Ауданның дамуына үлес қосқан ардагерлер марапатталды
Қарағанды облысы Нұра ауданында Ардагерлер қозғалысының 35 жылдығы салтанатты түрде аталып өтті деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Айтулы шараға облыстың және ауданның құрметті азаматтары, аудан әкімі Аян Шалмағамбетов қатысып, еңбек ардагерлерін марапаттады.
«Осынау жылдарда ардагерлер ұйымына топтасқан қазыналы қарияларымыз еліміздің сөгілмеуіне, Тәуелсіздіктің берік қалануына, жастардың жүрегіне отандық патриотизмді сіңіруге үлкен еңбек жасады. Бүгінгі күні ұйым еліміздің үлкен саяси күштерінің біріне айналды. Оның құрамына түрлі салада еңбек еткен зейнеткерлер, тыл еңбеккерлері мен Тәуелсіз Қазақстанды құруға ат салысқан ардагерлер кіреді. Қарттарға ықылас білдіру, қуаныш сыйлау – біздің халқымыздың дәстүріне терең орнығып, салт-санасына сіңген қасиет», - деді Нұра ауданының әкімі Аян Шалмағамбетов.
Құттықтау сөзден кейін аудан әкімі мен жиынның құрметті қонақтары Нұра ауданының дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлерін марапаттады. Олардың қатарында зейнеткер педагогтар, полицияға еңбегі сіңген азаматтар, кітапханашылар мен пошташылар да бар.
Қарағанды облысы және Нұра ауданының құрметті азаматы, қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов те осынау мерекелі шараға қатысып, ардагерлерді төл мерекесімен құттықтады.
Айта кетейік, бұл күні аудан ардагерлері мен облыстан келген қонақтар Нұра ауданының орталығында және Шахтерское ауылында болып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен кездесіп, ауыл тынысымен танысты.
Ардагерлер қозғалысынң 35 жылдығы еліміздің өзге де өңірлерінде аталып өтеді. Бұл жәй ғана мерейтой емес, мемлекет тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болып есептеледі. Қоғамдағы ардагерлердің, аға буын өкілдерінің еңбегін бағаламау мүмкін емес. Олар өндіріс пен қоғамдық өмірдің әр саласында ерен еңбек еткен қаһармандар. Бүгінгі таңда ардагерлер өз күштері мен мүмкіндіктеріне қарай, ауданның қоғамдық-саяси өміріне, жастарға патриоттық және адамгершілік тәрбие беру жұмыстарына да қатысуда.