«Өмір мен өлім арасында жүреміз»: балықшылар зейнет жасын төмендетуді сұрады

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

27 маусым – Халықаралық балықшылар күні

Балықшылар зейнет жасына жетпейді. Қыстың қақаған аязында мұздың астына ау құрса, жылдың қалған мезгілінде асау толқынмен алыса жүріп, тонналап балық аулайтын балықшылар бейнеттің зейнетін көрмейді. Балықшылардың сөзінше, ғұмырын көл мен теңізге арнаған адамдардың көбі 63 жасқа жетпей өліп кетеді. Алматы облысында бір топ балықшы зейнет жасын төмендетуді сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Олар бұл мәлімдемені, зейнетке шыққанына бір ай ғана боған әріптестерін ақтық сапарға шығарып салу кезінде айтты.

«Басқа жұмысқа қарағанда бұл сала өте қауіпті. Жаныңды шүберекке түйіп жүресің. 160 үй бар ауылда. Бәрінің осындай жеке қайығы бар. Бәрі балықпен күн көреді. Бірі ауласа, енді бірі оны тұздайды, қалаға өткізеді, балық өңдейтін зауытқа жібереді. Мал бағып, егіншілікпен айналысатын адам жоқ. Ата кәсібіміз осы – балық. Жасы да, кәрісі де нәпақасын көл арқылы табады. Балықшылар үшін аса қауіпті мезгіл – қара күз. Мұз қата бастағанда, дауыл соққанда жүздеген метр ауды құрып, оны жинау – нағыз сынақ», - деді 40 жыл балық аулаумен айналысқан Шәмші Шармедеуов.

Балықшының сөзінше, айдынға бірге шыққан талай құрдасы мен танысы бақилық болған. Ау құрам деп ажал құшқан балықшылардың қайығын жел аударып тастайды. Күнде кездесетін қауіптен құтылғанның өзінде, бейнетті көп тартқан балықшылар ұзақ ғұмыр кешпейді деп санайды осы саланың иелері.

«Өзіміздің сүйікті ісіміз болған соң теңізге келгенше асығып тұрамыз. «Балықшы – күнде арманда»  деген өз арамызда тәмсіл бар. Құрған ауды жинауға асығып тұрамыз. Балықтың ауға түсуін қашанда алаңдаймыз. Балық аулап жүргеніме биыл тура 40 жыл болды. Осы балықтың арқасында жанұямызды бақтық, бала-шағамызды оқыттық. Тағдырымыз теңізбен тікелей байланысты. Ауа райының құбылмалы болған күндеріне алаңдаймыз», - деді балықшы.

Алматы облысында табиғаттың құбылмалы ауа райына қарамай балық аулайтын бүтін бір ауыл бар. Көлді ауылында тұратын жұрттың ата кәсібі – балықшылық. Өмірін балықпен байланыстырған тұрғындардың арғы аталары да осыдан жүз жыл бұрын балықшы болыпты. Арал теңізі тартылып, табыс табудан тарыққада бүтін бір ауылды мемлекет Қапшағайдың жағасына көшірген. Одан бері де жарты ғасыр өткен. Қапшағай су қоймасы арқылы күн көрген Көлді ауылының халқы Алматыға ғана балық тасып қоймай, Еуропаға да экспорттайды. Сөздерінше, Қапшағайдың көксерке балығы батыс елдерінде сұранысқа ие.

«Балықтың жақсы ауланатын уақыты – күз бен көктем. Әсіресе көктем мезгіліне арнайы дайындаламыз. Міне тағы бір әріптесіміз өмірден озды. Зейнетақысын бір рет қана алып үлгерді. Балықшылардың көбі зейнет жасына жетер-жетпестен қайтыс болып кетеді. Өйткені үнемі қатал табиғатпен жұмыс істеу қиын. Су өтеді, суық өтеді. Қауіппен үнемі бетпе бет алысу жүйкеге де, жүрекке де салмақ.

Осыдан бірнеше жыл бұрын құрдасымыздың қайығы аударылып, жанындағы жолдасымен бірге көлге батып кетті. Қасында жүрсек те Шәмілді құтқара алмадық, 8 баллдық дауылда Шәміл серіктесімен бірге су кетті. Екі жыл бұрын өзіміз дауылмен алысып әрең жағаға шықтық. Біреуінің денесін алты, ал екіншісін сегіз күннен соң таптық. Екі жылдан кейін Орынбек деген жігіт кетті. Көлді ауылынан талай адам суға батты... Ондай оқиғалар өте көп. Зейнет жасын төмендетсе, тым болмағанда балықшылар бес-он жыл бейнетінің зейнетін көрер еді», - деді балықшы Бүркітбай Дүйсенбаев.

Ол сөзін жалғай отырып, балықшының жұмысы өте қиын екенін айрықша айтып өтті.

«Ауылдың қасында жекеге өтіп кеткен балық шаруашылығы бар, соны үкімет өз қарауына алса, мына мың гектар жердегі жүздеген тоған жұмыс істер еді», - деп Бүркітбай Дүйсенбаев проблеманың тағы бір шетін шығарды.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері немесе табиғаттың тыныштығына жауапты инспекторлар зейнетке ерте шығады. Елеусіз ғана көл бетінде күн кешкен кәсіби балықшылар республиканы балықпен қамтамасыз етеді. Бірақ оларға ешқандай жеңілдік жоқ. 63 жасқа жеткенше ау құрып, асау толқындармен алысу ажалмен ойнау, деп санайды балықшылар.

«1900 жылдары да аталарымыз Арал теңізінде балықшы болыпты. Әкемде 9-10 жасынан бастап балық аулауды бастаған. Тіптен кәсіби балықшы болғандықтан оларды Отан соғысына да алмаған. Балықшы бабалардың ұрпағымыз. Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрлігінің бастамасымен Көлді ауылына халықты 1976 жылы көшірген. Осы Шелек аңғарында ел көлеміндегі ең үкен тоған болған. Мың гектардан асатын жерде жүздеген тоған болды. Соны дамытып, балықшылық кәсіпті осында үйретсін деп әкелген.

Балықшы болу өте қиын кәсіп. Өлім мен өмірдің арасында жүреді. Дауылды боран, қар мен жаңбырлы желде жердің үстінде емес, судың бетінде жүреді. Табаны жерге тимеген жерде жұмыс істеу қашанда қиын. Бұл мамандықты кез келген адам игеріп кете алмайды, атадан балаға берілетін кәсіп. Балықшы болуды үйрететін мамандық та жоқ. Көлдің, теңіздің жағасындағы ауылдар және арнайы шаруашылықтың адамдары ғана осы кәсіппен айналысады. Балықшылардың зейнет жасын төмендетсе, тым болмағанда 55-ке түсірсе, ол қиын болса 58 жастан кейін зейнетке шығатындай етсе жақсы болар еді. Бейнетіміздің зейнетін аз да болсын сезінер едік», - деп Балық шаруашылығының директоры Жадырасын Әлімбетов ойын білдірді.

Айта кетейік, ауыл тұрғындары жылына 250 тоннаға дейін балық аулап, сатады. Мұндағы жұрт түгелдей балық аулаумен айналысқанмен, ресми түрде тіркелген 4 кәсіпкер ғана бар.