«Қазақстан жаһандық жылынуға үлкен «үлес» қосып жатыр»: эколог аптап ыстық пен оның себептері туралы

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Қазақстанның оңтүстігіне бұрын-соңды болмаған ыстық келді

Бірнеше күннен бері Қазақстанның оңтүстігінде күн қатты ысып тұр: термометр көрсеткіші 56 градусқа жетіп, өңір тұрғындары тіпті асфальттің үстіне таба қойып, бірнеше минуттан кейін оған жұмыртқа қуырып жеген.

Аптап ыстық халықтың денсаулығына кері әсер етіп, қуаңшылыққа себеп болып жатқаны анық. «Қазгидромет» мамандары болса аймақтағы ауа температурасы 26 шілдеден бастап сәл салқындайды деп отыр. Оның өзінде, күндіз 35 градус шамасында ыстық болады.

«26 шілдеден бастап Түркістан облысында күндіз ауа температурасы сәл бәсеңдеп, +29+34º градусқа дейін түседі. Ал 29 шілдеден бастап, таулы аймақтарда аз ғана жаңбыр жауып, күн күркірейді», - деді Azattyq Ruhy тілшісіне ақпарат берген «Қазгидромет» мамандары.

Аптап ыстық пен жаһандық жылыну. Ал экологтар болса, Қазақстан жаһандық жылынуыға баяғыдан-ақ өз «үлесін» қоса бастады деген проблеманы көтеріп келеді. Экобелсенді, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай Түркістан облысы мен оңтүстік өңірдегі аптап ыстық сөзсіз жаһандық жылынудың белгісі дейді. Әлемнің осылайша аптап ыстыққа орануын тездетіп отырған экологтың пайымынша, ол парниктік газ.

Жаһандық жылынуға үлес қосып отырған әртүрлі парниктік газдардың мөлшері, 2020 жылғы дерек:

  • Көмірқышқыл газы – 76 пайыздан астам
  • Метан – 16 пайыздан астам
  • Оксид газы – 6,2 пайыздан астам

«Жаһандық жылынуды тездетін нәрсе – парниктік газ. Оған әсер ететін көмірқышқыл газы, яғни, СО2 қайдан шығады десек, ол әрине, бірінші – көмірден, екінші мұнай өндірісінен шығады. Сондықтан, мұнай мен көмір өндіретін ел ретінде Қазақстан әлемдік жылынуға өте үлкен үлес қосып жатыр», - дейді Азаматхан Әміртай.

«Байтақ даланың» өкілі Қазақстанда ауаға метан мен көмірқышқыл газын миллион тонналап шығарып жатқан компанияларды атады. Ол әрине, «Арселормиттал», «Қазмырыш», «Қазақмыс», «Қазхром», «ҚазМұнайГаз», «Қашаған, «ТШО» компаниялары сияқты мұнай саласындағы «монополистер».

«Бұл туралы, яғни мұнай мен көмір өндірісінің жаһандық жылынуға қалай әсер етіп жатқаны туралы проблеманы экологтар көп көтереді. Алайда парниктік газдар көлемін азайтудың орнына, көбейтіп жатыр. Оған ең бірінші Экология министрлігі жауапты, бұл компанияларға не үшін және қалай квота беріп жатқаны түсініксіз. Парниктік газдың көлемін азайтуға болады. СО2 азайтатын жаңа технологиялар пайдалансын, көмірден басқа энергия көздерін іздесін», - дейді эколог.

Жаһандық жылынудың Қазақстандағы анық көрінісі ретінде эколог жазда жаңбыр, қыста қар жаумайтын Жылой ауданы туралы айтып берді.

«Мәселен, Атырау облысының Жылой ауданын алайық. Жылыой ауданының 70 мыңнан астам тұрғыны бар. Ауданда «Теңізшевройл» компаниясы жұмыс істейді. 30 млн тонна мұнай өндіреді, яғни ауаға метан шығарып жатыр. Ал сол Жылыойда жаһандық жылыну бұрыннан басталып кетті. Ол жақта баяғыдан-ақ жазда жаңбыр, қыста қар жаумайды. Жаздыгүні күннің ыстығы 56 градусқа дейін жетеді, мұндай ыстыққа адам күйіп кетеді», - дейді эколог.

Азаматхан Әміртайдың сөзіне сүйенсек, аудан тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы 60 жастан аспайды.

Баса айта кетерлігі, Azattyq Ruhy осыған дейін жазғандай, Атырау облысында жұмыс істейтін және сол жердің жер қойнауын пайдалану үшін жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға инвестиция төлейтін ең ірі компанияның бірі – «Теңізшевройл» өзінің әлеуметтік-экономикалық жобалары туралы ақпаратты жасырын ұстайды.

Экологтың пікірі мен осының алдындағы материалды негізге ала отырып, біз Атырау облысы мен Жылыой ауданының әкімдігінен осы мәселеге қатысты сауал жолдадық. Жауаптары қосымша жарияланады.