледі. Бұл Қозыбаев университеті үшін де жақсы жаңалық. Отандық оқу орындары жоғары деңгейге ұмтылуы тиіс», - дейді Kozybayev university шет тілдер орталығының жетекшісі Қайрат Сапаров.
Аризона универсиеті әлемдегі – 150, Америкадағы ең үздік 40 университеттің қатарында. Білім ордасы бірнеше мемлекетпен әріптестік орнатқан. Биыл тізімге Қазақстан да қосылды.
«Қозыбаев университеті Аризона университетімен стратегиялық серіктестік жүргізеді. Бұл қазақстандық талапкерлер үшін үлкен мүмкіндік. Біріншіден, халықаралық үлгідегі қос дипломға ие болу, сұранысы жоғары мамандықты игеру. Сонымен қатар, Қазақстан мен АҚШ-тың жетекші профессорларының қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өткізетін сабақтарына қатысу мүмкіндігі бар», - деді Аризона университетінің стратегиялық бастамаларының директоры Рикки Салазар.
Қозыбаев университетінің студенттері үшін екі жатақхана салынуда. Келер жылы жаңа оқу-зертхана ғимараты іске қосылмақ.
«Біз Қазақстанның көптеген мектебіне барып, талапкерлердің Аризона университетімен қос диплом бағдарламаларына қызығушылығын байқадық. Қабылдау комиссиясына еліміздің әр өңірінен талапкерлерден қоңыраулар түседі. Халықаралық бағдарламалардың енгізілуімен Петропавл қаласы еліміздің түкпір-түкпірінен белсенді балаларды тартатын орталыққа айналатынына үмітіміз зор. Осының барлығы талапкерлеріміздің өңірімізде қалып біздің ЖОО-ны таңдау мүмкіндігін арттырады», - дейді Дәмел Мектепбаева.